Сұхбат • 24 Қыркүйек, 2024

Саябек Сахиев: АЭС – ғылым мен білімді дамытатын жаңа мүмкіндік

598 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Халық алдағы ондаған жыл бойғы ел энергетикасының болашағын анықтайтын таңдау алдында тұр. Мұндайда білікті маманның пікіріне құлақ түру – байырғы әдетіміз. Ядролық физика институтының (ЯФИ) бас директоры Саябек Сахиевті әңгімеге тартып, АЭС төңірегіндегі өзекті сауалдарды қойған едік.

Саябек Сахиев: АЭС – ғылым мен білімді дамытатын жаңа мүмкіндік

– Саябек Қуанышбекұлы, референдумда халық АЭС-ті құптаса, оған қажетті маманды өзімізде даярлай аламыз дегенді жиі айтасыз. Бірақ АЭС-ті құрушы, оны іске қосушы компания керек персоналды өзі даярлайтын функция бар емес пе еді?

– «Қазақстандық атом электр стансалары» ЖШС мәліметіне сүйенсек, елде құрылысы жоспарланған болашақ АЭС-ке өнеркәсіптік мақсатта 2 000 маман керек. Оның 200-і – өндірістік-шаруашылық тобының қызметкерлері. Институт оларды даярламайды. Қалған 1 800 кадрдың 1 400-і оператор, инженер, жүйелерге қызмет көрсететін техникалық қызметкерлер болса, қалған 400-ін жоғары білімді мамандар құрайды. Міне, осы кадрлар Ядролық физика институты базасында даярлануға тиіс.

Бұған негіз – институттың атом саласы үшін кадрлар даярлаудағы үлкен тәжірибесі мен қажетті инфра­құрылымы. Атап айтқанда, салынатын АЭС-тің прототипі болып саналатын, 57 жыл бойы ешбір ақаусыз жұмыс істеп келе жатқан ССР-Қ (су-суреактор – Қазақстан) ғылыми зерттеу реакторы бар. Критикалық стенд, түрлі үдеткіш пен МАГАТЭ қолдауы арқасында ашылған 3 оқу орталығы (Радиациялық қауіпсіздік (2000 жылы), Бұзылмайтын бақылау (2003), Ядролық қауіпсіздік (2017) бар.

Қазірге дейін аталған оқу орталықтары 5 000-нан аса cала мамандарын даярлап қойды. Егер референдум нәтижесінде АЭС құрылысы мақұлданса, қажетті кадрдың 1 400 техникалық маманы институт базасында тәжірибе жинап, бірнеше апталық курстан өтеді. 3 жыл бакалавриат сатысында 400 жоғары білікті маманға Ядролық физика институтының базасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Алматы энергетика университетінің оқытушы-профессорлары дәріс оқиды. Даярлау бағдарламасының соңғы жылы мердігер компанияның реакторларында тағы­лымдамадан өтумен аяқталады.

Бұл арқылы мамандар даярлауға бөлінетін республикалық бюджеттің 3 жылдық қаражаты үнемделеді. Яғни кем дегенде 70-75% қаржысы сақталады. Сондай-ақ білім беретін профессор-оқытушы құраммен ЯФИ ғалымдары­ның арасында тығыз әріптестік байланыс нығаяды. Тағы бір маңызды мәсе­ле – болашақ АЭС-ке қажетті мамандарды жатақханамен қамтамасыз ету қажеттілігі. Яғни мемлекеттік бағдар­лама шеңберінде ЯФИ орналасқан Ала­тау шағын ауданында жатақхана салу керек. Өйткені қызметкерлер мен олардың отбасыларының бір елді мекенде тұруы – АЭС-тің тиімді жұмысының маңызды құрамдас бөлігі.

 – ІІІ+ буын реакторын жасаушы қайсы компания екенін білуге бола ма?

– Қазіргі сәтте ІІІ+ буын реакторын салып, іске қосып жатқан «Росатом» МК-дан басқа Францияның – 2, Кореяның – 2, Қытайдың 1 компаниясы бар. Бұл кәсіпорындар ұсынып отырған реакторлар электр қуаттылығы – 1 000–1 600 МВт аралығында. Қуатына байланысты реакторлар бағасында да айырмашылық бар. Дегенмен осы III+ буын реакторларына МАГАТЭ қоятын қауіпсіздік талаптары бірдей. Референдум оң нәтиже берген жағдайда, елде АЭС салатын компанияны арнайы мемлекеттік комиссия анықтайды.

Бұл реакторлардың техникалық сипаттамасы бірінші кезекте қуатымен ерекшеленеді. Сондай-ақ әрбір жағдайда АЭС салушы ел өз өнімін пайдаланады. Таңдау кезінде сараптама комиссиясы осы мәселелерді ескереді. Мысалы, осы 4 компанияның портфеліне қарасақ, «Росатом» өз елінде және әлемнің бірқатар мемлекетінде – 21, қытайлық CNNC – 10, корейліктер мен француздар әрқайсысы 3 реактордан салып жатыр.

Барлық компанияның біліктілігі мен құзыреттілігі бар. Егер референдумда ел азаматтары АЭС салуды қолдаса, 4 компания ұсынысын саралап, ең тиімдісін таңдау қажет. Бұл ұсыныстар қатарында технологиялар трансфері, соның ішінде АЭС отынын елімізде өндіру, кадр даяр­лау, жаңа зерттеу реакторын салу, стансаны пайдалану кезіндегі шарттар бар. Ең тиімдісін таңдап, ұзақмерзімді серіктестікке жол ашу маңызды.

– Халық арасында АЭС құрылысына қарсылық, наразы пікірлер де бар. Олар АЭС мәселесі саяси мақсатқа пайдаланылып кете ме деп алаңдайды. Бұған қатысты не айтасыз?

– АЭС салу туралы шешімді жалпыхалықтық референдумда халық қолдаған жағдайда ғана компаниялар ұсынысы қаралады. Вендорларға қатысты сұрақтармен айналысатын «ҚАЭС» ЖШС мәліметінше, ел аумағында АЭС-ті салу жағдайында стансаны басқарудың екі нұсқасы бар. Бірінде, егер АЭС салатын компания қаржыландырса, нысан­ның құрылысы аяқталғаннан кейін кәсіпорынға оны пайдалану құқығы беріледі. Бірақ меншік құқығы мем­лекеттің өзінде қалады. Мердігер компания тұтынушыдан алынған қаражат есебінен АЭС-ті салуға кеткен шығынды қайтарған кезде объектіні пайдалану құқығы да мемлекетке өтеді.

Екіншіден, мердігер компания реак­тор жобасын қаржыландырып, жобалай алады, сондай-ақ станса салып, жалға алынған АЭС-тің қызметі үшін тұтынушыдан ақысын ажыратады. Жалдау ақысы осылай төленеді. Яғни келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін барлық пайдалану құқығы тапсырысты орындайтын компанияда болады. Десек те, барлық жағдайда нысан мемлекет меншігіне өтеді.

Қазір бүкіл әлемде орнатылған қуаты 374 ГВт болатын 415 ядролық реактор жұмыс істейді. Олар дүние жүзіндегі жалпы электр энергиясының шамамен 10%-ын өндіреді. 61 реактордың құрылысы жүріп жатыр. АЭС – саясат емес, энергетикалық қауіпсіз­дік. Энергетикалық және эколо­гиялық міндеттердің шешілуі ғана емес, ғылыми зерттеулер мен білім бағ­дарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндік.

– Мемлекет басшысының Жол­даудағы АЭС-ке қатысты айтқан ұсыныс-пікірін қалай қабылдадыңыз? Сала маманы ретінде қандай баға бересіз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын кезекті Жолдауында елге сенімді және экологиялық таза қуат көз­дері қажет екенін атап өтіп, атом энергетикасын дамытудың маңыздылығына ерекше тоқталды. Ел үшін маңызды шешімдер халықтың қатысуымен қабылдануға тиіс, сондықтан Мемлекет басшысы елімізде АЭС салу бойынша жалпыұлттық референдум өткізуді тапсырды.

Ядролық физика институты атом энергетикасы саласындағы жарты ғасырдан астам тәжірибесімен, бірегей базасымен, білікті кадрларымен осы ауқымды жобаны әзірлеуге және іске асыруға өз үлесін қосуға дайын. Біз АЭС құрылысы елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, отандық ғылымды, технологияларды және өнеркәсіпті дамытуға қуатты серпін беретініне сенімдіміз.

 

Әңгімелескен –

Нұрбай ЖОЛШЫБАЙҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»