Зерде • 25 Қыркүйек, 2024

Бөкенбай Қарабатырұлын неге шатастырамыз?

1634 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Ақтөбе облысы «Ырғыз – Шалқар» тасжолы бойында орналасқан «Бөкенбайдың қарауыл төбесі» атанған тарихи орынға қатысты Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен ғылыми кеңес өтті. 2000 жылдың басынан Ырғыз – Шалқар тасжолы бойындағы Бөкенбай Қарабатырұлының қарауыл төбесі маңайында ХVІІІ ғасырда тарихи оқиғалар өткен, саяхатшылар жазбаларында қамтылған. Ғылыми кеңесте мамандар 1710 жылы Қарақұм құрылтайында бас сардарлыққа сайланып, Аңырақай, Бұланты шайқастарында қазақ жасақтарын бастағанымен, әлі күнге дейін тарихи бағасын алмаған Бөкенбай Қарабатырұлына қатысты зерттеулермен бөлісті. Сондай-ақ Самара – Шымкент тасжолы бойындағы шоқының атауына қатысты талас-тартыс өршіп келеді. Ғылыми кеңесте зерттеу жұмысы аяқталғанша шоқының басына мүдделі адамдардың өз бетінше белгі қоюына тыйым салынсын деген шешім қабылданды.

Бөкенбай Қарабатырұлын неге шатастырамыз?

Бөкенбайтанудағы ақтаңдақтар

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы, тарих ғы­лымдарының докторы Гүлбану Ізбаса­ро­ваның хабарлауынша, 1803 жылдың 23 шілдесінде Я.Гавердовский баста­ған Орынбор шекаралық комиссиясы мүшелері Бұхараға экспедицияға аттанып, жолда Ырғыз бойын, Аралдың сыртын қоныстанған қазақ рубасылары­мен, соның ішінде Сырым Датұлы көтерілі­сі­не қатысқан Қаракөбек Қосыбай­ұлы, Басықара, Кетебаймен жолығады. Алай­да Бұхара сапары Аралдың солтүстігі­нен аспайды. Өйткені керуенге Қожа­бер­ген Шатқалұлы, Әбілғазы Қайыпұлы тобы шабуылдап, біраз адамды тұтқынға түсі­реді. Гавердовский жанындағылармен сытылып шығып, қыркүйекте Орынбор­ға әзер жеткен. Саяхатшы бір жылдан ке­йін қолжазбаларында құм арасындағы Бөкенбай тауы, Бөкенбайдың қарауыл төбесі туралы жазады. Қарауыл төбе – ұшы сүйірлене біткен биік шоқы. Оның төбесінде тастар қаланған, топырағы әктас пен құмтас, беткі қабаты қызыл сазбен жабылған деп суреттейді. Осы төңіректе қалмақтар тықсырған кезде старшина Бөкенбайдың ауылы қоныстанғанын айтады. «Ресей отаршылдығы басталмай тұрғанда табын рулары Жайық, Еділ, Қалдығайты, Шыңғырлау, Жем, Темір өзендерінен Үстірт, Сам-Матай, Доңызтау, Бұхара, Хорезм, Сырдарияға дейінгі аралықта емін-еркін көшіп жүр­ген. Тарихшы И.Ерофеева 1725 жыл­ға дейін жетіру тайпасы жазда шөме­кей, төртқара және шекті руларымен бірге Ырғыз-Торғай өзендерінің арасын­дағы зор аумақты жайлағанын, олардың үне­­мі Еділ қалмақтарының шабуылына ұшы­­рап келгендігін жазады», дейді Г.Ізбасарова.

ап

ХVІІІ ғасырдағы қазақ ұлтының тағ­дыры сынға түскен кездегі Қарақұм және Ордабасы құрылтайы өткен жерлер, оған қатысқан тұлғалар тарих ғылымдары­ның кандидаты Жәнібек Исмурзиннің «Бөкенбайтанудағы таңдақтар: тарих­намалық һәм деректанулық талдау» атты баяндамасында қамтылды. ХVІІІ ға­сырдағы қазақ тарихына қатысты деректер Мәскеудегі Ресей мемлекетінің көне актілері, Ресей империясының сыртқы саясаты, Ресей мемлекетінің әскери-тарихи архивтерінде, Орынбор об­лыстық архивінде, Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург филиалының тарих институтында сақталған. Ең құнды дерек – саяхатшы Яков Гавердовскийдің үш қолжазба журналы.

