Туризм • 24 Қыркүйек, 2024

Тұмса табиғат туризмді дамытуға сұранып тұр

75 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіні тиімді пайдаланатындар игілігіне жарата біледі. Соған бейімделген де абзал. Туризм және спорт министрлігімен және «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясымен ынтымақтастық орнатып, ауқымды жобаны іске қосты. Қазіргі уақытта игі бастаманың өрісінде еліміздің көрікті аймағына саяхаттауға шақыратын 8 мыңнан астам бейнеролик Қазіргі уақытта игі бастаманың өрісінде еліміздің көрікті аймағына саяхаттауға шақыратын 8 мыңнан астам бейне ролик #ГидПоКазахстану платформасында жарияланды.

Тұмса табиғат туризмді дамытуға сұранып тұр

Бұл жобаны дамытуға белсенді креатор саяхатшылардың тигізер көмегі зор. Солардың бірі – Айбар Төлеубек (@aibar_toleubekov). Оның Қазақстанның әр аймағына жасаған авто саяхаттарын қызыға тамашалайтын мыңдаған жазылушылары әр сапарын ынтыға күтеді. Айбар Қазақстанды саяхаттау арқылы да насихаттап, платформаның көмегімен өзгелерге туған жердің мәдени мұрасы мен табиғи қазынасын таныстыруды азаматтық парызы санайтынын жеткізді.

– Қазақстанды аралап саяхаттауды қашан бастадың? TikTok әлеуметтік желісінде сапардың қызықты сәттерін бөлісу оңтайлы шешім болған екен.

– 3-4 жыл бұрын Қазақстанда саяхаттауға және ішкі туризмнің дамуына өзімнің үлесімді қоссам деген ой туды. Өзім үнемі еліміздің табиғатының алуан түрлігі мен таңғажайып кереметіне тәнті болып, көзім тоят тапқан таңғажайып мекенді өзге де азаматтар тамашаласа деуші едім. Осылайша қысқа бейне роликтер түсіріп, контентті жанды және интерактивті етіп әзірлеуге күш салдым.

– Әлеуметтік желідегі жазылушыларыңызға көбінесе не ұнайды?

– Мен өзім автокөлікпен саяхаттауды оңтайлы көремін. Бұл жай ғана А нүктесінен В нүктесіне жету емес, әр жердің атмосферасына ену, беймәлім тұсқа тоқтап, елдің жасырын бұрыштарын зерттеуге таптырмас мүмкіндік.  Менің жазылушыларым бұл форматты жылы қабылдайды.

- Жабайы жануарлар: аю, жабайы қабандар қалай нысанаңызға ілініп жүр?

– Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығында мекендейтін қоңыр аю – объективіме ілінген алғашқы аң болғандықтан да мен үшін ерекше жұмыс саналады.

Айта кететін жайт, жабайы жануарларды түсіру біздің заңнамамен қатаң реттеледі. Арнайы құжаттар мен рұқсаттарды алу көптеген қиындықтар туғызды, бірақ біз оны ұзақ қашықтықтан сапалы кадрлар түсіруге мүмкіндік беретін дронды ұшыру арқылы түсіріп алдық. Бұдан өзге де бірнеше басқа қорыққа бардым, ол жақтағы «Қызыл кітапқа» енген жабайы жан-жануар мен аң-құстарды арнайы рұқсатпен ғана фото, видеоға түсіре алдым.

Қазақстанның көрікті жерлерін  көруді мақсат тұтқан саяхатшыларға қандай кеңес айтар едің?

– Саяхаттауға қызығушылық танытқандарға тек бағыттың өзіне ғана емес, сапарда сіздің жаныңыздағы адамдарға да ерекше назар аударуға кеңес беремін. Сапарлас серігіңіздің сізді қолдағаны, ынталандырғаны және көмектескені маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, сапарды алдын ала жоспарлап, тәжірибелі достарыңызбен бағытты талқылау және нақты саяхат бағытын түзу керек. Сондай-ақ, егер сіз белгілі бір өңірді таңдасаңыз, ол туралы әлеуметтік желілер немесе Google арқылы мүмкіндігінше көбірек ақпарат жинаңыз. Мысалы:Онда қандай қызықты орындар бар? Жергілікті халықтың ерекшеліктері қандай?Бұл туристік бағыт қаншалықты танымал? Онда қандай қонақ үйлер бар және қызмет көрсету сапасы сын көтере ме?

Мысалы, сіз Алтын Емел қорығына барғыңыз келсе, алдымен жазиралы Жетісу өңірі туралы маңызы зор пайдалы ақпаратқа кенелтіп, жөн сілтейтін  «VisitZhetysu» ақпараттық орталығына хабарласқаныңыз абзал.

 

Әңгімелескен

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