Медицина • 24 Қыркүйек, 2024

Медициналық авиация қызметі қолжетімді ме?

105 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында: «Үкіметтің алдында алғашқы дәрігерлік көмекті ұйым­дас­тыру тәсілдерін түбегейлі қайта қарау мін­деті тұр. Бұл қызмет қалың жұрт­шылық, әсіресе ауыл тұрғындары үшін мей­лін­ше жедел әрі қолжетімді болуға тиіс. Шал­­ғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігер­лік қызмет көрсету ісін қайта қалпына кел­тіру шараларын жүзеге асырған жөн», деген еді.

Медициналық авиация қызметі қолжетімді ме?

Сурет: ru.freepik.com

Мемлекет басшысының осы тапсырмасы «Жедел жәрдем» қызметінің автокөлігіне ғана емес, медициналық авиацияға да қатысты. Өйткені ол жазғы жауын-шашын мен қысқы боранда автокөлік баруы қиын шалғай ауылдарда тұратын жүкті әйелдерді, дімкәс сәбилерді, денсаулығы күрт нашарлаған науқастарды және кенеттен апатқа ұшырап, ауыр жарақат алған адамдарды шапшаң тасымалдауға арналған. Ондай жағдайларда адам өмірін сақтап қалу үшін әр минут қымбат.

Кешегі кеңес заманында Қазақстанда 700-ге жуық «Ан-2», «Як-12», «Морава» маркалы шағын авиация ұшақтары әуе жолаушыларымен бірге ауыр науқастарды, жүкті әйелдерді және медицина қызметкерлерін тасымалдаған. Өңірлерде аталған ұшақтарды қабылдай­тын 400-ден аса кішігірім аэродром болған. Еліміз тәуелсіздік алған өтпелі кезеңдегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты шағын авиация әуе кемелерінің саны күрт қысқарды. Ал әлемде жерінің аумағы бо­йынша тоғызыншы орынды ен­шілеп отырған республикамыз үшін медициналық авиацияның ма­ңызы зор. 

Оған 2011 жылы ғана мем­ле­кеттік деңгейде назар аударылып, Республикалық санитар­лық авиа­ция орталығы (қазіргі «Ұлт­тық шұғыл медицинаны үйлестіру ор­талығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мем­лекеттік кәсіпорны) құрылды. Сол жылы Үкіметке 2015 жылға дейін денсаулық сақтау саласы үшін ке­мінде 16 тікұшақ жасап шығару тапсырылды. Бұл тапсырманы нақты орындаған – 2011 жылы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компания­сы» акционерлік қоғамы Франция­ның «Eurocopter» компаниясымен бірлесіп, Астана қаласында құрған жаңа кәсіпорын – «EC-145» тікұшақтарын құрастырумен айналысатын «Еврокоптер Қазақстан ­инжиниринг» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі. Сөйтіп 2013 жылы еліміздің медициналық авиация­сына заманауи медициналық құ­рал-жабдықтармен жарақтанды­рыл­ған 14 «ЕС-145» тікұшағы және 2 «Ка-32» тікұшағы берілді. Қазір­гі таңда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығымен шарт жасасқан «Қазавиақұтқару» акцио­нерлік қоғамының 11 тікұшағы және 10 авиакомпанияның 18 ұшағы медициналық авиация қызметін көрсетумен айналысады. Шалғай немесе автокөліктің жетуі қиын елді мекендерде ұшу-қону жолағының болмауына байланысты пациенттер тек «Ан-2» ұшақтарымен тасымалданады.

Медициналық авиациямыз ­2011 жылы 323 рет ұшқан болса, бұл көр­сеткіш жылдан-жылға артып, 2023 жылы 2 323-ке дейін жетті. Олардың жартысы­на жуығы дімкәс балаларды құтқа­руға арналған. Сондай-ақ былтыр ше­тел клиникаларында емделгені­мен, халі нашарлап кеткен ел азаматтарын елге әкелу үшін 7 ұшу орындалған. Алайда бүгін­де ме­ди­циналық авиация қызметін көр­сетіп жүрген авиакомпаниялар ұшақтарының дені ескірген. Жоғары аудиторлық палатаның мәліме­тіне қарағанда, қазір жаңа әуе кеме­ле­рін пайдалануға басымдық беріл­ге­ніне қарамастан, Денсаулық сақ­тау министрлігі орташа қызмет ету мерзімі 40 жылдан асқан «Ан-2» және «Як-40» ұшақтары арқылы жедел медициналық авиациялық көмек көрсетуді жалғастырып отыр. Өткен жылы барлық ұшу­дың 70 пайызға жуығы аталған ­әуе кемелерінің еншісіне тиді. Нақ­ты айтсақ, былтыр отандастары­мызға шұғыл меди­циналық көмек көрсетуге «Ан-2» – 1 278 рет, «Як-40» – 284 рет, ал заманауи әуе кемелері – «ЕС-145» тікұшағы – 291 рет, «L-410» ұшағы – 110 рет, «Pilatus PC-12» ұшағы 305 рет тартылды. Баяғыдан бері жұрт «жүгеріші» деп атайтын, әбден тозығы жеткен «Ан-2» ұшақтары биыл да 15 облыстың тұрғындарына қызмет көрсетуге жұмсалып отыр.