Бұхара сапары сәтсіздікке ұшырап, Орынборға кері қайтқан соң, 1804 жылы бірінші қолжазба журналын аяқтай­ды. Оның қолжазбалары Мәскеудегі Ресей мемлекетінің әскери-тарихи архиві мен Ресей Ғылым академиясы Санкт-Петербург филиалының тарих институтында сақталған. Екіншісі – 1806 жылы шыққан «Обозрение киргиз-кайсацкой степи» қолжазбасы. Алғашқы екі журналда таласқа түскен Бөкенбай шоқысы, үшіншісінде жоңғар басқыншыларына қарсы ұйымдасқан Қарақұм жиыны туралы жазылған. Бірер жылдан соң Яков Гавердовский Бородино шайқасында қаза тапты. А. Левшин 1865 жылы шық­қан «Киргизская степь в Оренбургских ведомствах» жинағында Я.Гавердов­ский деректеріне сүйене отырып, «1723 жылы ақбоз атты құрбандыққа шалып, Әбілқайырдың хан сайланғанын» жаз­ғанымен, Бөкенбай батыр, Қарақұм жиыны, Ордабасы туралы еш мәлімет жоқ. Мұхамеджан Тынышбаев 1927 жылы шыққан «Ақтабан шұбырын­ды» мақаласында бұл Ордабасыда өткен жиын деп баға береді.

пр

Елші Тевкелевтің журналында Бөкен­бай Қарабатырұлымен 86 рет, арғын шақшақ Бөгенбаймен 8 рет кездескені тіркелген. Өкінішке қарай, император елшісінің қанжығалы Бөгенбай сар­­­­­дар­мен кездескені жөнінде жазба жоқ. Ре­сей империясы сыртқы саясат архи­­ві­нің 122-орында Тевкелевтің 1732 жылы ­21 мамырда арғын шақшақ Бөген­бай­­мен кездескені жазылған. Кейін бірқа­тар зерттеушілер Тевкелевтің 1731 жылы табын Бөкенбаймен кездесуін шақ­­шақ Бөгенбайға теліп жіберген.

1723 жылдың маусым айында Арал бойындағы Қарақұмда екінші жиын өте­ді. Алайда осы құрылтай тарихта ес­керу­сіз қалды. Бұл жерде де шатасулар бас­талды. Зерттеуші Ә.Диваев 1905 жылы жарияланған «Көк кесене» мақаласында Гавердовскийдің Қарақұм құрылтайы­на қатысты жазбасын толықтырып, 1723 жылы өткен ІІ Қарақұм құ­рыл­тайы (қаракесек жиынына) әлім, адай, беріш руларының белгілі адамдары, Тайлақ батыр мен ошақты руынан Сау­рық батыр қатысты деп жазған. Қара­кесек құрылтайы немесе Қарақұм жиы­нынан соң қазақ жасақтары Уса Серен қал­мақ­тарымен 1726 жылға дейін шайқасты.

Аңырақай шайқасы кезеңі сипат­тал­ған М.Тынышбаев мақаласында Әбіл­­қа­йырдың хан сайлануын, ақбоз ат­ты құр­бандыққа шалу оқиғасын жаза оты­рып, бұл жиын Ордабасы тауында өтті дей келе, Түркістан өлкесінде осы жиын­ға қатысты аңыздың сақталмағанын ес­кертеді. 1884 жылғы Түркістан өлкесі кар­та­сында Ортабашы деген жер атауы кес­кін­делген. Ортабасы ХІІІ ғасырдан келе жатқан атау, оның құрылтайға еш қатысы жоқ. Осылайша, Ордабасына қатысты отандық тарихнамада кеткен қателік Тынышбаевтан басталды. Кеңес тарихшысы М. Вяткин редакциясымен шыққан Қазақ КСР тарихы ІІ томының алғысөзінде жетіру бірлестігін ең ықпалды Есет батыр басқарғанын, шақшақ Жәнібек батырдың осы кезде аты шығып келе жатқанын ай­тады. М.Вяткин Бөкенбайды 1720 жыл­дардың батыры деп сипаттап, оның шай­қасқа ең бірінші болып кіретінін, төрт аға­сының соғыста қаза болғанын жазды. 1973 жылы шыққан Қазақ совет энциклопедиясында Бөкенбай батырдың ерлігін қанжығалы Бөгенбайға теліп жіберген.

