Сурет «Егемен Қазақстан» газетінің архивінен алынды
Тарихи тамырластық
Жаһандану дәуірі елдер мен халықтарды бір-біріне жақындастырып, түрлі бағытта ынтымақтасуға кең жол ашқаны мәлім. Қазіргі адамзатқа ортақ құндылықтарды ізгілік рухта дәріптеп, үндестік пен үйлесімді, ортақ мүдделерді арқау етіп, парасатты өмір сүруге алғышарттар жасауға талпынып отыр. Осы мақсатта алуан түрлі мүдделерді тірек еткен көптеген халықаралық жаңа ұйымдар дүниеге келді. Олардың кейбірі тарихи тілдік-туыстық қатынасқа негізделсе, қайсыбірі табысты экономикалық мүддені көздейді, сондай-ақ араларында тағдыр қосқан құдайы көршілік қатынасты өзек еткендері де аз емес. Соның ішінде еліміз әу бастан көпжақты ынтымақтастықты қолдап, тату көршілік пен дәстүр сабақтастығын негіз еткен көптеген халықаралық ұйымға бастамашы болғаны белгілі. Осылардың ішінде тарихи тамырластық пен терең туыстыққа негізделген, тату көршілік пен аймақтық тұтастыққа тұтқа болатын, экономикалық табыс пен ортақ мүддеге серпін беретін ықпалдастықтың жолы даңғыл деуге дәйек жеткілікті.
Өткенге үңілсек, тарихи тамыры тереңге кететін Түркістан топырағында бір үйдің баласындай, бір қолдың бес саусағындай бірге орналасқан етене жақын елдер мен халықтардың ынтымақтастығы бағзы заманнан бастау алады. Әрине, Орталық Азияны кеңістіктер мен заманалар, дүниені бөліске салған жүйелер мен қатал режімдер алшақтатқанымен, оларды тамырлы тарих, қазыналы мәдениет әу бастан тұтастырып келді, бұл қасиеттер қайта түлеуге де алтын арқау болды. Екіншіден, бұл аймақты ортақ мүдделер тоғыстырған бірыңғай экономикалық кеңістік деуге болады. Расында, сауда-экономикалық байланыстар – интеграцияның қозғаушы күші. Осы орайда елдеріміздің экономикалық байланыстарының бірін-бірі толықтыра түсетініне назар аударуымыз керек. Үшіншіден, Орталық Азия – жалпы көлемі 3 882 000 шаршы шақырымға созылып жатқан ұлан-ғайыр аймақ. Бұл мүмкіндіктер де еншілес елдерді ынтымақтастыққа ынталандырады. Бұған қоса аймақтың Азия мен Еуропа арасындағы жайыла қоныстануы оның Шығыс пен Батыс арасындағы тасымал жолдары тұрғысынан да маңыздылығын арттырады. Басқаша айтқанда, тоғыз жолдың торабына айналған Орталық Азия үшін бүгінде жаңғырған Жібек жолының да, Каспий дәлізінің де маңызы ерекше. Заманауи тұрғыдағы Жібек жолы тарихи жолдың орнын теміржолдармен, байланыс желілерімен, энергетика дәліздерімен және табиғи газ құбырларымен толықтырып жатыр. Бұл тұтастық Шығысқа да, Батысқа да ыңғайлы. Мысалы, Қытайдың батысында өндірілген тауарды теңіз жолы арқылы Батыс Еуропаның кемежайларына тасығаннан құрлық және теміржолмен Қазақстан арқылы жеткізгенде жол 16 тәулікке қысқарады. Сондықтан экономикалық байланыстар дамуының арқасында туыс республикалар арқылы өтетін жаңа және тиімді заманауи Жібек жолы үшін қажетті жағдайлар жасалды. Сол себепті елдеріміздің транзиттік әлеуеті бірлескен экономиканың өсу қайнарына айналуы ықтимал.
Әр кезеңде әртүрлі атаумен жапсарлас өмір сүріп келген тағдырлас, тамырлас жұрттар кеңестік кезеңде бес республикаға бөлінген аймақтағы интеграция ұғымы азаттықтың арайлы таңында, дәлірек айтқанда 1991 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының Ашхабадтағы алғашқы басқосуында күн тәртібіне енгізілген еді. Тіпті сол жиында аймақтың тарихи «Түркістан» атын жандандыру туралы да айтылған. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан 1993 жылы экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойып, 1994 жылы «біртұтас экономикалық кеңістік» жарияланды. 1995 жылы үш елдің ұйымы Орталық Азия Одағы болып аталса, 1998 жылы ұйым «Орталық Азия экономикалық одағы» болып қайта құрылды. Ақырында бұл үдеріс «Орталық Азия Ынтымақтастық Ұйымы» деген атқа ие болды. Осындай ізгі ниетпен басталған аймақтық интеграция кейбір кедергілерге байланысты жүзеге аспай, тек қағаз жүзінде қалғаны белгілі.
