Кейін ойланып қарасам, шала қазақ тілі бар болғаны өз алдына, тіпті біздің әрқайсымыз сол тілде сөйлейді екенбіз. Шынтуайтында, біз сөйлеп қана қоймай, еріксіз түрде шала қазақ тілінің кең таралуына барынша жағдай жасап, жанашыры болып жүр екенбіз. Бірақ оны өзіміз аса мойындай қоймаймыз. Тіл деп еңірегенде етегіміз жасқа толады. Алайда сөзіміз бір басқа, ал ісіміз мүлдем басқа.
Жуырда курьер арқылы тамаққа тапсырыс берген едік. Біраз уақыттан соң бір жігіт телефоныма қоңырау шалып: «Заказыңызды әкелдім. Домның дворында, пәленше магазиніне напротив тұрмын» деді. Былай қарасаң, аса көңіл аудара бермейтін, құлаққа сіңісті болып қалған «таныс» сөздер. Түп-түсінікті сөйлеп тұр. Ал шын мәнінде бұл – шала қазақ тілінің жарқын үлгісі. Осы екі-үш сөйлемнің ішінде қазақ сөздерінен орыс сөздері көп екенін аңғарамыз.
Бір қызығы, бұл – Шымкент қаласында болған жағдай. Кезіндегі орыстандыру саясатының құрығы толық жете қоймаған, қазақылық қалпынан ажырамаған өңір. Бірақ сол жердегі жұрттың тілі жаңағыдай. Ал осыдан кейін солтүстік өңірдегі ахуал қандай деңгейде екенін шамалай беріңіз.
Тағы бірде танысымнан «Жатақханада тұрасың ба, әлде пәтер жалдайсың ба?» деп сұрағанымда, оның күлгені бар. Сөйтсем мен «артта қалған атам заманғы» тілде сөйлеп тұр екенмін. Дұрысы – «Общагада тұрасың ба или квартира снимать етесің бе?» деп айту керек екен...
Мұның бәрі, өкінішке қарай, біздің шынайы қазақ тілінен алыстап, біртіндеп шала қазақ тіліне қайырылмастай бет бұрғанымызды көрсетеді. Тіпті бұл үрдіс жыл өткен сайын күш алып барады. Оған қазіргі жас буынның әңгімесіне құлақ түрсең, толық көзің жетеді. Әзірге бұл ахуалды ойлап қам жеп жүргеніміз шамалы. Егер бүгін назар аудармасақ, ертең оның соңы жақсылыққа апармайын деп тұр...
Енді не істеу керек деген сұрақ туады. Осы бетімізбен кете береміз бе әлде тіліміздің тазалығын қалпына келтіру үшін әрекет жасап көреміз бе? Қазақтың ұлттық киімі тек сахнаның киімі болып қалғаны секілді қазақша таза сөйлеуді де сахнаның еншісіне қалдырып, ал күнделікті тіршілікте біржолата «шала қазақшаға» көшеміз бе?
Жалпы, кез келген тілдің басқа дамыған тілдерден жаңа сөздерді өзіне сіңіруі – табиғи құбылыс әрі көп жағдайда қажеттілік. Егер заманауи сөздерді немесе терминдер мен атауларды басқа тілдерден алып жатсақ, ол тіліміздің баюы, уақыт талабына сай дамуы. Ал өзімізде бұрыннан бар сөздерді шетке ысырып, оның орнына кірме сөзді араластырып сөйлеуді әдетке айналдыру – тілдің қойыртпақтануы арқылы керісінше сол үлкен тілге біртіндеп жұтылуы. Өкінішке қарай, біз қазіргі күні осы екінші бағытқа бет бұрып, ана тілімізді шұбарлап сөйлеуді жаппай әдетке айналдырып алдық.
Бірақ жағдайды түзеуге әлі де кеш емес. Ол үшін кінәні мемлекетке, өзімізден басқаның бәріне арта бермей, ең алдымен өзгелерге үлгі болып, орыс сөздерін араластырмай, барынша таза сөйлеуге дағдылануымыз керек. Әрине, қалыптасып қалған әдеттен бір күнде арылу қиын, бірақ мүмкін емес дүние деп те айтуға болмайды. Егер шын мәнінде тілімізге жанашырлық танытамыз десек, осы үрдісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қажет. «Хорошо» емес «жақсы» дейік, «или» емес «немесе» дейік, «давай» орнына «сау бол», «қанеки», «жақсы» сөздерін қолданайық. Апта, ай атауларын қазақша айтуды дағдыға айналдырайық. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді тілдің тазалығын қалпына келтіру де осындай кішігірім қадамдардан басталса керек. Егер шала қазақ тілінің таралуына одан әрі үлес қосып жүре бермей, көпке үлгі бола білсек, біртіндеп тіліміздің тазалығын қалпына келтіреміз деген үміт зор.