Өндіріс • 25 Қыркүйек, 2024

Табысы еселенген компания

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Егіс алқабындағы еңбек майданының алғы шебінде «АгромашХолдинг KZ» зауытынан шыққан комбайндар жүр. Зауыт биыл ауыл шаруашылығы техникаларына қажет 250 мың қосалқы бөлшек, мыңға жуық «Lovol» тракторын, 300 «Essil», «Deutz-Fahr» комбайндарын жасап шығарды.

Табысы еселенген компания

«Техника сатып алуға арналған 6 пайыздық жеңіл­детілген несие бағ­дарламасы аясында мемле­кет қазы­насынан 100 млрд теңге қаржы бөлінген соң, біздің өнім­дер­ге деген сұраныс та күрт өсті. Тамыз басталғалы демалыссыз жұмыс істеп жатырмыз. Аталған бағдар­ламаның нәтижесінде техниканың кем дегенде 6 пайызы жаңа­рады», дейді «Агромаш» зауы­тының прези­денті Динара Шүкіжанова.

ап

Кәсіпорын былтыр 1 200-ден аса отандық трактор, комбайн шығарған. Әсіресе «Lovol» тракторына деген сұраныс жоғары болды. 

Мәселен, 2023 жылы зауыт 939 бірлік «Lovol» тракторын құ­растырса, соның бәрі конвейер­ден шыға сала сатылып кеткен. «Агромаш» өткен жылдан бас­тап «Lovol» комбайндарының өндірісін де қолға алған. Оның оншақтысы сол жылғы жиын-терім науқанына қатысып, қуатты әрі төзімді техника екенін дәлелдеп үлгерді.

Бүгінде еліміздің әр өңірінде «Агромаштың» 9 филиалы жұмыс істеп тұр. 2023 жылы желтоқсанда Көкшетауда за­уыттың техникалық қызмет көрсету орталығы ашылды. Кә­сіпорын бұл орталықтың құрылысына 250 мың теңге жұм­саған.

см

«Агромаш» алдағы жылды «Қызмет көрсету жылы» деп бел­гілеп қойған. 2024 жылы кә­сіп­орын «Lovol», «Essil», «Deutz-Fahr» комбайндарының анағұрлым жоғары қуатқа ие үлгілерін шығара бастады. Би­ылғы маусымда комбайн, трактор өндірісінің ауқымын 35 па­йызға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Таяуда «Aгромаш» ло­ка­лизациялық орталығы «СТ Эсэмбли» зауытымен серіктестік аясында «Claas» тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін шығаруды қолға алды.

«Локализациялық орталық екіжақты өнеркәсіптік кооперация аясында «Claas» тракторларына арналған алдыңғы салмақ түсіргіштер, «Cerio» және «Vario» орақтарына арналған тіркеме арбалар, өзге де қосалқы бөлшектер шығарады. Өткен жылдың өзін­де зауыт қабырғасында 250 мың­нан астам компонент дайындалды», дейді кәсіпорынның операциялық тиімділік жөніндегі директоры Бахтияр Балғожин.

Локализациялық орталықтың аумағы 36 мың шаршы метрден асады. Мұндағы әмбебап цехтарда заманауи құрылғылардың тұтқасын ұстаған 700 адам жұмыс істейді.

 

Қостанай облысы