28 Қаңтар, 2015

«Нұрлы Жол» – мәні зор маңызды бағдарлама

419 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
27-01-02. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясы Төра­ғасы­ның бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабыл­дады, деп хабарлады Пре­зи­денттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Б.Байбек Мем­лекет басшысы – партия Төра­ғасына пар­тия қызметін жетіл­діру және қайта қалыптау жұмыс­тары­ның нәтижесі туралы баяндады. Қазақстан Президенті партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысын­да ауқымды «Нұрлы Жол» бағдар­лама­сы қабыл­данғанын, ол әлемдік экономи­када­ғы дағ­да­рыс­тық құбылыстарға қарсы іс-қимыл жасауға бағытталғанын атап өтті. – Бұл бағдарлама партияның қолдауы аясында жүзеге асырылатын болады, өйткені, оның беделі бар, бүкіл еліміз бойынша көптеген адамдар партия сапында тұр. «Нұрлы Жолды» қабылдау – елдің болашақ дамуы мен ха­лықтың игілігі үшін зор мәні бар маңызды шара. Осыған байланыс­ты партия бастауыш ұйымдарға сүйене отырып, халыққа түсіндіру жұмыстарына ден қоюы тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев инфра­құ­рылымды сапалы дамыту, жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан ілкімді қолдау көрсету «Нұрлы Жол» бағдарламасының міндеттеріне кіретінін айтты. – Кәсіпкерлер несиемен қам­тамасыз етілуде, бизнес ашу­ға жағдай жасалып, тексерулер саны азаюда. Барлық кедер­г­ілер жойы­луда. Жалпы, кәсіп­кер­лік Ин­дус­триялық-иннова­ция­лық да­му, «Нұрлы Жол» бағдар­ла­ма­лары, жол және баспана құры­­лысы, тұрғын үй-коммунал­дық ша­руа­шылықты жаңғыр­тулар арқы­лы ұсынылатын мүмкіндіктерді пайдалануы тиіс. Егер партия Ұлттық кәсіп­керлер палатасымен осы ба­ғытта тығыз ықпалдасатын болса, қажетті нәтижелерге қол жетеді. Эко­но­миканы дамыту арқылы халық­тың әл-ауқатын жақ­сар­ту үшін жұмыс істеу қажет, – деді Қазақ­стан Президенті. Төрағаның бірінші орынба­сары пар­тияның сайлауал­ды тұ­ғыр­намасындағы міндет­те­ме­лерінің іс жүзінде 70 пайызға жуығы орын­­дал­ғанына тоқталды. Ол Мем­­лекет бас­­шы­сы­на Сыбай­лас жем­­­қор­­­лық­­­қа қарсы іс-қимыл бағ­дар­­ламасын жүзеге асыру жөнін­дегі жол картасының бекітілгенін де айтты. Б.Байбек, сонымен қатар, «Нұр­­лы Жол» бағдарламасын жү­зе­ге асыру ісіне партияның қаты­суы туралы баяндады. – Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Мә­жілістегі және мәслихаттардағы партия фракцияларында «Нұрлы Жол» бағдар­ламасының орындалуы мен Ұлттық қор қаржысының пайдаланылуын қадағалайтын 4 комиссия құрылды, – деп хабарлады партия Төрағасының бірінші орынбасары. Б.Байбек Президентке партия мүше­лері бағдарламаны табысты орын­дау үшін бар күш-жігерлерін жұмылдыратынын айтты. Кездесу қорытындысы бойынша Мем­лекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.