Сурет: ru.freepik.com
Аталған есепте берілген зерттеу деректеріне сүйенсек, әлем жастары жұмыссыздық, еңбек нарығындағы жоғары бәсекелестік және ментал саулық сияқты мәселелерге кеңінен тап болып отыр. Бұл мәселелерді тиімді мемлекеттік саясат және қажетті салаларға инвестиция құю арқылы шешуге болатыны туралы мамандар пікірі берілген. Мәселелерді Достастық хатшылығы Экономика және бейбітшілік институтымен бірлесе отырып, 2010-2022 жылдар аралығындағы өзгеріс динамикасы қорытындысымен талдап шыққан.
Осы зерттеудің барлық тиісті факторды есепке алмауы мүмкін екенін де естен шығармаған дұрыс. Мәселен, 2023 жылы еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі жастардың даму индексін енгізу және қолдану қағидаларын бекіткені де есімізде. Жергілікті индекстің талдауы әлдеқайда дәлірек болуы мүмкін. Өйткені онда нақты аймақтық факторлар кеңінен талданады.
56 тәуелсіз елдің бірлестігі ретінде қызмет ететін Достастық хатшылығы жастардың даму индексін өлшеу арқылы жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың әлеуетін жетілдіруге көмектесетін құралдарды анықтауға, болашақ көшбасшыларды даярлауға өз үлесін қосып келеді. Бұл мақсатта зерттеу деректері жастар саясатының келесідей алты саласын қамтиды: білім беру, жұмыспен қамту, теңдік пен инклюзия, денсаулық пен әл-ауқат, қауіпсіздік және азаматтық белсенділік. Бір ескеретіні, зерттеу аясында 15-29 жас аралығындағы азаматтар ғана қарастырылған.
Зерттеу нәтижелеріне көз жүгіртсек, бірден 2023 жылғы жағдай бойынша алғашқы орынды Сингапур иеленгенін байқаймыз. Жастар дамуына ең қолайлы орта ұсынатын бестіктегі қалған төрт ел – Дания, Португалия, Исландия, Словения. Бұл жолы көшті «Шығыс Азия барысы» Сингапур бастағанымен, алғашқы ондықтағы елдердің барлығы Еуропада орналасқан. Атап айтсақ, тізімді Норвегия, Ирландия, Испания, Мальта, Швейцария жалғастырып отыр. 183 елдің арасында 81-орын Қазақстанға тиесілі.
Алдыңғы есепке қарағанда, бұл жолғы индекстің барлық саласында әлемдік орташа көрсеткіш әлдеқайда жақсарған. Ең үлкен жаһандық ілгерілеу жұмыспен қамту саласында байқалып, көрсеткіштер 2010-2022 жылдар аралығында 6,1%-ға өскен. Керісінше, жаһандық деңгейде төмен көрсеткіштер саяси және азаматтық белсенділік саласында байқалған. Мәселен, 127 мемлекетте бұл сала бойынша ілгерілеу анықталса, қалған 56 елде жағдай нашарлаған. Бұл тұрғыдан ең үлкен ілгерілеу 69,5% пайыз көлемінде Индонезияда, ал ең төмені Пәкістанда (34,3%) тіркелген. Демек әлем елдері жастарды саяси шешімдерді қабылдауға тарту және оларды саяси алаңға көбірек шығару үшін әлі де ауқымды стратегиялық жұмыстар жүргізу қажеттігі байқалады.
Әлбетте, мұндай 12 жылға созылған зерттеу жұмысында Covid-19 пандемиясының ықпалы туралы мәлімет күту – заңдылық. Пандемия жалпы орташа даму үрдісін бәсеңдететіні болжанғанымен, жаһандық орташа көрсеткіш 2019 және 2021 жылдар аралығында төмендеудің орнына, керісінше, 0,54 пайызға өскен. Бұл жастардың даму деңгейі пандемия сияқты дағдарыстарға төзімді деген сөз бе? Бұл кезеңде әлі де Covid-19 пандемиясының әсеріне баға беру ерте болуы мүмкін, сондықтан жастар саясатындағы тенденциялар алдағы уақытта айқындалады.
Бейбітшілік және қауіпсіздік көрсеткіштерінде төмен жаһандық прогресс тіркелген. Нақтырақ айтсақ, мұндағы жаһандық көрсеткіш небәрі 0,22 пайызға артқан. Зерттеушілер пандемия нақты бейбітшілік пен қауіпсіздік саласының дамуы үшін қолайсыз орта қалыптастыратынын пайымдап отыр.
Әлем бойынша ең төмен нәтижелерді Нигер, Оңтүстік Судан, Сирия, Йемен, Ангола көрсеткен. Нигерді мысалға алатын болсақ, ондағы жастардың дамуы 4,7 пайызға құлдыраған. Аталған елдер 2023 жылғы өзге де 12-ден аса әлемдік рейтингте төмен орындарды иеленгені анықталды. Сонымен қатар Сирия, Ливия, Әзербайжан, Украина, Йемен елдері де жалпы алғанда шамамен 25-40 орынға дейін төмендеген. Салыстыруға тұрарлық басқа нәтиже – 2010 және 2022 жылдар аралығында әлемнің ең жақсы дамыған бес мемлекетінің ұпайлары 13 пайызға өсті.
Есеп авторлары саясаткерлерге, әлем елдерінің үкіметтеріне жастардың мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде бірқатар ұсыныс жасаған. Зерттеушілер әр ел жастар дамуындағы прогресті немесе регресті бақылауға, жастар мен өкімет арасында тиімді диалог құруға және осы шараларға сәйкес реформалар жүргізуге кеңес етеді. Зерттеу деректері мен талдау қорытындылары салаға қызығушы мамандарға, ғалымдар мен сарапшыларға қосымша көмекші құрал болады.
|
Мемлекет |
YDI ұпайы |
Білім рейтингі |
Жұмыспен қамту & мүмкіндік |
Теңдік & инклюзия |
Денсаулық & әл-ауқат |
Бейбітшілік & қауіпсіздік |
Саяси & азаматтық қатысу |
1 |
Сингапур |
0.868 |
18 |
5 |
4 |
1 |
1 |
100 |
2 |
Дания |
0.862 |
2 |
7 |
5 |
74 |
2 |
11 |
3 |
Португалия |
0.848 |
21 |
98 |
141 |
154 |
144 |
46 |
4 |
Исландия |
0.847 |
6 |
151 |
100 |
65 |
68 |
2 |
5 |
Словения |
0.845 |
23 |
148 |
165 |
133 |
73 |
7 |
57 |
Түркия |
0.784 |
25 |
64 |
54 |
58 |
45 |
148 |
66 |
Беларусь |
0.765 |
58 |
172 |
163 |
11 |
99 |
154 |
81 |
Қазақстан |
0.752 |
80 |
35 |
46 |
170 |
90 |
148 |
83 |
Ресей |
0.749 |
45 |
91 |
82 |
123 |
128 |
113 |
98 |
Әзербайжан |
0.734 |
54 |
107 |
38 |
114 |
117 |
171 |
101 |
Түрікменстан |
0.729 |
93 |
164 |
157 |
123 |
127 |
131 |
183 |
Ауғанстан |
0.515 |
168 |
181 |
180 |
68 |
182 |
178 |
Дереккөз: «Жастардың жаһандық даму индексі – 2023»
Айдана АМАЛБЕКОВА,
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы