Аймақтар • 25 Қыркүйек, 2024

Жолдар жаңартыла бастады

122 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, «Ақтөбе – Ұл­ғай­сын», «Ақтөбе – Қанды­ағаш», «Шалқар – Бейнеу» тасжолдарының апатты жағдайы Көлік министрі Марат Қарабаевтың өңір тұрғындарымен кезде­суінде көтерілді. Биылдан бастап Ақтөбе облысының 124 шақырым автокөлік жолы жөнделеді. Оған рес­публикалық бюджеттен 65 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жолдар жаңартыла бастады

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Еуропа қайта құру және даму банкі бөлген инвестиция қаржысына «Ақтөбе – Қарабұтақ» бағытының Ұлғайсыннан әрі Қызылорда облысына дейінгі аралығы төртжолақты болып өз­гереді. Ал «Шалқар – Бей­неу» жолын қайта жаңғырту жұмыс­тары 2027-2028 жылдарға шегерілді. «Қандыағаш – Шал­қар – Ырғыз» бағытының 20 шақырымы орташа жөндеуден өткізілді.

Жұртшылықты толғандырып отырған басты мәселе – жол апаттарының тым жиілеп кетуі. Өткен жылы елімізде жол-кө­лік оқиғаларынан 4500 адам әр­түрлі жарақат алып, 1100-і қай­тыс болған. Облыстық қоғам­дық кеңес мүшесі Берік Жұба­ниязов «Ақтөбе – Хромтау» тасжолындағы апаттарға жиі себепкер болатын транзиттік ауыр жүк көліктері ағымын реттеу қажеттігін айтты.

М.Қарабаев таяуда республи­калық тасжолдарда орташа жыл­дамдық өлшемін 140 км/сағ-тан арттырған көліктерді тір­кеп, бірден айыппұл жазатын бейнекамералар орнатылаты­нын мәлімдеді. Сонымен қатар жолдардың түйіскен тұстары жарық­тандырылып, мал өткел­дері көбірек орнатылмақшы.

Қоғам белсендісі Болат Аша­баев Хромтау теміржол бекетіне күрделі жөндеу қажеттігін айтып, Ақжар мен Тассай ауылдары жолдарынан қиыршықтас таситын ауыр жүк көліктеріне шектеу қою мәселесін көтерді. Хромтау вокзалының іші-сырты бірдей тозып кеткен, жолаушыларға жағдай жасалмаған. «Астана – Ақтөбе» пойызы Қандыағаш бекетін айналып, Ақтөбеге 5-6 сағат кешігіп жететіндіктен, жолаушылар көбіне Хромтаудан түседі. Оның үстіне вокзал Хромтау қаласынан 6 шақырым жерде орналасқан.

Министр жоспарға енгі­зілген 54 теміржол вокзалын кезең-кезеңімен жөндеу жос­пары су тасқынына байланыс­ты кідіріңкіреп, келесі жылдан бастап қолға алынатынын жеткізді. Хромтау вокзалын осы жобаға тіркеді. Карьерлерден қиыршықтас таситын көліктерді шектеудің бір амалы – бейнекамералар арқылы бақылау. Ақ­т­өбе қаласының төңірегінде де құм, қиыршықтас алынатын 96 карьер бар. Хромтау ка­рьер­лерінен де, Ақтөбе карьер­­­­­ле­рінен де қиыршықтас Қы­тай­­­дан шығарылатын Shacman кө­­­лік­­терімен тасымалданады. Қа­­­­лың көпшілік 25 тонна жүк­тен артық тасымалдауға рұқсат етіл­­­месе де, 40-45 тоннаға дейін құм, тас тиеп жүре беретін қытайлық жүк көліктерін ешкім бақыламайтынына наразы.

