Зерде • 20 Қыркүйек, 2024

Бауыржан Момышұлы: Мен халқымның ұлымын!

159 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлынан мерекелiк нөмiрге сұхбат алу жоспарланды. Даңқты полковникпен бетпе-бет кездесуге ешкiм өздiгiнше тiлек бiлдiрген жоқ. Жiгiттер ақыры маған тоқталды. Бұл сенiмге iштей қуансам да, көңiл қобалжулы едi.

Бауыржан Момышұлы: Мен халқымның ұлымын!

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тәуекел. Баукеңнiң үйiне ­телефон соқтым. Өзiмдi таныстырып, алдағы келе жат­­қан Жеңiс күнiмен құттықтадым. Одан ­соң газетке сұхбат беруге келiсуiн өтiн­дiм.

– Сен менен сұхбат алғың келе ме? – деген Баукеңнiң гүрiлдеген даусы естiлдi.

– Иә, иә.

– Онда тез жет, егер тез жетпесең айнып қалуым мүмкiн.

Мен Баукеңнiң үйiнiң адресiн сұрадым.

– Мәссаған, тағы да сұхбат алғың келедi, – дедi кекесiндi үнмен. – Тыңдап ал! Одан соң үйге қалай келетiндiгiмдi түсiндiрдi.

Мен Баукең дәл қазiр шақырады деп ойлаған жоқ едiм.

Шындығын айтсам, бұл кiсiмен кез­десуге дайын емес едiм. Әңгiменi не төңi­регiнде өрбiту керектiгiн де ақылдас­пағанбыз. Мiне, табан астынан кездесуге баруға тура келдi. Редак­циядағы­лар менi Баукеңе емес, май­данға аттанған­дай шығарып салды.

Екi өкпемдi қолыма алып, қазіргі Төле би мен Наурызбай батыр көше­лерi­нiң қиылысқан жерiндегi Бау­кеңнiң үйiне де жеттiм. Пәтерге кiр­дiм. Баукең төргi бөлмеде таңертеңгi шайын iшiп отыр екен. Менi салқын­қанды, сұс­тана қарсы алып, қолының ұшын ғана бердi. Үстiнде – қарапа­йым ғана қара шекпен. Ал Баукеңнiң өткiр көздерi өңменiмнен өтiп барады. Сұрғылт тартқан мұрты тiкiре­йiп, тура мiне, мiне маған қарай атылатын сияқты.

– Әлгi телефон соққан бала сенсiң бе?

– Иә, иә.

– Мына жерге отыр.

Баукең төрдегi мамық орындықты нұсқады.

– Апа, мына балаға көже берме, тек қана шай бер, – дедi (Әйелiнiң шешесi бірге тұрады екен).

Әже маған шай құйды.

– Қағаз, қаламдарыңды ал. Сұрақ­та­рыңды қой. Мен дайынмын.

Мен қойын дәптерiмдi алып, жазуға ыңғайлана бергенiмде:

– Журналист, ыхм, қағазың жоқ, қа­лай жазбақшысың? – деп Баукең мыс­қылдай сөйледi. Одан соң орнынан тұрды да, көршi бөлмеден отыз шақты парақ ақ қағаз әкелiп бердi.

– Бауке, балалар ерлiк жасағысы ке­ледi. Бейбiт күнде қандай ерлiк жа­сауға болады? – Бұл менiң алғашқы сұрағым едi.

Баукең менiң бұл сұрағыма онша риза болмады бiлем, бiраз бұрқанып алды да:

– Ерлiк аспаннан түспейдi. Ерлiктiң әр түрi бар. Еңбектегi ерлiк соның бiр түрi, – дедi.

