Аталған құжаттар ГФР канцлері Олаф Шольцтің елімізге ресми сапары аясында рәсімделді.
Бірінші құжат – «Siemens» ЖШС-мен жасалған стратегиялық келісім, оған Қазақстан-Германия іскерлік форумы аясында қол қойылды.
Бұл келісім бойынша Түркістан облысында шығын өлшегіштерін шығаратын бірлескен кәсіпорын құру көзделген. Шығын өлшегіштер электрөткізгіш сұйықтықтардың шығынын өлшеуге, оны есепке алуға арналған. Мұндай аспаптар уран өндіруде кеңінен қолданылады. Осы орайда еліміздің уран өндіретін кәсіпорындарымен ұзақмерзімді келісімшарт жасау көзделген.
«Неміс конгломератымен серіктестік республикада өлшеу техникасы мен автоматтандыру саласында жаңа тиімді технологияларды қолдануға, жоғары корпоративтік стандарттарды дамытуға және бизнесті жүргізудің озық тәжірибелерін енгізуге ықпал етеді», дейді қор басшысы Нұрлан Жақыпов.
«Siemens» ЖШС құрылтайшысы «Siemens AG» – 133 миллиард еуро капитализациясы бар ұйым. Ол электртехника, электроника, энергетикалық жабдықтар, көлік, медициналық жабдықтар мен жарықтандыру техникасы салаларында, сондай-ақ өнеркәсіп, көлік және байланыс салаларында арнайы қызметтермен айналысатын неміс конгломераты.
Екінші құжат – «Самұрық-Қазына» АҚ мен «Siemens Energy» арасындағы серіктестік туралы меморандум. «Siemens Energy» компаниясы еліміздегі «Siemens Energy» паркіне ғана емес, көршілес Орталық Азия елдеріндегі өкілдіктеріне де қызмет көрсететін сервис хабын Қазақстанда құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
«Siemens Energy» – «Siemens» еншілес ұйымы, ол энергетикалық жабдықтарды өндіруге, энергетика саласындағы қызметтерді ұсынуға арнайы құрылған.