Дүниеге жоғарыдағыдай кінәратпен келген балақайға артық саусағы үнемі кедергі келтіріп, жүріп-тұруын қиындата түскен, сәбидің сол аяғы оң аяғынан бірнеше өлшемге үлкен болғандықтан, екі түрлі аяқкиім киген. Мамандар уақыт өте келе бұл кінәрат баланың көңіл-күйіне де әсер етіп, психологиялық күйзеліске душар етуі мүмкін дейді. Сондықтан дәрігерлер хирургиялық жолмен құтылу керек деген шешімге келген еді. Расында да, өскен сайын қыз баланың жағдайы қиындап, артық башпайы аяқкиімге сыймай қинала бастаған.
Бастапқыда балдырғанның ата-анасы бұл мәселені шешудің жолдарын қарастырғанымен, операция жасатуға батылы бармаған екен. Қыз бала 10 жасқа толып, әке-шешесі өз таныстары мен дәрігерлерінің кеңесімен Алматыдағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының хирургтеріне жүгінді. Аурухана мамандары қайта-қайта кеңесе отырып, тексерулерден кейін қыз баланы қалыпты өмірге оралтып, аяқтағы аномалиялық кемістіктен құтылу үшін операция жасау қажет деген қорытындыға келді.
Мұндай ерекше операция Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы мен «Мейірімділік үйі» ҚҚ ұйымдастырған арнайы халықаралық шеберлік-дәрісі шеңберінде қор серіктестерінің демеушілігімен атқарылды. Бірегей операция барысында Қазақстан мен Ресей елдерінің жетекші балалар хирургтері біріге қимылдап, жаңа әдістемелер мен технологиялар қолданды.
«Мұндай күрделі хирургиялық араласуды отандық ортопед-травматологтер Санкт-Петербургтегі Н.Пирогов атындағы жоғары медициналық технологиялар клиникасының әріптестерімен бірге атқарды. Операцияның қиындығы сонда, біздің алдымызда артық башпайды алып тастау ғана емес, аяқтың көлемін қалыптан тыс ұлғайтатын қосымша метатарсальды сүйек мәселесі де тұрды. Тексеру кезінде микроскоппен жұмыс істеуді талап ететін жүйке мен қан тамырларының орналасуында ауытқу қоса анықталды», дейді №2 БҚКА травматология бөлімінің меңгерушісі Ерлан Садырбалин.
Ал дәл осы күндері қыз баланың ата-анасының қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Олар операцияның сәтті өткені туралы естігенде қуаныштан көз жастарына ерік беріп, дәрігерлерге алғысын жаудырумен болды. Бүгінде кішкентай пациенттің жағдайы біртіндеп дұрысталып келеді. Дәрігерлер қыз бала көп ұзамай құрбы-құрдастарының қатарына қосылады деп отыр.
Бір жағынан осынау ерекше операцияның тарихы жоғарыдағы отбасын үлкен уайымнан, кеселден құтқарып қана қоймай, отандық заманауи медицина тіпті ең күрделі жағдайлардың түйінін тарқата алатынын көрсетіп отыр.
АЛМАТЫ