Оқиға • 25 Қыркүйек, 2024

Astana Media Week: Спорт журналистикасының болашағы талқыланды

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Astana Media Week-2024 апталығында сала мамандары спорт сүйер қауымның қызығушылығын қалыптастыру тетіктері мен әдістерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Astana Media Week: Спорт журналистикасының болашағы талқыланды

Фото: Баян Сүлейменқызы

Апталықтың спорт журналистикасы саласына арналған «Эмоциялармен бөлісу: спорттық бұқаралық ақпарат құралдарының жанкүйерлердің арасында қызығушылықты қалыптастыруда және сақтауда әсері» тақырыбында өткен панельдік сессиясын спорт менеджер, журналист Жігер Азбергенов жүргізді. Ол сессияға қатысушы спикерлерге спорт журналистикасының қазіргі жай-күйі, бәсекелестік орта қалыптастыру, кадр дайындау, журналистік этика, жалған ақпарат, әлеуметтік желінің әсері жөнінде сауалдар қойып, ойларын ортаға салуды сұрады.

Qazsport телеарнасының бас продюсері Әділет Құсайынов кадр мәселесі өзекті болып тұрғанын айтты.

«Журналистика мамандығында оқып жүрген жастар тәжірибеден өтуге келеді. Бірақ оқу бітірген соң ешқайсысын таба алмай қаламыз. Жас мамандар бұл салаға келгісі келмейді», деді продюсер.

Ол сонымен қатар спорт журналистикасы барлық спорт түрін қамтитындығына қарамастан, кез-келген спорт түріне қатысты сараптама жасап, пікірін білдіретін спикерлердің, оның ішінде қазақ тілді мамандардың жоқтығы спорт журналистикасында негізгі қиындық тудырып отырған мәселе екеніне тоқталды.

Талқылау барысында қазір кез-келген адам желіде арнасын ашып спорт туралы ойын айта алатыны, әлеуметтік желіде live форматта видео түсіріп, ақпарат тарататыны, сондықтан телеарнаға ақпараттың өзге де қырларын ұсынуға тура келетіні, бұл журналистерден үнемі ізденіс үстінде болуды талап ететіні сөз болды. Бұған қоса сауатты спорт журналистикасын қалыптастыру мақсатында комментаторларға арналған сөздік дайындалып жатқаны айтылды.