Десе де араға жылдар салып бұл ынтымақтастық қайта жанданды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті «Egemen Qazaqstan»-да жарық көрген «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында атап көрсеткендей: «Өңірдегі мемлекетаралық қатынастар да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Елдеріміз арасында барлық деңгейде сындарлы екіжақты және көпжақты диалог жолға қойылды, өзара тиімді ынтымақтастық дамып келеді. Осыған дейін аймақтағы қарым-қатынасты жан-жақты дамытуға кедергі келтіріп, қайшылық туғызған мәселелерді шешу жолындағы жетістіктердің мәні зор».
Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі
Екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерген, өткеннің тәжірибесінен сабақ алған тараптар бұл жолы «ақырын жүріп, анық басып», амбициялы «одақ», тіпті «саммит» деген сөздерді қолданбауға тырысты. 2018 жылы наурызда Астанада өткен алғашқы басқосу жай ғана «консультативтік кездесу, кеңесу» деп аталды. Екінші басқосу 2019 жылдың қараша айында Ташкентте өтті. Осылайша, аймақтық интеграцияның екінші кезеңі басталды. Ресми түрде «Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуі» деп аталатын бұл жиындар әлдеқайда тиімді болып шықты. Өйткені бұл жолы тараптар нақты мәселелерді шешуге тырысты. Оның үстіне, аймақ елдері өздерінің мемлекеттік қалыптасу кезеңін аяқтаған еді. Сондықтан екінші кезеңді тұрақты институттық тетіктерді орнатумен сипаттауға болады. Бұл кезеңнің негізгі мақсаты – жалпы мәселелерді талқылау үшін әртүрлі салада платформалар құру болды. Бұдан да маңыздысы, аймақ елдері өз мәселелерін үшінші жақтарды, әсіресе ірі державаларды араластырмай, өздері шешуі керек екенін сезінді. Басқаша айтқанда, аймақ елдері Орталық Азияның халықаралық саясаттың объектісі ретінде емес, субъектісі ретінде әрекет етудің уақыты жеткенін түсінді. Бұл ретте олар ынтымақтастықтың басқа, үшінші жаққа қарсы емес екенін және көрші елдердің мүдделеріне қарама-қайшы келмейтінін көрсету мақсатында БҰҰ ұйымының шеңберінде әрекет етуде. Бұл ретте БҰҰ басшылық қызметте болған дипломат-президент Қасым-Жомарт Кемелұлы «Бірлігімізді бекемдеп, бір-бірімізбен болмашы бәсекелестікке жол бермеуіміз қажет. Бұл мәселеде «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік, ынтымақтастық жөніндегі Келісімге» тез арада қол қоюдың маңызы артып келеді. Тараптардың жуық арада осынау тарихи келісімге қол қоюға дайын болуын құптаймыз. Халықаралық аса маңызды мәселелерде барынша ортақ ұстаным білдірсек, әлемдік қауымдастыққа келісім тапқан ортақ тәсілімізді көрсетер едік. Халықаралық алаңдардағы бәсекелестік ұлттық мүдделерімізге қайшы келеді», деп ауызбіршіліктің маңыздылығына тоқталды. Рас, бесеудің бірлігі бәсекелестікке емес, берекелі бауырластыққа негізделуге тиіс. Сонда аймақтық ынтымақтастықтан барлық тарап ұтады. Ал бекем бірлікті емес, берекесіз бәсекені таңдайтын болса, барлық жақтың ұтылатыны бесенеден белгілі. Түптеп келгенде мұның бәрі тек аймаққа ғана емес, жалпы Еуразия кеңістігіне оң әсер ететіні белгілі.
