Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2024

«Тұмар» тұрғындарының қоныстойы

134 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Арқалықта көктемгі су тас­қы­нынан зардап шеккендерге арна­лып салынған көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа үйге Арқалық қаласы­нан – 19, Амангелді ауданынан – 17, Жангелдин ауданынан 14 отбасы қоныстанды.

«Тұмар» тұрғындарының қоныстойы

«Тұмар» деп аталған тұрғын үй кешенінің ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов пен осы үйді бір жазда салып шыққан «Bazis» құрылыс компаниясының басшысы Павел Белович қатысты.

Су тасқыны кезінде өңірге арнайы келіп, ел жағдайына қаныққан Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет бас­панасынан айырылғандарды далада қал­дырмайтынын, алайда бұл іске ірі бизнес өкілдері де белсенді атсалысуы керек екенін қадап айтқан. Кәсіпкерлерді әлеуметтік жауапкершілікке үндеген Мемлекет басшысының осы сөзінен кейін-ақ «Bazis» компаниялар тобы өзіне қарасты «ОзатҚазҚұрылыс» серіктестігін бас мердігер етіп бекітіп, Арқалықтағы Шақшақ Жәнібек көшесінің бойынан 5 қабатты үйдің құрылысын бастап кеткен. Құрылыс жұмысы мерзімінде аяқталып, үй дайын болған қыркүйек айының үшінші күні Әнуар Боранбаев атындағы кинотеатрда ойнатылған жеребе арқылы үшінші, төртінші, бесінші қабат тұрғындары өздеріне бұйырған пәтерді анықтап алды.

па

Ал бірінші, екінші қабатқа көпбалалы, үйінде жетпістен асқан қариясы бар отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандар орналасты.

Әдетте бес қабатты үйлерде лифт болмайтын еді, ал бұл үйде лифт жұмыс істеп тұр. Кіреберіс есіктеріне бейнешақырғыш құрылғы орнатылған. Айналасы абаттандырылған. Әдемі аллеясы, балаларға арналған ойын алаңы, көлік тұрағы бар. Пәтерлердің бәріне асүйге керек техника, тоңазытқыш, жиһаздар орнатылған.

Тұрғындарға пәтер кілттерін тапсыру рәсімінде қоныс иелерін облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов құттықтады.

«Көктемгі табиғи апат халыққа едәуір материалдық шығын келтірді. Алғашқы кезекте тұрғын үй инфрақұрылымы зақымданды. Мемлекет басшысы тұрғын үй мәселесін тез арада шешуді тапсырды. Қалыпқа келтіру жұмыс­тары дереу қолға алынды. Облыс бойынша барлығы 1 283 үй за­қым­данды, оның ішінде 468 үй қалпына келтіруге жатпайды. 815 үйді жөндеу қажет болды. 315 отбасына дайын тұрған үйлер сатып алынды. 153 отбасы өздері жеке тұрғын үй салып аламыз деп шешті. Бүгінгі таңда үй сатып алу, салу және жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтадық. Дәл қазіргі таңда 468 отбасының жаңа, жайлы баспанасы бар. Қоныстанушылар бұрынғы тұрғын үй жағдайларын едәуір жақсартты. Біз мемлекет пен қоғамдық қорлардың бірлескен жедел күш-жігерінің нәтижесінде ғана осындай қуа­нышты күнге жетіп отырмыз. Ең бастысы, қиын-қыстау кезеңде жұрт болып жұмылып, ынтымақ пен бірліктің үлгісін таныта білдік. Мұның бәрі елімізде ұйымшыл, мейірімді, жанашыр азаматтар көп екенін көрсетті. Бүгін міне, сіздердің алдарыңызда тұрып, табиғи апаттың салдарын жойдық деп нық сеніммен айта аламыз», деді А.Әбенов.

па

Салтанатты рәсімде қуаныш иелерінің атынан Жангелдин ауданына қарасты Албарбөгет ауылының бұрынғы тұрғыны Еркін Досбергенов ризашылығын білдіріп, абыз ақсақал Мұхтар Ходенов ақ батасын берді. Дәс­түр­ге сай шашу шашылды. Аз күнгі қиындықты ұмытқан ағайын арқа-жарқа болып, бірін-бірі құттықтасып жатты.

Баспаналы болғандардың ішін­де кешегі жойқын тасқынды бірінші болып қарсы алған Қызылжұлдыз ауылының тұрғын­дары да бар. Табиғи апат, әсіресе осы ауылға аса ауыр тиді. Бүгінде қызыл­­жұлдыздықтардың дені Арқа­лық қала­сында мемлекет бер­ген жайлы баспанада тұрып жатыр.

«Кешегі тасқын судан зардап шек­кен отбасыларына Пре­зи­д­ентіміз қамқорлық жа­сап, пәтермен қамтамасыз етіп отыр. Ел атынан зор риза­шылығымызды білдіреміз. Бүгін міне, өз пәтері­міздің кілтін алып, ерекше көңіл күйде, толқып тұрмыз. Өзіме де, балама да жаңа үйден пәтер беріп жатыр. Қуанышымызда шек жоқ. Қиын кезеңде далада қалдырмай, кө­мек жасаған ел басшыларына ризашылығымызды білдіреміз. Үй жақсы, жайлы. Көңілімізден шықты. Құрылысты жүр­­гізген компанияға да шын жүре­гіміз­ден алғыс айтамыз», дейді Қызылжұлдыз ауылының бұ­рынғы тұрғыны Дүйсенбай Белгібай.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы