Жәдігер • 20 Қыркүйек, 2024

Абай тапсырған асатаяқ

318 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асатаяқ – қазақ халқының ежелгі музыкалық аспабы. Асатаяқты ертеде балгерлер мен бақсылар қолданған. Әдетте, олар асатаяқты қылқобыз бен даңғыраның үніне қоса қолданатын болған. Олар асатаяқты ырғақтатып, сілкіп, шайқап ойнайды. Асатаяқ емен, үйеңкі, қайың, долана секілді қатты ағаштардан жасалады. Бетіне әртүрлі сылдыр-күлдір, шулы дыбыс беретін темір сал­пыншақ, сақина, шығыршық тағылады. Асатаяқ туралы Шоқан Уәлиханов пен белгілі зерттеуші Болат Сарыбаевтың еңбектерінде жазылған.

Абай тапсырған асатаяқ

Бүгінгі күні Абай музейі­нің елеулі экспонаттар қорында сақталған хакім Абай тапсырған көне асатаяқ бар. Музыка зерттеушілерінің айтуынша, ақынның 1885 жылы

Семей қаласында ашыл­ған өлкетану музейіне тап­сы­рыл­ған музыкалық аспап – елі­міз музейлерінде сақ­талған асатаяқтардың ішінде көнелердің бірі. Оның ұзын­дығы – 128 сантиметр. Сабы жұмыр ағаштан тұрады. Аспаптың басы сопақша жапырақ пішінді, шеті ирек етіп жасалған. Көне мұраның екі жақ беті де әшекейленген. Бетіндегі ағашта арнайы сегіз ойық бар. Оларға жез қаңылтырдан жа­салған ою-өрнектерден тұра­тын сәндік бұ­йым­дармен әшекейлер ор­на­тылған.

Жоғары және төменгі жақ­тарында екі металл әшекей ор­натылған. Ортадағы жезден со­ғылған өрнектерге толы қаңыл­тырда ілмектер бар. Арнайы дыбыс шығаратын салпыншақтар тағуға арналған ілмектердің саны сегіз. Олар симметриялы тұрғыда тұрақ тапқан. Ілмектердің екеуін­­де ғана салпыншақтар сақ­­талған, оның біреуі – темір, екіншісі бетіне жез қағылған темірден жасалған. Ортаңғы төрт ойықтағы жез нақыштың ортасында үлкен тас, оны айнала кіші коралл тастармен бедерленген. Асатаяқтың дәл ортасына қағылған жез қаңылтырда да кіші коралл тастарды байқауға болады.

Асатаяқтың сыртына алдымен қызыл мата, оның үстіне асатаяқтың пішінін қайталайтын оюлы жез қаңылтыр қағылған. Бет жағындағы әр ойыққа сәйкес жерлерінде дөңгелей коралл тас­тармен көмкерілген айна көздері көрінеді. Ортасына ою­ланған жез қаңылтыр бе­кітілген. Аса­таяқтың кей жер­лерінде әше­кей тастардың орны ғана сақ­талған, бекітілген бағалы тас­тардың жо­ғалғаны, уақыт шең­берінде сынына сызат түскені анық.

 

Абай облысы