Келмеске кеткен кеңес дәуірінде ұлттық салт-санамызбен бірге тоғызқұмалақ ойынының да тарих сахнасынан ығысқаны рас. Абайдың өзі ынтық болып ойнаған ұлттық ойын зерделілік және зияткерлік белгісі ретінде бертін келе бой көрсете бастады. Бұған кейде арамызда жүрген ағалардың да үлкен әсер еткенін ескерген ләзім. Ұлттық ерекшелікті танытып, тоғызқұмалақтың кең қанат жаюына үлес қосып жүрген жандардың бірі Назым Күзембай десек артық емес. «Құрметті спорт қызметкері», тоғызқұмалақтан республикалық төрешілер қауымдастығының мүшесі Назым Баянұлының тоғызқұмалақпен таныстығы еліміз егемендік алған мезетте, сонау дүбірлі тоқсаныншы жылдардың тұсында басталады.
Өзіне де, өзгеге де талапшыл ұстаз 1992 жылы Алматыға сапар шегіп, сондағы апа-жездесінің үйіне қонаққа барады. Кейін өзі еске алатындай, туыстық көңілдің шуағына бөлене жүріп, ауылдан аттанарда ойына алған шаруасының түйінін тарқатады. Шыңғыстау даласындағы тоғызқұмалақ ойынының тасқа қашалған тақтасын көргенінде «тарих қойнауынан жеткен тағылымы терең өнерді қолға алсам, жастарды ата-бабалар ойынына баулысам» деген ой жүрегінің төріне қонақтайды. Алайда, бұл үшін, ең алдымен, ойынның тақтасы мен тастарын тауып алу керек еді. Тәуелсіздікке қолымыз енді жеткен елең-алаң шақта іздегені аса қат зат болып шығады.
Тоғызқұмалақ тақтасы қастерлі қоныс Қарауылдан да, іргедегі Аягөз бен Семейден де таптырмай, көздеген мақсатына жетуіне кедергі болады. Ақырында іздеген дүниесі апа-жездесінің үйінен табыла кетіпті. Мұны тоғызқұмалаққа қызығушылық танытып, дүкеннен сатып алып жүрген жиені көрінеді. Ұстаздың жерден жеті қоян тапқандай қуанғаны күні-бүгінге дейін есінде. Бірақ ойға алған ісін тиянақты жүзеге асыруға ойын тақтасының кемінде 10-15 данасы керек болатын. Сондықтан келесі күні-ақ қызметтегі апа-жездесінің тапсыруымен және жиендері Берік пен Самалдың бастауымен «Қайрат» спорттық дүкені ашылар-ашылмастан алғашқылардың қатарында сауда жасап, тоғызқұмалақ тақтасын қолына түсіреді. Отбасының үлкендері бауырларының қос қоржын толы олжасының салмағын сол кездерде жете түсіне қоймағаны түсінікті де болар. Жұмыссыздық жайлаған тоқсаныншы жылдардың тоқырауында ұлттық ойынды түгендеу түгілі, бала-шағасын бағып-қағудың қиынға соққаны мәлім.
Сонымен елге жете салысымен Назым Баянұлы Қарауыл гимназиясы басшылығының қолдауымен алғашқы тоғызқұмалақ үйірмесін ұйымдастырады. Бірге өсіп-ержеткен талапкер әрі табанды бауырларының бастамасының табысты боларына оның ата-анасы Баян әкей мен Тәслима шешей де, аға-апалары мен іні-қарындасы да сенім білдірді.
«Назым бала күнінен спортқа жақын, ерекше жанкүйер болды. Өзіміз жазғызып алатын бүкілодақтық, республикалық спорт газеттерін ол да қалт жібермей, қызыға оқушы еді. Тіпті баспасөзден оқығандары мен теледидардан көргендерінің әсерімен 7-8-сыныптарда оқып жүрген кезінде жолдас балаларын хоккей ойнайтын мұз алаңын құюға шақырған еді», дейді тоғызқұмалақ шеберінің ағасы Базар Баянұлы.
