Сурет: Ғалымжан Қараманұлы/Kazinform
Қазақ-Британ үкіметаралық комиссия отырысында ағылшын тілі пәнін тиімді оқыту мәселелері айтылған еді. Арнайы құрылған жұмыс тобы ғылыми зерттеулер жүргізіп, ұсыныстар білдірді. Солардың бірі – еліміздегі мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуы үшін озық британиялық әдістемемен тереңірек танысу жобасы болды.
«Әріптестеріміздің тәжірибелері, әрине, әлемге танылып жатыр. Жаңа ақпаратты осы кісілерден алып, өзіміздегі мәселелерді тиімді шешу үшін осында келіп отырмыз», деді Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева.
Жиырма екі адамнан тұратын делегация құрамында жоғары оқу орындарының басшыларынан бастап, ауыл мұғалімдеріне дейін бар. Шақырушы тарап – Ұлыбритания халықаралық сауда департаменті және Британ кеңесі. Олар үздіксіз кәсіби даму жүйесі бойынша панельдік пікірталастар өткізіп, мектептер мен университеттерге сапарлар ұйымдастырды.
«Ұлыбритания мұғалімдер дайындауда өте қатаң әлемдік стандарттарды ұстанады. Біз үздіксіз кәсіби даму мәселесіне ерекше мән береміз. Осы білімімізді қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз», деді Лондон университеті, Коммуникация және қоғам мектебінің басшысы Ливия Матэй.
Сапар барысында мұғалімдерді сертификаттау, олар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру және мектеп басшылары мен әдіскерлерді қолдау мәселелері де басты назарда болды. Үздіксіз кәсіби дамудың тиімді жолдарын үйрену үшін отандық педагогтер британиялық әріптестерімен тығыз байланыс орнатты.