Өнер байқауын әншінің туған жері – Шыңғырлау ауданы әкімдігі Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив басқармасының қолдауымен ұйымдастырды. Сайысқа Маңғыстау облысы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе қалалары мен Батыс Қазақстан облысының аудандарынан келген 13 пен 16 жас аралығындағы 18 өнерпаз қатысты.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші әрі айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиев бастаған қазылар алқасының сараптауынан кейін байқаудың финалдық кезеңіне 10 әнші өтті.
Тартысты өткен байқауда бас жүлдені Қазталов ауданының Ақпәтер ауылынан келген Аяжан Елемес жеңіп алды. Бірінші орын шыңғырлаулық Сұлужан Жәдігерге бұйырды. Екінші орын жүлдесін астаналық Толғанай Есілбай мен ақтөбелік Ислам Құрманғазы иеленсе, үшінші орынды Маңғыстау облысынан келген Арайлым Айса, оралдық Әлихан Дағаров және Бәйтерек ауданының өнерпазы Ақкенже Қонысбай бөлісті. Ал оралдық Әлижан Нұрғали мен Нұрдана Зинат, астаналық Ақбота Ерланқызы дипломант атанды.
Бұған қоса қазталовтық Әлина Сұлтан мен Сәнім Тұрарбек, қызылордалық Айару Қойшыбай мен Ақерке Жұбатқанова, маңғыстаулық Жансұлу Әли, қаратөбелік Арман Лұқпан, шыңғырлаулық Ару Бисекенова ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Өмірден ерте кеткен Қалампыр Рахимованың сіңлісі Жаңыл апайға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов елдің ықыласын көрсетіп, гүл сыйлап, иығына қамзол жапты.
Айта кетейік, Қалампыр Рахимова Шыңғырлау ауданының Алмаз ауылында 1949 жылы дүниеге келген еді. Мектеп бітіріп, туған ауылында клуб меңгерушісі болып жүрген өнерлі қызды әйгілі әнші, Қазақстанның халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиев көріп, Алматыға оқуға шақырған. Осылайша, ол Алматы эстрада-цирк өнері студиясында Ғ.Құрманғалиевтен тәлім алып, үлкен сахнаға шықты. 1969 жылдан «Гүлдер» ансамблінің әншісі болды. «Аққұмның Ақкербезі» атанды. Қайрат Байбосынов, Қапаш Құлышева, Роза Рымбаева, Сембек Жұмағалиев сынды өнер тарландарымен бірге елге танылып, 1988 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атанды. Әнші гастрольдік сапармен шетелді де, Қазақстанның түкпір-түкпірін де жиі аралайтын. Сондай сапардың бірінде Қалампыр Рахимова 1988 жылы жол апатына ұшырап, небәрі 39 жасында көз жұмды.
Батыс Қазақстан облысы