Ұлттық спорт • 20 Қыркүйек, 2024

Тоғызқұмалақтың төрткүл дүниеге шеруі

103 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлем халқы көз тіккен V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының қарсаңында тоғызқұмалақ ойнаудан әлемдік рекорд орнатылды. Бір мезетте 213 473 адам ұлттық зияткерлік ойынға тіркеліп, қызығушылық танытқан.

Тоғызқұмалақтың төрткүл дүниеге шеруі

Кейінгі бірнеше жылда әлем хал­қының назарын аударған этно­спортқа қызығатындар бір­­шама. Мұны «Ұлы дала дүбірінде» тоғыз­құма­лақтан сайысқа түсуге келген үміт­керлердің санынан анық аңғардық. Мәселен, биылғы жарыста Колумбия, Франция, Германия, АҚШ, Қытай, Латвия, Африка, Араб елдері сынды 41 мемлекеттен келген 114 қатысушы шеберліктерін сынады.

«Тоғызқұмалақтың дамуына Дүние­жүзілік көшпелілер ойынының Астанада өтуі де жаңа серпін берді. Сағат 09.00-ден 21.00-ге дейін 200 мыңнан астам адам мектептерде, университеттерде, колледждерде, жұмыс орындарында өз тақталарын пайдалана отырып, блиц форматында тоғызқұмалақ ойнады. Сонымен қатар осы жарысқа дайындық барысында біз ғарышқа тоғызқұмалақ тақтасын аттандырдық. Ол 35 шақырымдағы әуе кеңістігіне ұшырылды», деді Дүниежүзілік және  Тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов.

Айта кетейік, 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұра тізіміне енсе, 2022 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының шеші­мімен 9 қыркүйек «Тоғызқұмалақ күні» болып бекітілді. Соған сәйкес Көшпелілер ойыны кезінде спортшылар жарысты «Тоғызқұмалақ күні» сағат 09.09-да ал­ғаш­қы жүрісін 9 тақтадан 9 ұяшыққа 9 ой­ыншы салу арқылы бастап, зияткерлік ойынның көрігін қыздырған еді.

Осылайша, 4000 жылдық тарихы бар ұлттық ойынымыз төрткүл тарапқа тұтас танылды. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастады. Ал екінші орынды Қырғызстан, үшінші орынды Ресей және Моңғолиядан келген ойыншылар иеленді. 

Соңғы жаңалықтар

Берекелі грант

Қоғам • Кеше