Қазіргідей күрделі геосаяси жағдайда аймақтағы ынтымақтастықтың жоғары даму қарқынын сақтау өте маңызды екені белгілі. Осы ретте Орталық Азия елдері мемлекет басшыларының өзара тығыз араласа бастауы, бір-біріне жиі сапарлап, тұрақты кездесуі нақты нәтиже бере бастады. Мәселен, кейінгі бір айдың көлемінде Өзбекстан мен Қырғыз елінің басшылары Астанаға үш рет келді. Президенттердің қатысуымен Көшпелілер ойыны өтті. Астанада мемлекет басшылары достық пен бауырластықтың символы іспетті айкөл Манастың, мұқым түрікпеннің мақтанышы Мақтұмқұлидің және Шығыстың жұлдызы, өзбек халқының даңқты перзенті Әлішер Науаидің еңселі ескерткіштерін бірге ашты. Бұл елдеріміздің достыққа, тату көршілік қарым-қатынасқа және одақтастыққа негізделген өңірлік ынтымақтастығының деңгейі жоғары екенін білдіреді. Екіжақты ынтымақтастық та артып, стратегиялық сенімді серіктестіктен одақтастық деңгейіне көтерілді. Осылайша, Консультативтік кездесулер аймақтың халықаралық берекелі бірлігін танытатын, қазіргі сын-қатерлерге төтеп беруге дайындығын көрсететін тиімді алаңға айналып, «Орталық Азия ынтымақтастығы» ұғымы да жаңа белеске шықты.
Осы ретте Қазақ дипломатиясының аймақтық интеграция үдерістерінде айрықша белсенді әрі бастамашы болғанына назар аударуымыз керек. Қазақстан – Азия кеңесі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Түркі ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі бастамаларды көтеріп, оларды табысты іске асырып келе жатқан ел. Халықаралық тасымал дәліздерінде, әсіресе Транскаспий «Тұран дәлізінде» де Қазақстанның орны ерекше екені мәлім. Осылайша, аймақтық интеграцияда Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанмен Түркі ынтымақтастық ұйымында, Түрікменстанмен Каспий теңізі айналасындағы жобаларда ынтымақтастықты дамытып жатыр. Осы шеңберде діні бір, мәдениеті ұқсас, ортақ кеңістіктегі Тәжікстанның да аталған жобаларға қатысуы маңызды. Консультативтік кездесулер шеңберінде тәжік-өзбек, әсіресе тәжік-қырғыз келіссөздері де нақты нәтиже беріп, шекара, су сияқты тақырыптар төңірегіндегі түйіткілдер тарқатыла бастады. Басқаша айтқанда, Қазақстан басқа бағыттардағы интеграциялық жобалардағы тәжірибесін Орталық Азияда сәтті қолданып жатыр. Осылайша, ортақ тарихқа сүйеніп, ортақ болашаққа ұмтылған Орталық Азия елдерінің интеграциялық үдерістің жаңа белсенді кезеңіне қадам басты деп түйіндеуге толық негіз бар. Мұны ел Президенті «Орталық Азияның ренессансы» деп атады.
Бұл кезең бір қырынан бауырластық байланыстары мен беделінің артуымен сипатталса, екінші жағынан халықаралық жағдайдың тұрақсыздығы мен жаңа дағдарыс ошақтарының пайда болуымен ерекшеленеді. Ортақ мәдениет, экономикалық прагматизм және географиялық жақындыққа негізделген интеграциялық үдеріс табиғи түрде Орталық Азияның халықаралық аренадағы салмағын да арттырады. Бұл ретте әлемнің жетекші елдерінің «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылық танытуы – осының айғағы. Астанада өткен алғашқы кездесуден бері бірлескен күш-жігердің арқасында бұл жиынның дамуында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Жалпы, «Орталық Азия плюс» форматындағы жаңа алаңда 11 саммит және жоғары деңгейде кездесу өтті. Соның ішінде Астанада өткен «Орталық Азия + РФ», «Орталық Азия + Еуропалық одақ басшылары», «Орталық Азия + Жапония» және «Орталық Азия + Германия» саммитін айрықша атап өтуге болады. Бесеудің бірлігіне бауырлас Әзербайжанның қызығушылық танытуы Транскаспий дәлізі арқылы бұл кездесулердің мүмкіндігін ұлғайта түсті. Осылайша, халықаралық ұйымдар мен өзге елдердің нәтижелі кездесу алаңы болған «Орталық Азия плюс» форматы ұйымдық сипатқа айнала бастады.
Аймақтық парламентаралық дипломатия
Әлбетте, мәмілегерлік – жұмылған жұдырықты ашатын, ашылған алақанды қауыштыратын, жатты таныстыратын, жақынды табыстыратын ізгі мамандық. Бұл ретте елдестіру – есе жібермей, есебін тауып, ел мүддесін түгендеу; араағайындық – ашуды ақылға жеңдіру, содырды салиқалы сөзге сендіру; ынтымақтасу – ықпалға жығылмай, ымыраға шақыру; бітімгерлік – білекке емес, білікке салу, бәтуаға келу өнері. Сондықтан толғаулы тілмен түйткіл түйінді тарқатып, жүректерге жол табатын дипломатия – шешендік пен шеберлікті талап ететін сала. Кейде дипломатияны мәдени, гуманитарлық, ғылыми немесе халықтық дипломатия ретінде бөліп жатады. Осы ретте дипломатияның тағы бір ықпалды түрі – парламентаралық дипломатия.
Аймақтағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытудың нақты бір платформасы ретінде Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумын атап айтуға болады. Аталған форумды өткізу туралы шешім 2022 жылы шілде айында өткен Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде қабылданған еді. Соған сәйкес Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы Түркістанда өткен. Форумға модераторлық еткен Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты арттыру үшін парламентаралық байланысты нығайтудың мәні аса зор екенін айтып, мемлекет басшылары ұйытқы болған тығыз ынтымақтастықты өкілді органдар тарапынан қолдап, әрі қарай дамытудың маңызына тоқталған еді. Алғашқы форумның қорытындысы бойынша Түркістан декларациясы қабылданып, онда экономикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге және өзіндік бірегейлігімен ерекшеленетін Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған парламентаралық қатынастарды одан әрі дамыту көкжиектері көрсетілді.
Қазақстан Парламенті Сенатының осы игі бастамасын қолдаған Өзбекстан тарапы биыл аталған форумның екіншісін тарихи Хиуа қаласында өткізді. «Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы Орталық Азия Парламенті мен өкілді билік органдарының рөлі» тақырыбына арналған Орталық Азия мемлекеттерінің II Парламентаралық форумына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы қатысты. Алқалы басқосудың сессияларында ынтымақтастықтың түрлі саласы талқыланды. Пленарлық мәжілісте сөз сөйлеген Сенат төрағасы: «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдеріміз арасында тиімді диалогті дамытуға және сындарлы өзара байланысты арттыруға үнемі баса мән беріп келеді. Бүгінгі кездесу бүкіл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында парламенттік дипломатияның әлеуетін пайдалана отырып, өзара диалогті нығайтуға ықпал ететіні анық. Былтыр ақпан айында Түркістанда өткен алғашқы форумнан кейін біз ынтымақтастығымызды арттыру ісінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Түркістан декларациясы парламентаралық байланыстарды нығайтудың берік негізін қалап, өзара қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындап берді. Соның аясында біз екіжақты сапарларды жандандырып, өңірдегі көпжақты өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іске қостық. Хиуадағы бүгінгі форум да парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», деді.
Форум алаңында Мәулен Әшімбаев Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаевамен кездесті. Сұхбат кезінде парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту, өнеркәсіп, транзиттік-көлік инфрақұрылымы, сауда және энергетика саласындағы кооперациялық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Қырғызстан Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шәкиевпен кездесті. Онда ортақ өзекті мәселелерге мән берілді. Спорт пен мәдениеттегі ортақ жетістіктер жайы сөз болды. Айта кету керек, Қазақстан және Қырғызстан парламенттерінің ұйытқы болуымен қазақ-қырғыз зиялылар форумы, жастар форумы сияқты түрлі деңгейдегі басқосулар жиі өтеді. Мұның өзі парламентаралық дипломатияның ауқымын көрсетсе керек.
Түйін
Жаһандық саясат аренасында ірі державалардың арасындағы бәсекенің белең алып бара жатқанын ескерсек, еншілес елдерімізге белгілі дәрежеде жауапкершілік жүктеледі. Елдеріміз әртүрлі халықаралық экономикалық, мәдени-гуманитарлық ұйымдардың мүшесі болуы маңызды. Осындай халықаралық ұйымдардың шеңберінде іргелес жатқан, еншісі бөлінбеген Орталық Азия елдері ірі державалар арасында сенім мен диалогтің орнауына шешуші рөл атқара алады. Аймақ елдері тұтас кеңістік ретінде үйлесімді саясат жүргізетін болса, халықаралық қауіпсіздіктің кепілдігіне айналуы мүмкін. Сол үшін Қазақстанның ұсынысы бойынша Аймақтық кооперацияны дамыту жөніндегі «Орталық Азия – 2040» тұжырымдамасы дайындалды. Бұл ретте Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның сыртқы саясаты оның Үлкен Еуразияның кіндігінде, бейбітшілік белдеуінде, тоғыз жолдың торабында транзиттік хабқа айналу мақсатына қызмет етуге тиіс. Бұл орайда түрлі деңгейдегі кездесулер мен кеңестер, өзара тығыз байланыстар прагматикалық тұрғыда түбі ортақ ұйымға бастауы мүмкін. Етене араласқан елдеріміздің Мемлекет басшылары, үкіметтер және парламенттер арасында нығайып, дами түскен Орталық Азия ынтымақтастығы бізді осындай үкілі үмітке жетелейді.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
сенатор, академик