Назым Күзембай жастайынан дойбы мен шахмат ойындарын меңгерді. Осы тұста қолы қалт еткенде ұл-қыздарын шаршылы тақтадағы ойынға баулып, өзара жарыс ұйымдастыру арқылы ұрпағының мәре-сәре сәтін тамашалауға құмар ата-ана еңбегін де айтқан жөн. Кейіпкеріміз үстел ойындарын шапшаң үйренуіне оның математика пәніне алғырлығының да көмектескенін ардагердің құрбы-құрдастары жақсы біледі. Ол тоғызқұмалақ тақтасына қолы жете салысымен ойын ережесіне мұқият ден қойып, оның қыр-сырына үңіледі. Жаңа шаруаның төрт аяғынан тең тұрып, қаз басып кетуінің қашанда оңай емесі мәлім. Ең алдымен үйірмеге жиналған алғашқы он шақты балаға тәлімгерлік етіп, әрбір дәрісіне алдын ала тыңғылықты дайындалады.
Осылайша, Назым Баянұлы 1997-2008 жылдары Абай ауданының орталығы Қарауыл гимназиясында тоғызқұмалақтан дәріс береді. Содан бері аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан аға жаттықтырушы болып жемісті еңбек етіп келеді. Ширек ғасырдан астам уақыт бойғы талмай атқарған ұстаздық қызмет өз алдына, тәлімгер аға тоғызқұмалақтан аудандық жарыстар ұйымдастыруды қолға алады. Шебер ойыншылар тәрбиелеп, олардың облыстық және республикалық жарыстарға белсене қатысуына ұйтқы болды. Бүгінде тоғызқұмалақ ойынының еліміздегі танымал мамандарының бірі Назым Баянұлы маңызды ойындарға өз шәкірттерін бастап барып жүргені жерлестеріне жария дүние.
Міне, соның нәтижесінде ол кісі Абай елі жастарының республиканың қиыр-қиырына жол тартып, жүздеген шақырымдық іссапарлардан жеңіспен оралып, ақын аулының мәртебесін асыруына тікелей мұрындық болып жүр. Назым Баянұлының ұстаздық тағылымын тыңдап, әкелік қамқорлығын сезінген, тоғызқұмалақ ойынында оза шауып бәйге алған Алуа Қимадиева, Нұралы Қайратұлы, Расул Қожағұл, Мансұр Зият, Абылай Мерей, Жанерке Рымханова, Ажар Қайсаханова, Аңсаған Серікқызы, Серікбай Қимадиев, Аслан Әсетов, Ерасыл Дулатұлы, Әмина Әлемқызы, Аружан Кеңесбек, Ақбота Кеңесбекова, Айым Құралбекова, Бағнұр Оралқанов, Фатима Әлемқызы сынды жас өрендерді атауға болады. Бұған қоса өзінің қыздары Жайнар, Нұрайым мен Айзада да әке жолын жалғап, тоғызқұмалақтың шебер ойыншыларына айналған. Мәселен, Жайнар еліміздің Жасөспірімдер спартакиадасының күміс жүлдегері, Жасөспірімдер чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы. Қарап отырсақ, ұлттық өнерді ардақ тұтып, адал еңбегінің жемісін көріп отырған Назым Күзембайдың атқарған шаруасы ұшан-теңіз. Қазір спорт саңлағы тоғызқұмалақ ойынын жетік меңгерген, кезекті жаңа буынды баулуға кіріскен.
Жалпы, данышпан Абай заманында да ақынның айналасынан інісі Ысқақ, көршісі Көрпебай және Құттықожа, Құдайберді, Смағұл секілді шебер ойыншылар шыққан көрінеді. Олар да кезінде тоғызқұмалақ тақтасын өздерімен бірге ала жүріп, ел-елді аралап, бәсеке көрігін қыздырады екен. Ұлттық ойынды ұлықтап, дәуір көшінен жеткен дәстүрді дәріптеген Назым Күзембайдың шәкірттері әлі талай жарыстарда оза шауып, бәйгелі болары сөзсіз. Тоғызқұмалақ халық ішінде даланың ақыл-ой есебіне теңеледі. Сол тұрғыда «көшпелілер алгебрасы» алғырының абыройы алдағы күнде шәкірттерімен бірге аспандай береріне сенеміз.
Абай облысы