Тарихшы Ирина Ерофееваның 1999 жылы шыққан Әбілқайыр хан туралы монографиясында тұңғыш рет Бөкенбай Қарабатырұлының есімі аталып, 1710 жылы Қарақұм құрылтайында оның бас сар­дарлыққа сайланғанын жазады. 2017 жылы Ирина Ерофееваның Бөкен­бай батырға арналған монографиясы жа­рық көрді. Ол еңбекте Бөкенбайдың 1742-нің көктемінде өмірден озғаны айты­лады. Тарихи оқиғаларды архив құ­жат­тарымен зерделей келе, Жәнібек ­Ис­мурзин қателіктердің түп негізі – ­ХVІІІ ғасыр оқиғаларының терең зерттел­меуі, батырлардың өмір сүру хроноло­гия­сы­ның анықталмауынан деп түсін­­дір­ді. Салдарынан Ақтабан шұбы­рынды жылдарында қол бастап, жаудың ең ­ал­дың­ғы шебінде шайқасқан ­батыр­­лар кейінге ығыстырылды. Отан­дық та­рихнамада қайталанып жатқан қате­лік – фольклорлық шығармалар мен әуесқой зерттеушілер жазбаларының ака­­демиялық еңбектерге еніп кетуі дейді жас ғалым.

Я.Гавердовский еңбегінде 1710 жылы Әбілқайырды хан сайланды деп кел­тірген. Сондай-ақ 1711 жылы ақпанда құба қалмақ билеушісі Дондук тайшы воевода Чириковқа жазған хатында қара­қалпақ арасынан оралған елшісінің баш­құрт пен қара қазақтар Әбілқайыр сұлтанның басшылығымен патшаға қар­сы соғыс ашуға даярланып жатқанын жазады. Тағы бір архив құжатында 1710 жылы кіші жүздегі қазақ ордасына 24 орыстың тұтқынға түскенін, олардың «біз­дің иеміз Әблқайыр хан» деп жазғаны сақталған. Тағы бір дерек көзінде 1720 жылы Қазақ ордасы шығыстағы жоңғар қоңтайшысына жасаған шабуылында ­3 мың адамды тұтқынға алғаны көрсетіл­ген.

 

Қарақұм жиыны қай жерде өтті?

