Алматы • 21 Қыркүйек, 2024

Жылыту маусымына дайындық жоғары

285 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алдымызда қыс болғандықтан, жергілікті билікті де бірінші кезекте жылу жүйелері мен су құбырларын ретке келтіру, қатал маусымға дайындықтан өткізу алаңдататыны белгілі. Сондықтан 9 қыркүйектен бері Алматыда жылу жүйелері тексеріліп жатыр. Екі аптаға созылатын бұл шара – жылу жүйелерін сынақтан өткізудің соңғы сатысы.

Жылыту маусымына дайындық жоғары

1984 жылғы құбыр

20 қыркүйекке дейін Ал­маты қаласының барлық ауда­н­ында жөндеуден кейін жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіледі. Осы іске жауапты мекемелер күнделікті таңғы сағат 4-тен 7-ге дейін магистралдық және тарату құбырлары тек­серілетін кезде, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына аса сақ болып, қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып отыр. Қауіпсіз­­дік­ шаралары қатаң сақталғанымен, тө­тенше жағ­дайлардың ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды, мәселен судың сыртқа атқы­лап, жол жабындылары жартылай опырылуы сияқты оқыс оқиғалар бар.

Алматыда Байқадамов пен Гагарин көшелерінің қиы­лы­сында 1984 жылдан бері пай­даланылып келе жат­қан құбыр ауыстырылды. Атал­ған учаскенің ұзынды­ғы 1 220 метрге жетеді. Бұл құбыр 97 көппәтерлі тұрғын үйді, 12 жекеменшік үйді, 4 бала­бақшаны, 2 денсаулық сақтау нысанын және 27 өзге де ны­санды жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етеді. Ең бас­­тысы, құбырларды ауыс­тыру барысында тұрғындар ыстық судан қол үзген жоқ.

ва

Жаңа салынған құбыр

Жақында Алматы қала­сының әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданының тұрғын­дарымен кездескен кезде инже­нерлік инфрақұрылымды жаң­ғырту барысын баяндаған еді. Биыл шілде айында тек бір ғана Бостандық ауданында Жароков, Науаи, Тимирязев, Сәтбаев, Марков көшелері мен «Алмагүл» шағын ауданында 6,3 шақырым су құбы­р­ын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бұл ауданның 80 мыңға жуық тұрғынын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге жол ашады. Оған қоса биыл қазан айында осы ауданға қарасты Жандосов, Бұқар жырау, Тимирязев көшелері мен «Орбита-2» шағын ауданында тағы 1 шақырым су және кәріз желілерінің жаңғырту жұмыстары аяқталуға тиіс.

Алдағы 2025 жылдың ІІ тоқсанында Ерменсай шағын ауданын тұрақты сумен қам­тамасыз етуге жаңа су қой­масының құрылысы жос­парланып отыр. Сондай-ақ сол кезеңде Нұрлытау шағын ауданында 62 шақырым су және 34 шақырым кәріз желілерін салу басталады. Бұл жобалар Бостандық ауда­нының оңтүстік бөлігіндегі 25 мыңнан астам тұрғынды сапалы ауызсумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жылыту маусымы басталғанға дейін Қожанов, Серкебаев, Есқараев, Байқадамов, Жандосов, Манас, Байзақов көшелерінде және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аумағында 5,3 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту аяқ­талмақ.

Құбырларға қатысты кезекті ілкімді шаруа – Түркебаев көшесінде 30 жыл бойы пай­даланылған магистралдық же­­лі­­лерді қайта жаңарту аяқ­­­талып келеді. Оған қоса биыл Алмалы ауданындағы 10 кө­ше­де ин­же­­нерлік желілерді қайта жа­ңарту аяқталды.

Жыл басынан бері ауданның 10 көшесінде 3,5 шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері жаңартылды. Биыл қарашаға дейін ұзындығы 5,3 шақырым болатын тағы 11 көшеде жұмысты аяқтау жоспарланған. Жоба ауданның 770 үйі мен 4,5 мың тұрғынын қамтиды.

Қала басшысының қада­ғалауымен биыл тамыз айында Төле би көшесі, 280 мекенжайы бойынша сорғы бекетін қайта жаңарту басталғанын айта кеткен жөн. Бұл жұмыс осы жылдың қазан айында бітеді деп жоспарланып отыр, соның нәтижесінде 1,5 мың абонент сапалы сумен қамтамасыз етіледі.

Ауданның 2,6 мың тұр­ғынын жылумен сапалы қам­тамасыз ету үшін Түр­кебаев көшесінде 30 жылдан астам пайдаланылған магистралдық желілерді қайта жаңарту жұ­мыстары қолға алынды. Жұмыс жылыту маусымы бас­талғанға дейін аяқталады.

Сонымен биыл Алматыда жалпы ұзындығы 20 шақырым болатын 23 нысанды қайта жаңарту көзделген, бұл жыл сайынғы көрсеткіштен екі есе көп. Бұл жылу шығынын, сондай-ақ желілердің тозуын шамамен 1,8% төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Алматыда жылумен жаб­­­дықтау желілері 57,9%-ы тозғаны белгілі болып отыр.

 

АЛМАТЫ