Әскер • 20 Қыркүйек, 2024

«Askerge shanyraq»: Әскери қызметшілердің тұрғын үйді жекешелендіру уақыты қысқарады

138 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңадан іске қосылған қанатқақты жоба аясында, енді әскери қызметшілердің тұрғын үйді жекешелендіру мерзімі екі жылдан екі айға қысқарады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Askerge shanyraq»: Әскери қызметшілердің тұрғын үйді жекешелендіру уақыты қысқарады

фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Осы уақытқа дейін әскери қызметшілердің жылжымайтын мүлік құқығын иелену үшін өтініш беруден бастап тіркеуге дейінгі мерзімі екі жылға дейін созылған болса,  электрондық сервис енгізілгеннен кейін бүкіл процесс екі айдан аспайтын уақытта іске асырылады. Сервис «E-qazyna» цифрлық платформасында орналасқан. Оны әзірлеуші ҚР Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ.

Енді әскери қызметшілер анықтамалар жинап, әртүрлі ведомстволардың табалдырығын тоздырмай, барлық іс-әрекетті тек платформа арқылы жүзеге асырады. Көптеген анықтамалар мен тексерулер мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау арқылы жүйелік форматты-логикалық бақылауға ауыстырылады.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше бүгінде  тұрғын үйін жекешелендіруге 3,5 мың әскери қызметші өтініш берген.  Жекешелендіру құқығын 10 жылдан астам қызметтік тұрғын үйде тұратындар пайдалана алады, бұл ретте өтініш беруші жекешелендіру кезінде қалдық құнын енгізуі тиіс. Қызметтік тұрғын үйде 20 жылдан астам тұратындар өтеусіз жекешелендіруге құқылы, яғни олар мемлекеттен пәтерді тегін ала алады.

Қанатқақты жоба 19 қыркүйекте басталып, 2025 жылдың басына дейін жалғасады.