Білім • 19 Қыркүйек, 2024

Оқушыларды жігерлендірген жүздесу

83 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейінде белгілі дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Сайлау Батырша-ұлымен кездесу өтті. «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды іс-шарада ғалым оқушылармен сыр-сұхбат құрып, жиын соңында 200-ге жуық кітап қорын мектеп музейіне табыстады.

Оқушыларды жігерлендірген жүздесу

Жиын барысында С.Батырша-ұлы тәуелсіздік алар тұстағы, тәуел­­сіздіктен кейінгі тартысты дип­ло­­матиялық қыз­метінен сыр шерте оты­рып, ұлттық құн­дылық тақыры­бын­­да әңгіме өрбітті. Сонымен қатар Б.Момышұлының май­дандағы ерлік­терінен бөлек, оның тілге, ұлттық мәде­ниетке сіңірген еңбектерін оқу­шы­ларға әсерлі баяндады.

«Қазақ халқының тарихында батыр­лық, намыс деген киелі ұғымдардың алар орны ерекше. Әрдайым ел үшін күрескен, Отанын қорғаған тұлғалар­дың арқасында халықтар мен мемлекеттер өркендеген және сақталып келеді. Ержүрек Бауыржан Момышұлы солардың қатарына жатады. Менің Баукеңмен танысуым Орта Азия мем­лекеттік университетінде оқып жүрген студенттік шағымнан басталды. 1960 жылы Ташкент педагогика­лық институтының үлкен акт залында екі мыңнан астам қазақ жастарымен кездесу өтті. Онда Б.Момышұлы Қазақстан­да құрылған, генерал И.В.Панфи­лов бас­қарған дивизияның Мәскеу үшін шай­қастағы ерлігі туралы айтып берді. Баукең өзі туралы емес майдандас жа­уынгерлер туралы баяндады. Студент жастар ықыласпен қарсы алды. Ме­нің алғашқы алған әсерім – сырт айба­рына қарағанда, ол кісі қатал мінезді, көп сөй­лемейтін, ашылмайтын адам ретінде көрінді. Бірақ уақыт өте келе, Алматы­да жиі араласып, сұхбаттасқанымыз­дан кейін ол кісінің өзім деген пікірлес адамдармен, әңгімелесуге тұратын кісілер­мен ашық та адал сөйлесетініне көзім жет­ті», деді С.Батырша-ұлы.

Мемлекет мүддесі, қазақ тілінің тағдыры, ұлт болашағы сөз болған жүз­десуде орыс сыныбының оқушылары да бел­сенді қатысып, көкейкесті сауал­дарын қойды. Мәселен, Нұрай есімді оқушы Б.Момышұлының көпшілік біле бермейтін ерлігі туралы сұрады.

«Біз көбінде Баукеңнің әскери ер­лігін, жазушылық қабілетін, ол кісі­нің шыншылдығын, әділеттілігін айтамыз. Бұл – дұрыс. Сонымен қатар қазақ халқының аты-жөнін жазудағы дәстүрлі ерекшелігін сақтап қалу үлгісін, ұлттық сана-сезімін көтерудегі еңбегін атап өту керек. Мәскеудегі әміршіл-әкімшіл билік бір ұрпақтың өмірінде қазақ халқының әліппесін үш рет өз­гертті. Сонымен қатар қазақтардың басқа Шығыс халықтары секілді атам заманнан келе жатқан ататек атауларын жойып, барлық Орта Азия респуб­ликасы халықтарының фамилиясына «-ов, -ев, -ова, -ева», отчество қылып «-ич, -евич, -евна, -овна» жұрнақтарын күштеп жалғап берді. Баукең оқыған-тоқығаны терең болғандықтан, ол әр халықтың өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалу құқығын қорғады. Сөйтіп, түркі халықтарын орыстандырудың жо­лына қарсы шықты, дәстүрлі аты және әкесінің атынан құрылатын атауын сақтап қалды (Бауыржан Момыш-ұлы – бұрын осылай жазылған). Осы мәселе туралы әңгімелескенімізде, Баукең өзінің дәстүрлі аты-жөнін сақтап қалудағы көп әрекетін және қудалауға түскенін айтып берді. Барлық қысымға қарамастан, қазақ халқы екенімізді көрсете білетін «ұлы» дегенді қалдыруы ол кісіге оңай тимеді», деді С.Батырша-ұлы.

Шарапатты іс-шараның ұйымдас­тырушысы, «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Сат­тар­қызының айтуынша, осындай кезде­сулердің оқушыларға берері мол.

«Біз «Ұлағатты ұрпақ» жобасы аясында мектептерде белгілі тұлғалармен жүздесу ұйымдастырамыз. Мақсаты­мыз – жас ұрпақты отансүйгіштікке тәр­биелеу, олардың бойына ұлттық құн­­­дылықты сіңіру. Сайлау ағамыз да Бауыржан Момышұлымен алғаш осындай кездесуде жолыққан. Тұлға­лар­дың бірауыз сөзі оқушылардың таң­дауына әсер етіп, өмірін өзгертуі бек мүмкін. Бүгінгі ұйымдастырған іс-ша­рамызда отыз баладан бір бала әсер­леніп, рухта­нып қайтса, біздің жетіс­тігіміз сол. Алдағы уақытта Сай­лау ағамыз сынды өмірде көргені мол, ай­тары бар тұлғаларды студенттер­­мен де жо­лықтырып, сыр-сұхбат ұйымдас­тыру жос­п­арымызда бар», деді Тұрар Саттарқызы.