Фото: ЖИ
Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, осы бағыттағы жаңа ережелер атмосфералық ауаны қорғау саласындағы жағдайды бақылау мен реттеуге арналған пилоттық және ұйымдастырушылық шараларға байланысты енгізіледі.
«2026 жылдан бастап ақылы жүйені енгізу жоспарланбаған, өйткені ол үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу қажет. Алдымен пилоттық жоба сынақтан өткізіледі, оның артық-кем тұстары сараланып, содан кейін ғана әрі қарайғы даму бағыты айқындалады», деді Алмасхан Сматлаев.
Қазір Алматыдағы көлік саны бойынша жоспар әзірленген. Бұл құжатқа сәйкес қаланың шығыс, батыс және солтүстік бөліктерінде көлікке ауысып міну тораптарын салу көзделген. Аталған нысандарға жаңа метро желілерін және LRT бағыттарын тарту, сондай-ақ қосымша автобус маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.
Әкім орынбасарының дерегінше, бүгінде Алматы көшесінде күн сайын 1 миллионнан астам автокөлік жүреді.
«Әлемдік тәжірибеде тұрғындардың шамамен 70%-ы қоғамдық көлікті, ал 30%-ы жеке автокөлікті пайдаланады. Алматыда бұл көрсеткіш керісінше. Қозғалыстың 60%-ы жеке көлікке, 40%-ы қоғамдық көлікке тиесілі. Әлемдік үлгіге кезең-кезеңімен көшу нәтижесінде тұрғындардың қоғамдық көлікті таңдауына қарай қалада автокөлік саны шамамен 300 мыңға қысқаруы мүмкін. Бұл экологиялық және көлік ахуалын едәуір жақсартады. Десе де бұл біртіндеп жүзеге асатын үдеріс және жуық арада шешіле қоятын мәселе емес», деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Алматы метросы 2040 жылы қай аумақтарды қамтитыны анықталды.
Алматының бас жоспарында мегаполис аумағын және оған іргелес елді мекендерді қамтитын үлкен айналма метро желісін салу, сондай-ақ жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесін іске қосу қарастырылып отыр.