Университет • 27 Қыркүйек, 2024

Заң клиникасы құқықтық көмек көрсетеді

116 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нархоз университеті Құқық және мемлекеттік басқару мектебінде «Заң клиникасы» кеңсесі ашылды. Заң клиникасы – елімізде кәсіби дағдыларды ғана емес, заң және құқықтық тәртіпті нығайту, әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінетін заңгерлердің жаңа буынын тәрбиелеуге бағытталған әлеуметтік жоба.

Заң клиникасы құқықтық көмек көрсетеді

Сурет: kk.narxoz.kz

Іс-шараның ашылуында университет прези­денті Қанат Қожахмет заң клиникасы студенттерді теориялық біліммен қатар дуалды білім беру фор­матындағы практикалық дағдыға баулуға ықпал ететініне тоқталды.

– Бір топ адам бір-бірімен қол ұстасып, қараңғы түнекте білім іздеп сапарға шығады. Ұстазы қараңғыда аяқастынан тас кезіксе, көтеріп ала жүріңдер, керек болады дейді. Түнектен жарыққа шығар алдында есік тарс жа­былғанда ұстаз: «Кім тас арқалап келе жатыр? Жарыққа шығатын жол – осы арқалаған тастарыңыз», депті. Тас көтергендер жарыққа шығып қараса, аяқ­астынан теріп алғандары жауһар тас болып шығады. Сондықтан білім іздеген жастар әрдайым өзінің жауһар тастарын адаспай тапсын, – деп Қ.Қожахмет жастарды жігерлендірді.

Құқық және мемлекеттік басқару мектебінің заң клиникасында студенттер білікті ұстаздардың жетек­шілігімен іс жүргізуді үйреніп, құжат­тар әзірлеп, мүдделерін қорғап, заң көмегін көрсетіп, теориялық білімін іс жүзінде қолдануға мүмкін­дік алады. Университет профессоры Гүлмира Сұлтанбаева атап өткендей, бұл практика білім алушылардың тақырыпты жақсы меңгеруіне, кәсіби дамуына ықпал етеді. Клиника студенттердің құқықтық мәселелерді шешу, сыни ойлау әрі топтық жұмыс орындау, сондай-ақ коммуникация, талдау, дәлелдеу, шешім қабылдау дағдыларын дамытуға арналған алаң ретінде қызмет етеді. Заң клиникасы студенттерге, ата-аналарға, қала тұрғындарына қолданыстағы заңнамалар, құқықтық нормаларға қа­тысты ақысыз кеңестер ұсынады. Тегін заң көмегін көрсету студенттердің қоғамдық мәселелерге белсене қатысуына жол ашып, кәсіби дамуына негіз болмақ.

Іс-шара барысында Нархоз уни­верситеті мен Комплаенс және іскер­лік этика қауымдастығы, республика­лық адвокаттар алқасы, Алматы адво­кат­тар алқасы, Алматы облыстық адвокаттар алқа­сы, «Заң» медиа-корпора­циясы арасында ынты­мақ­тастық туралы меморандумға қол қойылып, қаты­сушылар кампус-турға қатысты.

Сонымен Алматы қаласындағы «Заң клиникасына» келіп тегін кеңес алуға болады.

 

АЛМАТЫ