Фото: Үкімет
Итальялық ENI энергетикалық компаниясының жел электр стансасына барған кезде Премьер-министрге «Бадамша», «Бадамша-2» ЖЭС-нің жұмысы туралы баяндалған. Бұл жобаларды іске асыруға 69 млрд теңге жеке инвестиция салынған.
Қазіргі таңда «Бадамша-2» турбиналары Қазақстандағы ең ірісі саналады. Жоба шеңберінде жыл сайынғы электр энергиясын өндіру шамамен 195 ГВт*сағ-ты құрайды, бұл шамамен 37 мың үй шаруашылығының энергия тұтыну көрсеткішіне тең және CO2 қалдықтарын жылына 172 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Премьер-министрге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлескен жоба – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы гибридті электр стансасының іске асырылу барысы туралы айтылған.
Arm Wind өндірістік қуатын тексеру барысында Олжас Бектенов экономикалық тұрақтылықты экологиялық тұрақтылықпен үйлестірудің маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ көміртексіздендіру мен шығарынды мөлшерінің төмендігін ескере отырып, энергетика инфрақұрылымын одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, жалпы Ақтөбе облысы бойынша тұтынылатын электр қуатыңың орташа мөлшері 947 МВт, оның ішінде жергілікті көздермен генерациялау 496 МВт-ты (52%) құрайды. Электр энергиясының тапшылығы – 451 МВт (48%). Жүктеменің өсу динамикасына, сондай-ақ KEGOC болжамына сүйене отырып, 2028 жылға қарай Ақтөбе облысында электр энергиясын тұтыну көлемі 1 270 МВт-ты құрайды деп жоспарланып отыр.
«Жел және күн электр стансалары Қазақстандағы «жасыл» энергия үлесін арттыруға бағытталған жалпы жұмыстың маңызды бөлігі саналады, олар бүгінде еліміздегі жалпы электр энергиясы көлемінің 6%-ын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар еліміздегі энергетика секторының 70%-ға жуығы көмір электр стансаларына тәуелді. Өкінішке қарай, елімізде ЖЭО тозуының жоғары деңгейі және қажеттілік көлемінің артуы энергияға тәуелділікке алып келеді. Біз мұны Қазақстанның солтүстік өңірлері мен Ресейден электр қуатын сатып алып отырған Ақтөбе облысының мысалынан көріп отырмыз. Ұзақмерзімді энергетикалық тұрақтылық үшін елімізге энергияның орнықты баламалы көзі қажет», деді Олжас Бектенов.
Еске сала кетейік, 6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаған жағдайда, атом энергетикасын дамыту елімізді тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент тапсырмаларын орындау аясында еліміздің шағын қалалары мен ауылдарындағы 1 мыңға жуық мектеп жаңғыртылып, 1,5 мыңнан астам пән кабинеті жабдықталған.
«Сапалы білім тұрғылықты жеріне қарамастан барлық тұрғынға қолжетімді болуы тиіс. Қала мен ауыл арасында білім сапасындағы алшақтықты азайту – Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Бұл бағытта біз халықтың әсіресе, ауылдардағы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен дамуына мүдделі белсенді бизнесті толық қолдаймыз», деп атап өтті Үкімет басшысы.