Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2024

Егінжайдан ескен леп

218 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Берекелі күздің берері мол. «Namys group» серіктестігінің астық­ты алқаптарындағы гектар берекесі 35 центнерден айналып жатыр. Ал арпаның әр гектарынан 60 центнерден өнім жинады. Мұны облыстағы биылғы рекордтық көрсеткіш қатарына жатқызамыз.

Егінжайдан ескен леп

Ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының деректеріне қара­ғанда, 2,4 млн гектар алқаптың дәнді дақылдары бастырылып алынған. Қазір күзгі дала жұмыстары өрмек жүзінен ауып кетті. Өңірдегі гектар берекесі 13 центнерден айналып жатыр. ­3,1 млн тонна астық жиналды.

Кейінгі бірнеше жыл бойы ауа райының қолайсыздығынан диқандар қанша тер төккенімен, то­лымды табысқа қол жеткізе ал­­май, жігерлері құм болып жүр еді. Биыл көктен иіп, жерден берді.

«Көктемде 11 мың гектар ал­қапқа дәнді дақылдар тұқымын сеп­тік, – дейді «Namys group» серік­­­­тестігінің директоры Ерден Елеуов. – Оның 5 мың гектары дәнді дақылдар болса, майлы да­қыл­дар мен бұршақ 4 мың гек­тар алқапқа егілді. Бидай бітік шық­ты. Күзгі ораққа алым­ды­лығы жо­ға­ры 12 комбайн қа­тыс­ты­рылып жа­тыр».

Масақтары кере қарыс ақық дән тұнған алқап лүп еткен самал желмен теңіздей тулайды. Арамшөптен ада.

«Мұндай бітік өскен егін көптен бері ырыздық болып үйіріле қоймап еді, – дейді механизатор Беслан Мусиев. – Өнім жоғары болған соң, механизаторлардың да көңілі көтеріңкі. Тәулігіне 150 тонна астық бастырамыз. Бес жылдан бері комбайншы болып жұмыс істеп келемін. Биылғы ең үлкен табыс арпа алқаптарынан бұйырды. Гектар берекесі 60 центнерден айналды. Мемлекеттің қолдауының арқасында жанар-жағармайдан тапшылық жоқ».

Қазір осы аудандағы «Диқан плюс» серіктестігінде 200-ден аса адам қауырт жұмысқа кіріскен. Көк­темде 23 мың гектар алқапқа егін егіліпті. Оның 12 мың гекта­ры – бидай. Қалғаны – майлы да­қыл­­дар. Ырысы мол жылы гектар бе­­ре­кесі 30 центнерден айналуда.

«Барлық жұмыс механи­ка­ландырылған. Бұрынғыдай емес, қазір егістік алқаптардың жай-күйін, өңдеуден қашан және қалай өтке­нін, алдыңғы жыл­дар­дағы гектар берекесін көріп, талдай аламыз, – дейді серіктестік ди­рек­торы Денис Швайбович. – Әрбір комбайнның бастырған асты­ғының сапасы мен есебі жүр­гі­­зіледі. Көр­сет­кіштерді есеп­тей­тін авто­мат­тандырылған жүйе қыр­­ман­дарға да қойылған».

Диқандармен дидарласқан облыс әкімі Марат Ахмет­жа­новтың айтуынша, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенін қолдауға шамамен 130 млрд теңге қара­жат бөлінген. Субсидия мөл­шері – 46,5 млрд теңге. Мәсе­лелерді жедел шешу үшін облыстық әкім­дікте күзгі дала жұмыстарын үйлес­тіру жөнінде жедел штаб құрылған.

«Басты міндет – күзгі дала жұ­­мыс­тарын үйлесімді ұйым­дас­­­тырып, жерде өнгенді жерде қал­­дырмау, – дейді облыс әкімі Ма­рат Ахметжанов. – Қырманға жет­­кі­зілген қызыл дән – ел ырысы».

Мемлекеттік қолдаудың арқа­­сында көсегесі көгеріп келе жат­­қан дала ерлерінің жалғыз-ақ алаң­дайтын тұсы – ауа райы. Енді бір-екі апта ашық болса, ырыз­дықтың мол болары дау­сыз.

 

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы