Қазақстан • 25 Қыркүйек, 2024

АЭС жобасы - энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегия

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысына қарасты Ақсу қаласы мен Май ауданындағы Малайсары ауылының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz

АЭС жобасы - энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған стратегия

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың баспасөз қызметінің мәліметінше, депутат Ақсу қаласының әлеуметтік және спорт саласының ұжымдарымен, сондай-ақ Малайсары кентінің тұрғындарымен кездесу барысында АЭС құрылысы жобасының стратегиялық маңызы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол өз сөзінде аталған жобаның еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етуде маңызы зор екенін атап өтті.

«АЭС салу – Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған стратегиялық қадам. Президент маңызды шешімдер қабылдады және азаматтардың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум өткізуді мақұлдады. Бұл әр дауысқа мән берілетін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асуының жарқын мысалы», деді сенатор.

Депутат сондай-ақ халықтың бір бөлігі енді қолға алынғалы отырған жаңа салаларға қатысты алаңдауы мүмкін екеніне назар аударды. Осы орайда жобаның негізгі жақтарын жан-жақты түсіндіріп, тұрғындардың көкейкесті сауалдарына жауап берді. Ол азаматтарды референдумға белсенді қатысуға шақырды.

Ақсу қаласы мен Малайсары ауылының тұрғындары Президенттің бастамаларына қолдау білдіріп, жобаны жүзеге асыруға қатысты өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді. Кездесу барысында еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін әрбір азаматтың саналы таңдауының маңыздылығы айтылды.