«Жүгерішілердің» айы оңынан туып тұрғандығының себебі – олардың қызмет көрсету ақысының төмендігі. Мысалы, «ЕС-145» тік­ұшақтарын пайдалану тарифі «Ан-2» ұшақтарымен салыстырғанда 3 еседей қымбат. Есесіне пайдалану мерзімі 40-50 жылдан асқан «Ан-2» ұшағы 4 сағатта әрең ұшып жететін жерге пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан «ЕС-145» тікұшағы 2,5 сағатта барады. Бұған қоса, Жоғары аудиторлық палатаның тексерісі барысында медициналық авиация қызметін атқаратын «Ан-2» ұшақтарына авиациялық бензиннің орнына «АИ-95» маркалы автомобиль бензині құйылатындығы әшкереленді. Бұл өрескел кемшілік ұшу барысында оқыс оқиғалар­дың туындауына әкеп соқтыратын қауіпті фактордың бірі саналады. Ал 2019-2023 жылдары медициналық авиация саласында 16 оқыс оқиға тіркелген. Оның 8-і тозығы жеткен «Ан-2» ұшақтарына тиесілі.

Соңғы оқыс оқиға биылғы мамыр айында Қостанай облысында болды. Жекеменшік авиакомпанияға тиесілі «Ан-2» ұшағы миокард ин­фарктісіне ұшыраған 60 жастағы науқасты Арқалық қаласынан Қос­танай облыстық ауруханасына ­жет­кізу үшін әуеге көтерілген сәт­те кенеттен қатты соққан жел­дің екпінімен қонуға мәжбүр бо­лып, су айдынына аударылып түс­кен. Абырой болғанда, па­циент те, медициналық авиация бри­гада­сының құрамындағы екі ұшқыш пен екі медицина қызметкері де аман қалды. Бірақ зәрелері ұшқан бесеуі де Арқалық өңірлік ауруханасына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Ал көлшікте шалқасынан түсіп жатқан «жүге­рішінің» суреті әлеуметтік желіні шарлап кетті.

Осы оқыс оқиғаға орай Үкіметке депутаттық сауал жолдаған Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев ме­дициналық авиация қызметін көрсетуге әбден ескірген «Ан-2» және «Як-40» ұшақтарын мүлдем қа­тыстырмай, олардың орнына зама­науи әуе кемелерін пайдалануды және «Ан-2» ұшақтарына авиациялық бензин құю мәселесін дереу шешуді ұсынған еді. Үкіметтің депутатқа берген ресми жауабында медициналық авиация қызметін көрсететін әуе кемелері паркін жаңарту қолға алынғандығы және Денсаулық сақтау министрлігі ұшақтарды «АИ-95» маркалы автомобиль бензинінен «Б91/115» маркалы авиациялық бензинге ауыстыру үшін қажетті қаржыны іздестіріп жатқандығы мәлімделген.

Медициналық авиация қызме­тіне биыл ел қазынасынан 11,8 млрд теңге қаржы бөлініп, 2 244 рет ұшу­ды қамтамасыз ету жоспарлан­ған. Бірінші жартыжылдықта 941 ұшу жүзеге асырылып, 2819 пациент­ке шұғыл дәрігерлік көмек көр­сетілді. Медициналық авиация бри­гадаларының жедел жәрдеміне Абай (99 ұшу, 223 пациент), Ақтөбе (93 ұшу, 180 пациент), Маңғыстау (88 ұшу, 276 пациент), Жамбыл (82 ұшу, 267 пациент), Атырау (77 ұшу, 217 пациент), Қарағанды (66 ұшу, 147 пациент), Қостанай (59 ұшу, 130 пациент), Шығыс Қазақстан (54 ұшу, 135 пациент), Павлодар (47 ұшу, 119 пациент), Түркістан (35 ұшу, 184 пациент), Жетісу (34 ұшу, 110 пациент), Ұлытау (27 ұшу, 68 пациент) облыстарының тұрғындары жүйелі түрде жүгініп келеді. Бірақ Солтүстік Қазақстан (4 ұшу, 54 пациент) және Ақмола (9 ұшу, 118 пациент) облыстарының тұрғындары мұндай мүмкіндікті анда-санда ғана пайдаланып жүр.  

Сұрастырып білсек, Солтүстік Қазақстан облысында медициналық авиация қызметі таратылғалы біраз жылдың жүзі ауыпты. Осыған орай жергілікті тұрғындар сын сағатта Астана қаласының медициналық авиациясының шұғыл медициналық көмегіне жүгінуге мәжбүр. Ал Қызылжар өңіріндегі ең шалғай Уәлиханов ауданының дәрігерлері мен тұрғындары өздерінің меди­циналық авиацияның көмегіне мұқ­таж екендіктерін айтты.

Осы ауданның орталығынан – 165 шақырым, облыс орталығы­нан 503 шақырым қашықтықта ор­наласқан Қулыкөл ауылдық окру­гінің әкімі Бақытжан Кендірбаев: «Кеңес заманында Қулыкөлге сол кездегі об­лыс орталығы – Көкшетау қала­сынан жолаушылар таситын «жү­геріші» жүйелі ұшқандық­тан, ауыр науқастар соның көмегі­мен об­лыстық ауруханаға тез же­тіп қалады екен. Қазір қиян түкпір­дегі ауыл­дарымызда жол нашар бол­ған­дық­тан, ауа райының қолай­сыз күндері ­тол­ғақ қысқан әйел­дерді, дерт қинаған науқастар­ды және жазатайым ауыр жара­қат алған кісілерді облыс пен аудан ор­талықтарындағы немесе көрші­лес Ақмола облысының Степ­ногорск қаласындағы ауруха­на­ларға жет­кізу қиынға соғып жүр. Сондықтан ­да облысымызда меди­циналық авиация қызметі болғанын қалаймыз», деді.

Елімізде, әсіресе ауылды жерлерде аналар мен нәрестелер өлімі әлі де көп екенін, ал жол-көлік оқи­ғаларынан жыл сайын 2 мыңдай адам қаза табатынын ес­кер­сек, ме­ди­циналық авиацияны ны­ғайту­­дың қажеттігі даусыз.