Садақ атаулары. 1. Тұтқа. 2,3. Екі жақ иіні, 4. Иіннің астары. 5. Сұғын. 6. Тобық. 7. Адырна
Аталарымыз садақтың сапасын жоғалтпас үшін иіндерінің үстіне тартылған тарамыс пен астарындағы мүйіз қаптаманы қоңыр аңның немесе малдың майымен майлап отырған. Халқымыздың дәстүрлі қару-жарағын зерттеп жүрген этнограф Қалиолла Саматұлының еңбегінде садақ сұғының бастары бөлек-бөлек жасалып, иініне бұрыш жасай бекітіледі дей отырып, садақты: қолға қысып ұстайтын бөлігін – белі, жоғары және төменгі иілген тұсын – иіні, кіріс байланатын бөлігін басы деп атап, бес функционалдық бөлікке бөліпті. Бұл атауларды өз тарапымыздан толықтырғанды жөн көреміз. Яғни садақтың қолға қысып ұстайтын тұсын бел емес, «тұтқа» деген дұрыс. Өйткені бұл атау моңғол, алтай, хакас тілдерінде «баруыл», яғни «тұтқа» деп берілген екен. Жалпы, құрама садақ бес бөлік, төрт буыннан тұрады.
Садақтың сұғыны мен тұтқаның қысып ұстайтын тұсына орналастыратын қыстырма сынаны қатты қайыңнан жонады. Ол үшін шауып алынған жас қайың ағашты сыртқы қабығынан аршып, бір дүркін суға қайнатады. Сондай-ақ садақтың сұғын ешкі мүйізінің ұшынан 4–5 см кесіп алып та жасайтын тәсіл бар. Ал садақты қаптауға пайдаланатын қайың тозын (қабығы) 5–6 айда алған дұрыс. Ал тоз – садақтың сыртын ораған орама. Бұл қайыстан, кейде қайыңның қабығынан жасалады (Қашқари М. Түрік сөздігі. 3-том /Аударған А. Егеубай. – Алматы: Арда+7, 2017. – 600 бет)
Садақтың екі басын қосып байланған жіпті адырна немесе керме жіп дейді. Ол берік жіптен немесе жібектен, тарамыстан өріледі. Міндеті – оқты нысанаға қарай ұшыру. Керме жіп садақтың бір басына мықтап бекітіліп, екінші басы садақты босатып тұру үшін алмалы тұзақ түрінде алынып-салынады. Адырнасы қатты серпігенде сұғын жарылып немесе сетінеп кетпес үшін оның иінмен тұтасқан бөлігіне сүйектен қорғаныш орнатылады. Оны тобық (тобыршық) деп атайды. Адырна күдері адырна, қайыс адырна деп бөлінеді.