Әдебиет • 24 Қыркүйек, 2024

Күзгі жалғыздық

976 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қалқаман Сариннің «Мойындау» деген жыр жинағынан күз туралы жиырма шақты өлеңін оқыдым. Онда мынандай шумақтар бар:

Күзгі жалғыздық

«Ертістің жағасына Күз жайғасты,

Жер мұздап табанымның сыздайды асты.

Артына қарай-қарай жаз да кетті-ау,

Алысқа ұзатылған қыздай жақсы».

Осындай әдемі өлеңдерін оқығаннан кейін:

«Көктем туралы өлеңдерің аз. Жаз туралы да жазбайсың. Қыста туған екенсің, бірақ қыс туралы да көп жазбайсың. Неліктен күз туралы өлеңдерің көп?», деп сұрадым.

«Менің жан дүниеме үйлесетін мезгіл – күз», деді Қалқаман. «Күзді көп жаздым, әлі де жазатын сияқтымын. Өйткені күзді сағы­намын, күз келгенде балаша қуанамын. Өске­мен мен Алтайдың күзін көргелі, күзге деген сезі­мім күшейе түсті. Енді оған Есіл бойындағы ерте күздің бояуы қосылатын шығар. Тіпті өзім де өлеңдерімнің ішінен өзгешелік сезіне баста­ғандаймын».

– Мүмкін ол кемелденуіңе байланысты болар?

 – Жасымыз қырық беске келді, шын мәнінде, іштей көп нәрсені мойындадым. Уақытты, әлсіз­дікті, жастықты, махаббатты мойындау деп тере­ңірек жауап беруге болады. Соның бәрі бүгінгі көзқарасыммен басқаша қалыптасып, бәріне жауап беру керек болған сияқты сезімде жүрмін. Жазды – жастық шаққа, көктемді – махаббатқа теңеп жатамыз. Күзде ойға, тереңдікке бойлап, жалғыздыққа бой алдырып, жан дүниеңді қанағаттандыратын жақсы дүниелерді күтесің. Тіпті жақсы өлең жазбаған күннің өзінде жақсы дүниені іздеп жүріп оқисың осы мезгілде. Күн шығыстан атып, батысқа батады, тәулігіне жиырма төрт сағат та еш өзгермегенмен, күзді жан дүниеге керек өзгешеліктерді іздеп табатын уақытқа ұқсатамын.

– Күз туралы өлеңдеріңде ойнақы жолдар да кездесіп қалады ғой:

«Өзгеше сарғыш нұрың – жанның күйі,

Өзді-өзі сыбырласар жаңбыр жиі.

Билейді жапырақтар жел сазымен,

О, Неткен, Тангоға ұқсас Тағдыр биі!..» дейсің.

Жалғыздықты да көп қамтитын сияқтысың. Біз білетін Қалқаманның жан-жағы топырлаған дос-жаран, ән-күй сияқты еді. Ал сонда өлеңдеріңе жалғыздық стихиясы қайдан келіп жүр?

– Күз – жалғыздық, екеуі егіз дүние. Күзді тек мезгіл деп қана жақсы көрмеймін-ау осы. Күзге мезгіл деп қана қарасам, жеккөріп ке­туіме себеп те бар. Неге десеңіз, күзде менің анам қайтыс болды. Жоқ, олай емес екенін де ішім сезеді. Күздегі сезім, мұң, адамның жан дүниесі есейіп, есейген сайын ішкі музыкасы қабаттасады емес пе. Біз әдетте жалғыздықты жарсыз, доссыз соқа бас деп есептейміз ғой. Құдайға шүкір, ол жағынан бақытты адаммын. Отбасым жағынан да, достарымның арасында да шүкір ететінім көп. Жалғыздықты аңсайтын себебім, жалғыздық – жалғандықтан құтқаратын сияқты… Қалқаманның мына сөздерінен кейін «Мойындау» деп аталған өлең кітабын қайта парақтай бастадым. Мен аударған парақтар күзгі жапырақтар сияқты судыр-судыр етеді. Кенет жел тұрып, парақтар одан да қатты судырлап кетті. Бейне бір басқа тақырыптар туралы жазылған өлеңдер: «Бізді неге оқымайсың?» деп шуласа жөнелген секілді. Күз күндеріндей салқын қабақ танытып, мен де қытымырлана түстім. Себебі жауын-шашын көп болған жылдары жапырақтар да кеш түседі. Бірақ басқасы басқа, ал күзде лирикаға көп орын бола бермейді.