Сурет: ru.freepik.com
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген құжат онкологиялық және гематологиялық аурулары бар балаларды диагностикалау мен емдеудің сапасын жетілдіреді. Яғни бұл бастама медициналық көмектің барлық деңгейін, бастауыштан мамандандырылған медициналық көмекке дейін жақсартуға бағытталған. Статистикаға үңілсек, елде диспансерлік есепте қатерлі ісіктердің ремиссиясында 4 000-ға жуық бала бар. Ол аздай, жыл сайын орта есеппен 600-ге жуық баладан осы дерттің белгілері анықталады.
Балалар онкологиясы мен гематологиясының ауруларын емдеуде ерекше әдіс-тәсілді қажет етеді. Өйткені балаларда кездесетін аурудың осы түрі құрылымы, нәтижелері және емдеуде әдістері жағынан ересектерден ерекшеленеді. Жаңа стандарт кішкентай пациенттерге кешенді және тиімді көмек көрсетуге барлық талап пен ұсынымды тұңғыш рет бір құжатқа біріктіріп отыр. Емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері, ережелері, бәрі-бәрі түгел құжатта бекітілген. Айта кету керек, бұрын-соңды елде онкологиялық, гематологиялық аурулары бар балаларды диагностикалау мен емдеудің қағидалары топтастырылған дәл осындай құжат болмаған.
Бекітілген стандарттар иммуно-гистохимия және иммунофенотиптеу секілді диагностиканың озық әдістерін, сондай-ақ жоғары дозалы химиотерапияны, ағзаны сақтайтын операцияларды және гемопоэздік дің жасушаларын транспланттаудың барлық түрін қолдануды көздейді. Бұл ауруларды мейлінше жылдам әрі дәл анықтауға және тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Балаларды диагностикалау және емдеу онколог мамандардың, хирургтердің, реаниматологтердің және басқа да дәрігерлердің мультидисциплиналық команданың қатысуымен көпбейінді балалар стационарларында іске асырылатын міндетті көп деңгейлі тәсіл де алғаш рет енгізілді. Осылайша, әрбір балаға бір бағытта ғана емес, жан-жақты медициналық көмек көрсетіледі.
Жаңа стандартпен балалар емделетін медициналық ұйымдарды жарақтандыру жөнінде де нақты талаптар белгіленген. Онкологиялық және гематологиялық көмекті үйлесімді ұйымдастыру үшін әуелі медициналық ұйымдардың керек-жарағы түгел болуға тиіс. Бірді-екілі кемшіліктер дәрігерлерге қолбайлау болмауы қажет. Сонда ғана онкологиялық және гематологиялық ауруға шалдыққан балаларды емдеу бойынша бекітілген талаптар орындалып, емдеу сапасы жоғарылайды. Осыған қоса, құжатта науқастардың ауруханада болу мерзімін қысқарту және балаларды үйге жақын медициналық ұйымда емдеу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл талап сырқаттанған балалардың отбасына жүктемені азайту мақсатында қабылданып отыр. Бір сөзбен айтқанда, жаңа стандарттар балалар онкологиясы мен гематологиясы бағытында отандық медицинаның әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді, емшаралардың тиімділігін арттыруға септеседі.