Сурет: ru.freepik.com
– Жансұлтан Орынбекұлы, «Отбасы банкі» жыл басында жеңілдетілген шарттармен жүзеге асырылатын «Отау» бағдарламасын жариялап, салымшыларды бір қуантқан еді. Ізінше сәуір айында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Наурыз» бағдарламасын іске қосты. Енді осы екі бағдарлама бойынша көрсетілген шарттарды біріздендіруге шешім қабылдаған екенсіздер. Мән-жайды түсіндіре кетсеңіз?
– Бұл екі бағдарлама бір-біріне ұқсас. Тек шарттарында депозитті жинау мерзіміне, тұрақты тіркелудің болу-болмауына, берілетін қаражат сомасына қатысты айырмашылық бар. Осы жерде бұл бағдарламалардың шығуына қандай жағдайлар негіз болғанын да айта кеткен жөн деп санаймын.
Кейінгі жылдары елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтуда елеулі реформалар жүргізіліп келеді. «Отбасы банкі» жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі аясында мемлекеттен жеңілдетілген шарттармен, нақты айтқанда, алғашқы жарнасы 10-20 пайыздан аспайтын, пайыздық мөлшерлемесі төмен заемдерді баспана кезегінде тұрған азаматтардың алуына мүмкіндік берілді. Алайда біздің салымшылар арасында кезекте тұрмайтын, не болмаса кезекке тұруға сәйкес келмейтін азаматтардың үлесі жоғары. Мұндай салымшылар тарапынан банк өнімдеріне сұраныс артып, бұқара халыққа ыңғайлы және жалпыға бірдей қолжетімді ипотека ашу мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмайтындар үшін өз қаражатымыз есебінен «Отау» бағдарламасын қолға алдық. Оған негізінен жастар мен жас отбасылар қатысады. Жұмысқа енді орнығып жатқандардың жалақысы көп болмайтыны белгілі. Сондықтан оларға аралық заемдерді алуға қажетті баспана құнының 50 пайызын жинау қиын тиетіні ескеріліп, алғашқы жарнасы 20 пайыздан басталатын, несие бойынша мөлшерлемесі 9 пайыздан (ЖТСМ 9,2 пайыздан бастап) аспайтын бағдарлама іске қосылды.
Өзіңіз айтпақшы, «Отау» бағдарламасының басталуымен қатар наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев біраз жылдан бері жалдамалы пәтерде жүрген және тұрғын үй кезегінде тұрғандардың баспана мәселесін шешуге арналған мемлекеттік бағдарлама жасауға тапсырма берді. Бұл бағдарлама жедел қолға алынып, «Наурыз» бағдарламасы іске қосылды. Кейінірек азаматтардың өтінішіне сәйкес, «Отау» мен «Наурыз» бағдарламасының шарттарын бір жүйеге келтіру туралы шешім қабылданды. Осылайша, «Отау» бағдарламасына қатысушыларға салымды жинақтау мерзіміне шарттар қойылмай, депозитті қатысуға өтінім бергенге дейін ашуға мүмкіндік ұсынылды. Несиенің максималды сомасы ұлғайтылып, Астана мен Алматы қалаларында 36 млн теңге және басқа өңірлерде 30 млн теңге сомасында болды. Аталған ірі мегаполистегі тұрғын үй сатып алу орны бойынша тіркелу талабы жойылып, халықтың әлеуметтік осал тобы санатындағы тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде есепте тұрған адамдар үшін сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызға (ЖТСМ 7,3 пайыздан 8,9 пайыз) дейін төмендетілді.
– Таяуда аталған бағдарлама бойынша қосымша қабылдау жүргізілетіні жарияланды. Оған кімдер қатыса алады?
– 16 қыркүйек күні «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысуға қосымша қабылдау басталды. Ол қыркүйек айының 25-іне дейін жалғасады. Бұл мүмкіндік бұған дейін «Отау» және «Наурыз» бағдарламаларына қатысушылардың негізгі тізіміне енбеген, сондай-ақ банктің тұрғын үй бағдарламаларына қатысу туралы енді шешім қабылдаған жандарға беріліп отыр. Қатысуға өтінімді «Баспана маркет» порталы арқылы жолдауға болады. Қосымша қабылдау басталған алғашқы сағаттың өзінде-ақ 250-ге жуық өтінім келіп түсті.
– Биыл бастау алған қос бағдарлама бойынша қандай алғашқы нәтижелер бар?
– Бүгінде 2 200-ден аса отбасы «Наурыз» бағдарламасы бойынша қоныстойын атап өтсе, «Отау» бағдарламасы шеңберінде тағы 1 784 адам заем алды. 5 мыңға жуық тұрғынның заемге өтініші мақұлданып, қазір сатып алуға қолайлы баспана іздеп жатыр. «Баспана маркет» порталында қатысушылардың таңдауына 592 тұрғын үй кешені ұсынылған, онда қазір 9 190 пәтердің кез келгенін брондауға болады.
– Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін ұпайларды санау және тізімді саралау қалай жүзеге асырылады?
– Ұпайлар автоматты режімде саналады. Яғни өтінімдерді жүйелеп, ең көп жиналған балл бойынша бөледі. Егер екі қатысушының ұпайлар саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі. Бағдарламалар бойынша өтініш берушілердің тізімі банк сайтында жарияланады. Содан кейін қатысушылардың несиелік өтінім беруге тағы бір жарым ай уақыты болады.
– Рахмет.
Әңгімелескен –
Гүлмира Бағытқызы,
«Еgemen Qazaqstan»