– Жалқаулар арамызда әлi де кез­деседi. Содан кейiнгi бiр ерлiк бар. Мен ойлаймын, бәрiнен жоғары сол ерлiк – семьядағы ерлiк. Әкеңдi, шешеңдi сыйлай бiлу де ерлiк. Кейбiреулер сый­ла­майды. Жұбайының қадiрiн бiлу, бала­ларды өсiру, тәрбиелеу – ол да ерлiк. Баланы тәрбиелей бiлу әркiм­нiң қолынан келе бермейдi. Қазақта бiр тамаша мақал бар: «Ұяда не көрсең, ұш­қанда соны ілесің», «Тектi жердiң баласы» деген. Бүгiнгi күннiң ерлiгi осы...

Мен Баукеңнiн балалық шағы туралы айтып беруiн өтiндiм.

– «Жетiге келгенше бала жерден таяқ жейдi» деп тегiн айтылмаған ғой. Сол жетiге толған күнi өрен аяғын жерге нық басты деп санайды. Аза­маттыққа аттанар жолдың алғашқы қадамы да осы жерден басталса керек... Ал өз балалық шағым туралы кiтабымда толық жазғанмын. Содан оқып аларсың. Тағы сұрағың бар ма?

Қапелiмде нендей сұрақ берерiмдi бiлмей кiдiрiңкiреп қалдым. Баукең сөзiн қайта жалғап кеттi.

– Мен сау сиырдың боғы емес­пін. Саған сырымды айтып отырмын. Қызық­сыз болса, өзiң бiл. Айтпай-ақ қоямын.

– Жо-жоқ, Бауке.

– Менiң жасым биыл 68-ге кетiп бара жатыр (Бұл 1977 жылдың 3 мамыры едi). Соның 25 жылын әскер қата­рында өткiздiм. 25 жыл солдат болдым, – дедi сөзiн жалғастырып. – Сол жылдар iшiн­де 207 рет ұрысқа қатыстым. Любая шальная пуля может убить не только сол­дата, но и генерала. Менi атты. Жау сол­даттары да атуға мiндеттi. Менiң өте жо­лым болды. Жетi рет жарақаттандым. Қай­тадан соғысқа кiрдiм. Сау-саламат қайт­тым. Жасыратыны жоқ, жас кезiм­де оларды байқамаппын. Қазiр сол оқтар «помнишь, старик!» деп қояды. Бұл бiр қорлық екен. Оқ тигенi рас, жа­рықшақтың тигенi рас, «не помню» деп айтуға аузым бармайды. Сондағы жарықшақтар күндiз-түнi мазалайды...

Баукең орнынан тұрып, бөлмеде ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Ас та iшiлмей қалды.

Менiңше, ол кiсi бұрынғысынан да сұстана, қайсарлана түскен сияқты.

– Менiң Бақытжан Момышұлы деген ұлым бар. Өзi журналист, жазушы. Кiтабы шыққан. Жұрттар маған оны тамаша аудармашы деп мақтап та жүр. Шынымды айтсам, қарағым, Бақытжанның бiр кiтабын да оқыған жоқпын. Неге дейсiң ғой. Туған балаң не ойламайды дейсiң? Оқысам, жақсы жерiн мақтап, жаман жерiн жамандап, пiкiр айтуым керек қой. Сол екеуiнен де аулақ болайын деп ойладым. «Басқа ешкiм емес, папам айтты» деп ойлап қалмасын деп.

Менiң бiр үлкен кемiстiгiм бар: Өзiм­дi-өзiм жазушы деп есептемеймiн. Өйт­кенi ешқандай әдеби бiлiмiм жоқ. Мамандығым – инженер, инженер-құрылысшы. Дипломымның бар еке­нi рас. Бiрақ та инженер жағын­да тәжi­рибем жоқ. Жұмыс iстеуге сәтi түспедi. Менi солдатқа алып кет­тi. Аларын алды да, босатқан жоқ. 25 жыл ұстады. Ши­рек ғасыр. Оның бі­раз жы­лын соғыста өткiздiм. Қатар­дағы жауынгер болғаным рас, ефрей­тор, сержант болғаным да рас. Кiшi лей­тенант, лейтенант, аға лейтенант, капитан, майор, подполковник, полков­ник болғаным рас. Бұл жағынан жаман­ды-жақсылы тәжiрибенiң бар екенi рас. Мен бiлiмдi әскери қызметкермiн. Бiр емес, екi жоғары бiлiмiм бар. Фрунзе атындағы әскери академия, содан кейiн Бас штабтағы жоғары академияны бiтiрдiм. Сол академияда бес жыл аға оқытушы болдым. Профессор атағын алдым. 6 лекция жазып, жоғары тактика және оперативтiк өнер пәнiнен сабақ бердiм. 5 жыл. Мен шаршадым. 13 жыл генералдық қызметте жұмыс iстеппiн.