М.Қарабаев жерасты мен жер бетіндегі қондырғылары арқы­лы келе жатқан жүк көлігінің сал­мағын бірден анықтайтын авто­маттандырылған бақылау камераларын тасжолдарға орнату үшін заңнамалық өзгерістер қажеттігін алға тартты. Осы өзгеріс іске асырылса, шектік нормадан асыра жүк тиеген көлік жүргізушісі, карьер иесі және тапсырыс берген мердігер бірдей айыппұл арқалайды. Көлік жүргізушілері Shacman көліктерінің қозғалы­сын үлкен жолдарда шектеуді ұсынды. Қытайда да Shacman-дардың қала ішінде жүруіне ты­йым салынған әрі көптеген ел осы көлікті сатып алудан бас тартып жатыр.

Теміржол саласының арда­гері Қанат Сырлыбаев Қанды­ағаш пен Шалқар арасында жүр­гізіліп жатқан орташа жөн­деу жұмыстарының сапасына алаңдайды. «Қазіргі кезде орташа жөндеу жұмыстары салқын ресайклинг технологиясымен жүргізіле бастады. Мұның ерекшелігі – жолдың бетіндегі асфальт-бетон жабынды түгел алынып, қайтадан астыңғы қабат ретінде төселеді де, бетіне 12 см қалыңдықпен екі қабат асфальт жамылғысы салынады. Бұл – 5-7 жылға дейін шыдас беретін тәсіл. Рас, жолдың бұзылуына ауыр көліктердің бақы­лаусыз, жүйеленбеген қозға­лыстары себеп. Сол үшін орташа жөндеу кезінде бірден бақы­лау камералары орнатылады. Көліктер бақылау нысаналарын айналып өтпеуі үшін камералар көпірлер мен ірі өткелдер тұсына қойылады», деді министр.

Ардагер теміржол бойында­ғы апат кезінде шұғыл көмек көрсе­тетін құтқарушы локомотивтердің өте ескіргеніне де алаңдайды. Теміржолдың жылжымалы құ­рам­дары біртіндеп жаңаланып келеді. Мәселен, елімізде өткен жылы 113, биыл 194 локомотив, былтыр 118, биыл 101 жолаушылар вагоны сатып алынса, келесі жылы 240 жаңа вагон қолданысқа беріледі. Осы саладағы ең үл­кен мәселе – магистралды те­мір­­жолдарды жөндеу. Қазіргі уақытта еліміз теміржолдарының 540 шақырымы күрделі жөндеуді қажет етеді.

Қоғам белсендісі Сағат Оразов қазіргі кезде бір шақырым төрт­жолақты жолды салуға жұмса­латын қаржы көлемі жөнінде сұрады. Бір шақырым тасжол құрылысына шамамен 1-2 млрд теңге жұмсалады. Жер бедеріне байланысты жұмсалатын қаражат сомасы да әртүрлі. Кей тұстарда жол тауды жарып өтеді, кейде ойлы-қырлы бөліктері тегістеліп, асфальттың орнына цементтелген жабынды төселеді. Еліміздегі автокөлік жолы құрылысына дүниежүзілік қаржы институттары займы, республикалық бюд­жет қаржысы, өте сирек жағ­дайда Ұлттық қор қаражаты жұмсалады.

Бірнеше жеке кәсіпкер Алға ауданы Бестамақ ауылы тұсында орнатылатын көлік дыбысын бәсеңдеткіш қондырғының жол бойындағы кәсіпкерлік нысан­дарын бөгеп тастайтынына наразылық білдірді. Осы жолды ауыл үйлеріне тіремей, 50 метр әрірек жүргізуге болатын еді дейді олар.

Кездесуде Қарабұтақ – Қос­танай бағытындағы жолдың Әйтеке би ауданының орталығы Т.Жүргенов ауылының 10 ша­қы­рымынан соң өте нашар күй­ге түскені туралы айтыл­ды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» облыс­тық филиалының директоры Айбол Данағұлов келесі жылы осы жолдың 96-дан 136 км аралығында, Қостанай облысы шекарасына дейін орташа жөндеу жұмыстары басталып, екі қабат асфальтты бетон жабындысы салынатынын жеткізді. Ойыл ауданының су шайып кеткен жолдары мен көпірі, Мәртөк ауданының жолдарын жөндеу қажеттігі де сөз болды.

