Іле ауданында орналасқан отандық «Бент» компаниясы осыған дейін теміржол рельсі мен бетон төсеніш шығарып келген еді. Жуырда компания жаңа кезеңге қадам басты. Олар бұл жолы салада тәжірибесі мол қытайлық кәсіпорынмен бірлесіп, рельс бекітуге арналған 5 бірдей қосалқы бөлшекті өндіруді бастады. Бұдан былай қазақ теміржолы сырттан келетін рельс бөлшектеріне тәуелді болмайды. Жобаның жалпы құны – 6 млн доллар. Зауыт соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған. Мұнда тіпті болат клемаларды адамның араласуынсыз роботтар жасайды. Роботтар техникалық жағынан күрделі және қауіпті барлық үдерісті жүргізеді. Бір робот 3 адамның жұмысын орындайтын көрінеді.
«Біздің өнеркәсіптік компаниялар бірлестігі бүгінде темірбетон шпалдарынан басқа рельс бекітпелерінің толық кешенін шығаруды игерді. Соның нәтижесінде, жылына 800 мың дана рельс шпалы мен 1 млн 200 мың данадан аса бекіткіші бар рельс жиынтығын шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Кейінгі 5 жылдағы инвестицияның барлық көлемі 7 млрд теңгеден асты. Озық технологиялар мен өндірісті роботтандыруға басымдық беріп отырмыз», дейді компания президенті Дінмұхамед Кузиев.
Айтуынша, өндірісте роботтарды пайдалану қауіпсіздікпен қатар жоғарғы дәлдікті қамтамасыз етеді және еңбек өнімділігін еселеп арттырады.
Соңғы үлгімен жабдықталған жеке зертханада өнімнің барлық сапа стандартына сәйкестігін қамтамасыз етуге 400-ден астам сынақ түрі жүргізіледі.
«Бізден шыққан материалдар барлық нормативтік құжат пен техникалық сипаттамаға сай болуға тиіс. Сондай-ақ біз мемлекеттік стандарт пен техникалық регламенттерге сәйкес келетін жоғары сапалы өнім шығаруды қамтамасыз етеміз», дейді сертификаттау орталығының бас директоры Хаджиакбар Ширханов.
Қазір компаниялар тобының кәсіпорындарында 600-ден аса адам тұрақты жұмыс істейді. Олардың еңбек жағдайы мен кәсіби өсу мүмкіндігі алдыңғы орынға қойылған.
«Осындай заманауи кәсіпорында жұмыс істеп жатқаныма мақтанамын. Біздің кәсіпорында тек елімізде емес, шетелде де сұранысқа ие өнім шығарылады. Мұнда қарапайым еңбек адамына қажеттінің бәрі бар. Еңбекақымыз да жаман емес. Ең бастысы – ел экономикасының ілгерілеуі жолында тер төгіп жатырмыз», дейді тәжірибелі слесарь Әділхан Садықаев.
Кәсіпорынның жаңа ашылған қосалқы цехында 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өнімдері ішкі нарықпен қатар, Ресей, Қырғызстан нарығына экспортталады.
Алматы облысы