Басылым • 25 Қыркүйек, 2024

«The New York Times»: Әуезовке қазанама қалай берілді?

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонымен, сіз Вашингтон қаласындағы үлкен кітапхананың бірі – Гельман кітапханасында отырсыз. Жай отырмай, АҚШ сынды алпауыт елдің газеті мен журналы қалай шығады екен, олар нені жазып, оқырманына қандай рухани азық береді екен деген сұрақтарға жауап іздейсіз. Әдеттегідей, алып Америкада маңызды да кең таралатын газеттің бірі – «The New York Times». Осы газеттің бұрынғы сандарын парақтап отырып, «ішінде Қазақ, Қазақстан туралы не бар екен?» деген ой да мазалағаны рас.

«The New York Times»: Әуезовке қазанама қалай берілді?

Бізді қызықтырғаны – атал­ған газеттің 1961 жылғы 28 мау­сымдағы саны. 35-беті­не сол уақытта қайтыс бол­ған маңызды тұлғалар тура­лы қазанамалар беріліпті. Соның бірі – біздің заңғар жазушы­мыз Мұхтар Әуезов хақында. АҚШ газетінің қазақ жазушы­сына арнаған қазанамасының ­толық мәтіні мынадай:

«1959 жылы екі томдық шы­ғармасымен Ленин атын­дағы сыйлықты иеленген ке­ңес жазушысы Мұхтар Әуе­зов қайтыс болды. Ол қазақ­тың ақыны, философы. Оның «Абай» және «Абай жолы» атты екі томнан тұ­ратын шығармасы екі жыл бұ­рын Ленин атындағы сый­лықты жеңіп алған. ТАСС агент­тігінің хабарлауынша, ол кеше Алматыда қаза тапты. Жасы 63-те» дей келе, Мұхтар Әуезовтің Шыңғыс­тауда туып-өсіп, кейін келе Абайдың өмірі жөнінде ке­сек шығарма жазғанын, Ле­нинград университетінде бі­лім алғанын, көптеген шығар­малардың авторы жөнінде дерек келтіреді. Сонымен бір­ге оның 1960 жылы кеңес жазушыларымен бірге АҚШ-­тың кей штаттарында арнайы сапарда болғанын, еліне қайтып барған соң, сұхбаттарында Нью-Йорктегі зәулім ғима­раттарға қызыққанын айтты дегенді де қосады.

вы

Қалай десек те, Америка то­пырағына ең алғаш табаны тиген қазақ жазушысы Мұхтар Омарханұлы екені шын­дық. Оның арнайы сапары туралы АҚШ қоғамы мен баспасөзі хабардар. Сол үшін де алпауыт басылым ол жөнінде арнаулы қазанама жариялап, күллі әлем жұр­тына қазақтың бір ұлы жазу­шысы мына дүниеден көш­ке­нін хабарлағанының ­өзі үлкен құрметтің, айырық­ша ілтипаттың белгісі. Тіпті, «The New York Times» Мұхтар Әуе­зовтің суретін де бірге жа­рия­лағаны көңілімізге қуа­ныш сыйлағандай болды. Бұл дегеніміз, өткен ға­сыр­дың 60-жылдарының өзін­де АҚШ қоғамының, әде­би ортасының қазақ жазушы­сын мойындап, оған назар аударғанының дәлелі бол­мақ. Былайша айтқанда, Әуе­зовтің де Америка жұр­ты­на әсер қалдырғаны дау­сыз. Ол туралы алпауыт ел­дің бас­пасөздері әртүрлі мақа­ла­лар жариялған да шығар, ал әзірге біздің қолымызға түс­кені – осы бір қазанама.