Облыстық жолаушылар көлі­гі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ай­бек Қайырдың айтуынша, был­тыр Ойыл елді мекенінің кіре­беріс жолы мен Қаратал ауылына дейінгі жолға 3 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілгенімен, көктемгі су тасқынында Қаратал­дың кіреберіс жолы шайылып, Ойыл көпірі бұзылды. Енді Ойыл­дың жолдарын қалпына келтіруге 5,6 млрд теңге, көпірді қайта салуға 4 млрд теңге бөлініп отыр. Ал 2005-2099 жылдары салынған «Қобда – Ойыл» тасжолына күрделі жөндеу жүргізу келесі жыл­ға жоспарланған. Осы жобаға «Ойыл – Саралжын» жолы да кіріп тұр. Мәртөк ауданының жолдарын қайта жаңғырту 2026 жыл­ға қалдырылды.

«Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен 12 мың шақы­рым жолға күрделі жөндеу жұ­мыс­тары басталады. Бұл – өте ауқым­ды жұмыс. Еліміздегі рес­пуб­ликалық жолдардың ұзын­дығы 25 мың шақырым болса, ал­дағы үш жылда 12 мың ша­қы­ры­мы орташа жөндеуден өте­ді. Тұрғындар орташа жөндеу жұмыстарына қарағанда қайта жаңғырту жобасы қажеттігін алға тартады. Алайда жолды қайта жаңғырту тым қымбатқа түсіп, оның құрылысы бес жылға дейін ұзарып кетеді. Оның орнына сапалы орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Былтыр Ақтөбе облысының жолдарын жөндеуге 50 млрд, биыл 65 млрд теңге бөлі­ніп, аз уақытта қаржы көлемі 30 пайызға ұлғайды. Сапар барысын­да өңірдегі жол құрылысымен айналысатын мердігерлердің басын қосып, мәселелерді жан-жақты талқыладық», деді министр.

Еліміздің стратегиялық күре­тамырларының бірі – «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» тасжолында жол белгілері дұрыс қойылмағаны, Ресей Федерациясымен арадағы «Мәртөк – Жайсаң» шекара бекетіндегі кептелісті азайту туралы мәселе көтерілді. «Қазақстан жағынан Мәртөктегі шекаралық бақылау бекетіндегі 4-5 жолақтан кірген жеңіл көлік, автобус, ауыр жүк көліктері Сорочин бекетіндегі бір жолға келіп тіреледі де қалады. Содан кептелісте ұзақ тұрамыз», дейді транзиттік көлік иелері. Жүргізушілер «Ақтөбе – Жайсаң» бекеті арқылы Ресейге және одан кері қарай тәулігіне 800 қаралы жүк көлігі өтетінін, көліктік бақылау инспекторлары бір тәулікте осыншама көлікті тексеріп үлгермейтінін, кезекте тұрған жүргізушілердің демалып, тынығуына жағдай жасалмағанына шағымданды. Сондай-ақ жүргізушілер жол бойындағы кедергілер, апатты бұрылыстар, сапасыз жөндел­ген жолдар, дұрыс қойылмаған жол белгілерінің фото және бейнетүсірілімдерін салып оты­ратын ортақ сайт құруды ұсын­ды. Министр мұндай ұсыныстың ведомствода күн тәртібінде тұр­ғанын, 2025 жылдың соңына дейін барлық ауылдық, ауданаралық, облыстық, республикалық маңы­зы бар жол тегіс қамтылған орталықтандырылған ақпараттық жүйе ашылатынына сендірді.

 

Ақтөбе облысы