Жалағаш ауданындағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы 3 500 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егіпті. Шаруалар 1 300 гектарға егілген күріштің әр гектарынан қазір орташа есеппен 89 центнерден өнім алып отыр.
Осы аудандағы озат шаруашылықтың бірі «Таң ЛТД» ЖШС осы жылы 3 000 гектар жерге егін еккен. Серіктестік диқандары мың жарым гектарлық алқаптағы күріштің әр гектарынан 85 центнерден өнім алып, көп жылдан бері қол жетпеген табысқа кенелді.
Алқапқа себілген күріш дәнінің басым бөлігі шетелдік «Каурис», «Лидер» және «Альянс» сорттары. Жаңалықты жатсынбайтын шаруашылық 80 гектарға қант құмайын, 800 гектарға жоңышқа, 150 гектарға түйежоңышқа егіпті. Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, осы жылы 189 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Осының 85,6 мың гектары – күріштік алқаптар.
Су тапшы болғанмен де мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау нәтижесінде осы жылы диқандар аса қинала қойған жоқ. Егінін күтіп-баптаған еңбекші қауым егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл шаруашылығы техникалармен, жанар-жағармаймен, минералды тыңайтқышпен толық қамтамасыз етілді.
Облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевтың айтуынша, бүгінде егілген 85,6 мың гектар күріштің 27,7 мың гектары орылып, 19,2 мың гектары бастырылды. Облыс бойынша егілген әр гектардан орташа есеппен 49,6 центнерден өнім алынып отыр.
Су тапшылығына байланысты «Таң ЛТД» ЖШС қытайлық компаниямен бірлесіп тамшылатып суару әдісімен жүгері егуге кірісті. Биыл осындай әдіспен 800 гектарға жүгері еккен диқандар жобаның болашағынан үмітті. «Ер-Әлі» шаруа қожалығы қолға алған 6 гектарлық алма бағы да тамшылатып суарылып отыр.
Қызылорда облысы,
Жалағаш ауданы