Қазақ тарихының тағдырын шешкен Қарақұм жиыны екі рет болған. Бірі – 1710 не 1711 жылдың қысында, екіншісі 1723 жылдың жаз айында өтті. Қателік Я. Гавердовскийден басталған. Поляк саяхатшысы екі оқиғаны бір жылдың оқиға­сы деп жазған. 1723 жылы қазақ рула­ры Ақтабан шұбырындыда жеңілген­нен кейін солтүстік Арал маңы, Ақтөбенің оңтүстік жағын қоныс еткені жырларда айтылады. Мәселен, Мұрат Мөңкеұлы «Есболай Борсық қыстап аман қалған» дейді. Қазақ рулары 1722–1725 жылдары Борсықта үш жыл қыстайды. Өйткені 1724 жылы Әбілқайыр соңындағы елімен Торғай, Ырғыз, Қарақұмға қашып келді. 1725 жылы Есет пен Бөкенбай батыр жоң­ғарға аманатқа алынған. Доржының Есет, Бөкенбай, Жәнібек туралы жазған хаты да архивте тұр. Өкінішке қарай, поляк Яков Гавердовскийдің 1804–1806 жылғы топографиялық картасын тарих­шыларымыз жөнді пайдаланбай келеді. Осы картада қазақ қоныстары, зираттары, жер атаулары түгел ескі атаулары­мен тұр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаровтың айтуынша, Павел Рыч­ковтың «История Оренбургского края» еңбегінде Ырғыз, Қабанқұлақ, Бөкенбай шоқысы кескінделген. «Осы аумақта екі биік төбе бар. Біреуі картада «Букамбай кумъ» деп, екіншісі «г. Буканбая маякъ» деп көрсетілген. Қызғылт құмтасты Бө­кен­бай шоқысы үстінде зират орны бай­қалады. Ертеде оның бетіне жақпар тастар қаланған тәрізді. Шоқыдан бір­неше шақырым жерде, картада «Бу­камбай құмы» деп көрсетілген жерде орта­ғасырлық қорған және қазақ молалары бар. Қазір тұрғылықты жұрт оның атауын білмейді. Сондықтан кар­то­графиялық деректемелерге қол жет­кізіп, этнографиялық, ескерткіштану, археологиялық бағыттар бойынша зерт­теу жұмыстары жүргізілуі қажет. Бөкен­бай­дың қарауыл төбесіндегі зират ХVІІІ ға­сырдағы, не Алтын Орда дәуіріндегі, не ХІХ ғасырдағы бейіт болуы мүмкін. Орын­бор, Санкт-Петербург, Элиста қалаларын­да­ғы мұрағат деректерін зерттеу керек. Өйткені Астрахан қаласындағы біраз құжат Элистадағы архивке көшірілді», деп қорытындылады Р. Бекназаров.

Мемлекет тарихы институты ди­ректорының орынбасары, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Бүркіт Аяған Омбы қаласының архивінде де картографиялық деректер көп сақтал­ға­нын атап өтті. Өйткені 1913 жылы Омбының офицерлері қазақ даласына шығып, әскери-топографиялық карта жасап, оған даламыздың сай-саласы мен өзен-көлін, төбешігі, қыстаулары мен зираттарын түгел түсірген.

«1983 жылы Ырғыз ауданында музей ашар кезде Әбіш Кекілбаевқа бар­дым. Ол «Үркер» романын жазар ал­дын­да осы жақты аралағанын, жергілікті ақсақалдардың Бөкенбайдың қарауыл төбесіне алып барғанын айтты. Әбіш аға тама Есет батырдың жерленген жері анықталғанын, Әбілқайырдың Хан моласында жатқанын айта отырып, Бөкенбай батырдың құпия жерлен­гені туралы ел арасында сақталған дерек­ті келтірді де, Бөкенбай туралы сұрас­тырып жүріңдер деді. Әскери инженер И.Ф.Бларамберг жасаған Ырғыз уезінің картасында Бөкенбай шоқысынан 7 ша­қы­рым қашықтықта Букамбай құмы деген жер бар. Ал Бөкенбай шоқысынан әрірек Темірастау мен Қабанқұлақ төбе­лерінің басында Бөкенбайдың қара­уылдары тұрған деген аңыз бар», дейді ақтөбелік өлкетанушы Бекарыстан Мыр­забайұлы. Оның айтуынша, Жөкей Шаңғытбаевтың «Бөкенбай батыр» дас­танында батырлардың есімдері, жаса­ғының саны айтылған. Кейін осы жырды Жәкібай жырау жырлаған. Оның нұсқасында Табын Бөкенбай, тама Есет батыр, жағалбайлының батырлары бірнеше мың қолмен Ырғыз өзені бойында отырған құлтас Нұрсейіттің ауылына түскені туралы айтылады. Жасақтың бағыты – Қарақұм. Қалың әскер келер алдында Нұрсейіт баласы Жолғұттыны жылқы іздеуге жібереді. Өйткені жасақ келер алдында жағымсыз түс көреді. Жол­ғұтты ауылына әскер келіп жатқанын екі күндік жерден естіп, соғысқа бара жатқан сарбаздарға ілесіп, 19 жасында қаза табады. Осы дерек «Бөкенбай батыр» дастанында және құлтас шежіресінде бар. Нұрсейіт тамы әлі де сақталғаны туралы құнды деректерімен бөліскен Бекарыс­тан Мырзабайұлы осы жазда Әлкей Мар­ғұлан зерттеген жолдармен Қара­құмды аралап, Бұлантыға дейін жүріп өткен. Жергілікті ақсақалдар оған Қарақұм ­жиыны өткен «Құлжұмыр қасқа төбе» деген жерді көрсеткен. Бұл – айналасына қалың сексеуіл өскен үлкен алқап. Ортасында аттың қасқасы сияқты көрінетін биік шағыр төбеден 25–30 шақырым төңірек түгел көрінеді. «Бізді ертіп барған кісілер осы жерде 1726 жылы құрылтай өтті деп айтты. Осы жерде қаракесек рулары қалың әскерді төрт ай азықтандырған. Тарихшы Жәнібек Исмурзин қазақ-жоңғар қатынастары шиеленіскен кезде, 1710 және 1723 жыл­дары екі рет құрылтай өткенін айтып отыр. 50 мыңның шамасындағы әс­кер қыстай дайындалып, Бұланты шай­қасына кірді. Жасақта қаншама сар­баз шейіт кетті? Архивте қалғаны тек әс­кер­басылардың есімдері ғана. Сондық­тан картографиялық зерт­теулер керек. Ке­­зінде Ғылым академиясы­ның сирек қол­жазбалар қорына қабылданған Жөкеш Шаң­ғытбаевтың 1500 жолдық дастаны­нан 4-5 парағы ғана қалған. Дастан жойы­лып кеткен. Оның жазбасы қолымыз­да болғанда, біраз деректен хабар берер еді», дейді ақтөбелік өлкетанушы.

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Әжіғали осы жиын­да ерте­­дегі жер-су атаулары, қ­азақ ес­керт­­кіште­­ріне қатысты маңыз­ды мә­се­ле көтеріл­ге­нін ­айтты. «Қа­зақ ескерт­кіш­­тері мен то­поними­ка жері­міз­дің не­­гізгі айқындаушысы. Біз неге Я.Га­вер­­­довский мен А.Левшин де­рек­те­рі­не ерекше маңыз беріп отырмыз? Өйт­­­кені олардың заманында қазақ­­­тың архаикалық топонимикалық жүйесі сақ­талған еді. Ол жүйе ХІХ ғасырдың ортасында өзгерді. Мәселен, қазақ дала­сындағы Алшын тауының қай жерде екенін қазір ешкім айта алмайды. Жер-су атаулары ХІХ ғасырда қазақтар жартылай отырықшылыққа көше бастаған кезде өзгерді. Бұл – бөлек зерттейтін тақырып. Бүгінде қаншама ғылыми диссертация қорғалып жатса да, қазақтың архаикалық жүйесінің қалай өзгергені зерттеліп жатқан жоқ. Гавердовскийдің жазғанының көбі дұрыс. Енді Бөкенбай шоқысына кешенді экспедиция жүргізу керек. Бүгінде Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында қазақ ескерткіштану орталығы жұмыс істейді. Бізде тәжірибелі мамандар жиналып жатыр», дейді археолог-ғалым.

ХVІІІ ғасырдағы тарихтағы аттас тұл­ға­ларға байланысты үлкен дау бір тұлға­ның дерегін екіншісіне таңып қоюдан бас­талды. Бұл – деректанудағы жүйесіздік. Осы жиында картография мәселесі кө­терілді. Қазақ даласының түсірілген карталары Ресейдің үш мұрағатында сақталған. Ғалымдар шетелдік мұрағаттардан дерек алу жүйесін бір ізге салып, орта­лық­тандыру керек дейді. Алдағы уақыт­та отандық әрбір зерттеуші тапқан құ­жаттарын Ұлттық кітапхана не мем­ле­кеттік архивке әкеліп өткізу керек. Әйт­песе, бір қорды бірнеше ғалым қарап, бірін бірі қайталайтын деректер алып келеді. Негізгі мақсат – шетел архивтері­нен өзімізде жоқ картографиялық дерек­терді тауып, бір жүйеге жинақтау.

 

Алматы