Бiрақ...

Баукең қалшылдап кеттi. Сәлден соң сiрiңке жақ деген белгi бердi. Мен ақса­қалдың сөнiп қалған темекiсiн тұтаттым. Баукең ұзақ үнсiз отырды.

– Мен Совет үкіметіне ренжімей­­мін. Аға лейтенант кезімде партия қата­рында болмасам да полк командир­лі­гіне тағайындады. Менен басқа шені үлкен – майор, полковниктер толып жүрді. Ал 33 жасымда 9 гвардиялық дивизия­ның коман­дирі болдым. Менен басқа пол­ковник, генералдар көп еді. Бірақ жо­ғары сенім маған ғана жүктелді. Одан соң ­Бас штабтың академиясына қабыл­дан­дым. Сабақтарды нұқыл беске оқы­­дым. Бітірген соң Сібірге жіберді. Онда екі жыл бригада басқардым. Мәс­кеу­ге шақыртты. КСРО Қорға­ныс министрі­нің бірінші орынбасары, Бас штаб­тың бастығы, кеңес ода­ғының маршалы Васильевский­дің қабылдауында болып, академияға жұмысқа қабылдандым...

Баукең осы бір сөздерді айтты да терезенің жақтауына жақындап, алысқа – Алатау жаққа көз жүгіртті. Үнсіз ұзақ тұрды. Дәл сол сәтте Баукең маған қазақ­тың қарапайым шалындай көрінді. Ол маған бұрылып, от шашқан жанарын өңменіме қадағанда ақсақалдың жүзінен батылдықтың, даналық пен даралықтың сәулесін сезгендей күйде болдым.

Алыптың әдетте қарапайым келе­тіні қашаннан...

– Мен шаршадым, – деді Баукең үзі­ліп қалған сөзін қайта жалғастырып.

– Генералдық атақты маған берген жоқ. Я был страшно обижен. Рапорт берiп, елге кеткiм келдi. Менi жiбергiсi келмедi. Кеңес одағының маршалы Баг­ра­мянның қабылдауында болдым. Ол кiсi менiң Кавказда, не Қырымда, қалаған же­рiмде, қалаған уақытым­ша емделiп келiп, қайтадан жұмысқа кiрiсуiмдi талап еттi. Кеңес армиясына әлi де керек екенiмдi ескерттi.

Бiрақ мен жазушылықпен айна­лыс­қым келетiнiн айттым. Сөйтiп, Кеңес армиясы қатарынан 25 жыл­дық қызметтен соң ғана босадым. Сол кез­де шамамен 45-46 жастамын. Ден­саулығым мықты едi. Тепсем темiр үзетiнмiн...

Баукең ендi Алматыға келгенiн, жер­лестерiнiң қалай қарсы алғанын, жазу­шылық қызметке кiрiскенi туралы айтты. Жүзi де мейiрiмдене түстi.

– Отставкаға шыққаннан кейін, он жылдан соң Мәскеуде генерал-пол­ков­ник М.П.Миловскиймен кездесiп қалдым. Ол маған: «Сiзге үлкен алғыс айтқым келедi. Сол кездерде жазған лекцияларыңыздың кейбiрiн әлi күнге дейiн пайдаланып жүрмiз», – дедi. Генерал-полковниктiң сөзiн есту маған үлкен ғанибет едi...

Күн батты. Баукең әбден шаршады. Бiрақ сездiргiсi келмедi. Әлi де бұ­рынғы қатал қалпын сақтап, анда-санда қатуланып қояды. Менiң қырын қарап, сол орнымда қозғалмай отырғаныма шамамен 8 сағаттай болды. Бiр кезде жұмыстан Баукеңнiң үйiндегi жеңгей келдi. Даңқты қолбасшы менi таныстырып, ұнап қалғанымды айтты.

– Газетiң бар болғаны алақандай ғана, осыншама уақыт науқас шалды маза­лауға бола ма? – Жеңгей ашуланып жүр. Баукең менi қорғап, жеңгейдi сөзiмен қағып тастады. Мен ең соңғы сұрағымды қойдым.

– Бүгiнгi жеткiншектерге қандай бата берер едіңіз?

– Бұл сұраққа мен жауап бермеймiн, жауап беретiндер бере берсiн!

Баукең шындығында да шаршаған екен.

Әңгiмемiздiң соңы осы болды ғой деген ой келдi.

– Жаз. Жаңа жолдан! – дедi Баукең сәл үнсіздіктен соң.

Мен 43-беттi бастадым...

– Бүгiнгi жас ұрпақ – бiздiң бола­шағымыз. Оларға тiлегiм: бiзден асып кетсеңдер ешқандай дауым жоқ. Оған қуанам. Бiзден кем болмайды деп ойлаймын. Аға ұрпақтың өз замандарында iстеген еңбектерiн түсiнiп, бағалап, бұдан былай да табыстың үстiне табыс қосып, адал азамат, еңбекқор бола­тын­дықтарыңа сенемiн...

Баукең тiлегiн айтты да, менен кейінгі жазылған сөйлемдердi қайталап оқып беруiмдi бұйырды. Оқи бергенiм сол едi, соңғы беттi сұрап алды да:

– Мен бұлай деп айтқан жоқпын! – дедi.

Не iстерiмдi бiлмей, аңтарылып тұ­рып қалдым.

– Дұрыстап жаз, түсінбейді деп ойлама!

Бұл жолы Баукеңнiң даусы қы­рылдап, қатқыл шықты. Орнынан тұ­рып, бөлмеде теңселiп, сұстана, ерсiлi-қарсылы жүрдi де қойды. Түсі сұп-суық, мұздай. Мәскеуге дейін тоқтаусыз жеткен фашистердің Баукеңнен сескенгені рас-ақ екен!

– Мақаланы жазып болған соң заң­ды түрде көрсетесің. Есіттің бе? Көрсетесің!

Қуанып кеттім.

– Әлбетте көрсетемін!

Ертеңiне Баукеңнiң кiтаптарын тағы бiр шолып шықпақшы болып, Орта­лық кiтапханаға келдiм. Жеңгей сонда жұмыс iстейдi екен. Ол кiсi Баукеңнiң әб­ден шаршағанын, түнiмен жайсыз ұйықтағанын айтты.

Мақаланы жазып, машинкаға бас­тырған соң, Баукеңнiң үйiне қайта телефон соқтым.

– Қонаққа барайын деп жатырмын. Тез жетпесең кетiп қаламын! – дедi.

Мен Баукеңнiң үйiне жетуге асықтым.

Баукең жақсы қарсы алды. Мақа­ланы оқып бердiм. Ақсақал әбден риза болды.

– Қарағым, ендiгі ерiк өзiңде, сен жур­налиссiң, қалай жазсаң да өзiң бiл. Рұқ­сатымды да, батамды да бердім, – дедi.

