Қазір аталған студияда бейнелеу өнері, ұлттық би, көркемсөз, домбыра, вокал бағыттары бойынша бес үйірме жұмыс істейді. Оған жас ерекшеліктеріне қарай 200-ге тарта оқушы тартылған. Оларға жаңашыл креативті бес білікті педагог сабақ береді. Әр топтағы жеткіншектер бекітілген сабақ кестесімен оқиды.
Бүгінде студия оқушыларының алды республикалық, халықаралық байқауларда топ жарып, есімдері елімізге белгілі бола бастады. Мәселен, биыл Қостанай қаласында өткен «DANCE LEGASY» атты халықаралық байқауда би үйірмесінің 26 оқушысы топтық биде бірінші орын иеленсе, Алматыда өткен «HAWAII FANTASTIC TALENT» атты республикалық конкурстан бас жүлдемен оралды. Әсіресе Айжан Абылайқызы есімді өнерлі оқушымыз Бурабайда өткен би сайысында талантымен топ жарды. Сондай-ақ ол Ақтау қаласында ұйымдастырылған халықаралық би байқауында да жүлдегер атанды. Біздің бишілеріміз «Ре Соль» шығармашылық орталығы өткізген «Бабалар аманаты» атты V республикалық байқауда да өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етіп, үздік шықты. Бұл байқауда студия оқушылары түрлі аталым бойынша қатысты. Айталық, көркемсөз оқудан да Н.Мұханбетқалиев пен А.Бисенғали секілді жеткіншектеріміз бас жүлдеге ие болса, «музыкалық аспапта ойнау» аталымында Мұхтар Әлиханның жұлдызы жанды. Ал «эстрадалық вокал» аталымында Нұрфазыл Бақдәулеттің де қанжығасы майланып, бас жүлдені иеленді. Осы байқауда жеңімпаз атанғандардың бәрі алдағы қараша айында Дубай қаласында өтетін конкурсқа жолдама алды.
Сонымен бірге Астанадағы «Атамұра» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы мұрындық болған «Бояулар құпиясы» атты байқауда да бейнелеу өнері үйірмесінің оқушылары үздіктер қатарынан көрінді.
Атап айтқанда, аталған байқауда Қанат Ерасылдың асығы алшысынан түссе, Қарақат Тұрғын 1-орын иеленді. «Жас жұлдыз» республикалық байқауында да Жанерке Тілеуғабыл жеңімпаз болды.
Қазір елімізде балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі шығармашылық үйірме көптеп ашылып жатыр. Сондықтан біз де осы салаға өз үлесімізді қосып жатқанымызға қуаныштымыз. Меніңше, қазіргі ата-аналар баланың қалауымен санасады, оның қай бағыттың жанына жақын екенін анықтап, сол сала бойынша перзентіне білім беруге тырысады. Әрине, бұл дұрыс бағыт. Баланың бос уақытын осындай үйірмелер арқылы тиімді пайдалану болашақ ұрпақтың қоғамнан өз орнын алатынына көп септігін тигізеді.
«Айжұлдыз» өнер-білім студиясы ашылғаннан бері нәтиже мен сапаға бағытталған біраз жұмыс атқарылды. Баламен жұмыс істеу, оларды жетістікке жетелеу – үйірме жетекшілерінің басты ұстанымы. Жоғарыда атап өтілген жетістіктердің нәтижесінде үйірмеге келушілердің саны артты.
Біздің орталықтан әлі талай жеңімпаз шығатыны сөзсіз. Болашақта үйірме саның көбейту көзделіп отыр. Ең бастысы, біз балаларды тек өнер мен білімге баулып қана қоймай, оларды мәдениеттілікке үйретеміз. Қоғамнан өз орнын ойып тұрып алатын азамат етіп тәрбиелесек дейміз. Қазір оқушылардың өнерге бейім, білімге құштар болуы өздерінің болашақтарының жарқын болуы үшін қажет. Сондықтан ата-ана баласын өнер-білім орталықтарына апарып, үйірмеден дәріс алуға бағыттаса, шәкірттердің биіктерге самғайтыны сөзсіз.
Жұлдыз СӘРСЕНБАЕВА,
«Айжұлдыз» өнер-білім студиясының жетекшісі
Қостанай облысы