Қоғам • 25 Қыркүйек, 2024

Бұл қазақта жігіттер бар марғасқа...

44 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көгілдір сағымға оранған Көк­ше­тау атырабы сен тұр, мен атайын дейтіндей өнерлі азамат­тардың сайысына куә болып, көңіл демдеді. Жастардың бойында ер жігітке жарасар қа­сиет бар екен.

Бұл қазақта жігіттер бар марғасқа...

Бұл жолы облыстық әкімдіктің қолдауымен өткен аймақтық «Жігіт сұлтаны» байқауы Ақ­мола облысының – 85, Біржан салдың – 190, Балуан Шолақтың – 160, Рақымжан Қошқарбаев пен Көкен Шәкеевтің 100 жылдығына арналды. Тағылымы мол шараны тамашалауға келген көзі ашық, көкірегі ояу жұртшылық Алаштың асып туған азаматтарының өмір жолы­нан өнеге алып, тіршіліктегі тәлімді істерін тағылым қылды десек, артықтығы жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының бірқатар ауданынан келген өрімдей жастардың қатысуымен өткен байқау өте тартысты болды.

Екі кезеңнен тұратын «Жігіт сұл­таны» аймақтық байқауына қа­ты­сушылар Ұлы дала серілерінің бо­йын­дағы қасиеттерін паш етті. Кілең қақ­пақ жауырынды, өнері өрлеп тұрған, сайдың тасындай жастар көрермендерді тәнті етті. Байқау шарты бойынша бі­рінші кезеңде жігіттер өздерін көркем сөзбен кестелеп, өлеңмен өріп, таныс­тырып шықты. Арқаның дәстүрлі ән мектебінің шоқ жұлдыздары Біржан сал, Балуан Шо­лақтың әсем әндерін орындап, халықтың ән қазынасын жа­құттай жар­қыратып, көрсете білді. Екін­ші кезеңде жамбы ату, аударыспақ, гір көтеру, қазақ күресі тәрізді ұлттық спорт­тық сайыс­тарда да шеберліктің шы­­ңы­на шыққан өрендер екенін әйгіледі.

Қазылар алқасының шешімі бойын­ша аймақтық «Жігіт сұлтаны» бай­қауының бас жүлдесіне астаналық Әли Ризабек лайықты деп танылды. Өзге аталымдар бойынша зеренділік Хамза Айдын, Егіндікөл ауданынан келген Тәт­тімбек Айбек, Санах Еркебұлан, Крас­нояр селосының өкілі Ысқақ Айбек марапатталды.

 

КӨКШЕТАУ