Бiз кешегi әңгiмемiздi қайта жал­ғас­тырдық. Бұл жолы Баукең әдебиет, музыка туралы, еңбек жолы туралы көбiрек айтты. Жасы жетпiстi ал­қым­дап қалса да, өзi жақсы көретiн ақын­дардың өлеңдерiн жатқа оқыды. Ауызбен айтып, қағазға түсiрiп жет­кiзе алмайтын сыр шерттi... Шындығын­да да, Баукеңнiң бұл сөздерi жүрек­тiң төрiнде сақталатын ұлағатты мол дүние едi.

Бiз түскi асты бiрге iштiк. Әңгiмемiз тағы да ұзаққа созылды. Анда-санда редак­циядағы жігіттердің асыға күтiп отыр­ғанын есiме алып қоямын. Газет­тің ертеңгі нөмірі дайындалып жа­тыр. Ал менің мақалам әлі баспаха­наға тап­сырылған жоқ. Бiрақ Баукеңнiң де көңi­лiн қимаймын. Сөзін де бөлгім келмейді.

– Мақтанды деп ойлама, мен қа­зақ­тан шыққан тұңғыш гвардия пол­ковнигi­мiн, 9-гвардиялық диви­зия­ның командирi­мiн, – дедi Баукең ойын қайта жалғасты­рып. – Көңiлiңе келсiн, келмесiн, шырағым, қазақтан шыққан бiрiншi әскери жазушымын. Оның өзiндiк мәнi бар. Бiздiң қазақ ол жағынан бай халық. Мен аспаннан түскен жоқпын. Бiзде Қобыланды мен Алпамысты ауыз әдебиетiнiң батырлары деп жүр. Олар менiң ойымша, қателеспесем, тарихта болған тұлғалар. Егер болмаса, халық әдебиетінде жазылмас едi. Мен осыған мақтанамын. Оған толық хақым бар. Қазақ қатардан қалып келе жатқан халық емес! Бiздiң ұрпағымыз – даңқты ұрпақ...

Баукең менiң қайтуыма түстен ке­йiн ғана рұқсат берiп, қимастықпен шығарып салды.

Баукеңмен қоштасып, қуанышым қойныма сыймай редакцияға асық­тым. Ентігімді басар-баспастан бас редактор Фариза Оңғарсынованың бөлмесіне кірдім.

– Баукеңнің материалын алып кел­дім. Ол кісі рұқсатын берді, – деген мақа­лам­ды ұсындым. Апай үнсіз алды да, оқымай-ақ қол қойып берді.

Аты аңызға айналған даңқты панфиловшы, батыр Бауыржан Мо­мышұлы­нан алған сұхбатым «Қазақ­стан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетi­нiң 8 ма­мыр күнгi санында жарық көрдi. Кезінде өзі желкелеп отырғызып жаз­ғызған, бүгін­де әбден сарғайып, тарихи құндылық­қа айналған парақ­тардың әр бетінде Баукеңнің жүрек дүрсілі, қуанышы мен реніші сақталғандай. Қайран, Баукең-ай! Тайға басқан таңбадай етіп, өз үнін – өмірбаянын осылайша қалдырғанының өзі ұлы­лықтың белгісі ғой!

 

* * *

Мiне, содан берi қаншама уақыт өттi. Қоғам өзгерді, өмірге жаңа ұрпақ келді. Тарих өз перзенттерін саралай да, даралай да, ұлықтай да білді. Баукеңнің сұрапыл жылдарда көрсеткен ерлігінің белгісі, кеудесіне таға алмай, арманда кеткен Кеңес Одағының Батыры атағы көзайым болып, халқына жетті. Ал менің қуанатыным, батырдың мерейі күн санап асқақтай түсуі еді. Қас-қағым сәттей өте шыққан сол бiр кездесулерден соң мен Баукеңнiң есiмiн үнемi өзiммен бiрге, жүрегiмде алып жүрмiн. Бұл – халықтың ғасырда бір туар аяулы ұлына деген үлкен құрмет, сағыныш, азаматтық борышы болса керек.

 

Бейсенбай Сүлейменов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист, жазушы