Мектеп оқушысы ұлы ағартушының өмірі мен еңбектерін бір жерге жинақтап, пайдаланушыларға қолжетімді еткен.
«Ғаламторда Ахмет Байтұрсынұлы туралы ақпараттар көп болғанымен, олар әртүрлі дереккөзде шашыраңқы күйде кездеседі. Мен барлық мәліметті бір жерге жинақтап, ыңғайлы платформада ұсынуды жөн көрдім. Нәтижесінде, бір ресурсқа біріктірілген мобильді қосымшаны «Play Market» интернет дүкеніне жүктедім», дейді Даниял.
Мобильді қосымшаға ұлт ұстазының өмірбаяны, шығармалары, нақыл сөздері, өлеңдері мен ғылыми еңбектері енген. Одан өзге ғалымның шығармашылығы бойынша тест ұйымдастырылған, бұл пайдаланушыларға ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларына қатысты білімдерін тексеруге мүмкіндік береді. Суреттер, бейнежазбалар мен сыртқы сілтемелер де қосымшаның мазмұнын байыта түседі. Көп уақыт өтпесе де, Даниялдың қосымшасын «Play Market» платформасынан мыңға жуық адам жүктеп үлгеріпті. Ол алдағы уақытта ұлт қайраткерлеріне арналған басқа да қосымшалар әзірлеуді жоспарлап отыр. «Мақсатым – қазақ тіліндегі мобильді қосымшаларды көбейтіп, ана тілімізде цифрлық өнімдер жасаудың маңыздылығын арттыру», дейді талапты оқушы.
Даниял ұлт қайраткерлерінің еңбектері туралы қосымша мәліметтер іздеуге оқушылардың көп уақыты жұмсалатынын ұстазы Ербол Медеуовке айтқан. Мектеп мұғалімі зейінді оқушының Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері мен өмірбаянын хронологиялық тәртіппен жинақтау бастамасын құптап, көмек көрсеткен. Ұстаздар дарынды оқушының тың бастамасы еліміздегі орта білім саласындағы қазақ тіліндегі цифрлық контенттің дамуына үлес қосатынына сенімді.
Ақтөбе облысы