Баға • 27 Қыркүйек, 2024

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндеті

80 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісуда азық-түлік бағасының күннен-күнге қымбаттап бара жатқаны белгілі. Бұл үдеріс өзге де өңірлерде байқалып отыр. Дегенмен облыс көлемінде күнделікті тұтынатын тауар құнын тұрақтандыруға қатысты түрлі жоба қолға алынып жатыр. Мәселен, тауар өндірушілермен 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бойынша келісімшарт жасалған. Оның жалпы көлемі – 21 мың тонна.

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру міндеті

Суретті түсірген – Дмитрий ЕРОФЕЕВ

Әуелі әлеуметтік дүкен­дерге зер салайық. Мұн­дағы сөре­лер­ге тауар делдалсыз, өнді­ру­ші­­лер­ден қосымша шығынсыз тіке­лей жеткізіледі. Бұл сауда орын­да­рының бәрін әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациялар (ӘКК) қар­жыландырады, сондықтан нарықтағыдан тө­мен бағада сатады. Халықтың ал­ды­­мен баратыны да – осы сау­да ор­талықтары. Қалтаға көп сал­­­мақ салмайды әрі қалаған за­тың­ды табуға болады. «Жетісу» ӘКК департаментінің директоры Бақтияр Сембековтің айтуынша, өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға­сын тұрақтандыру шеңберінде тұрақтандыру қорын қалыптас­тыру, кәсіпкерлік субъектілеріне «айналым схемасы» негізінде жеңілдікті несие беру жұмыстары жүргізіледі. Осы тетіктерді іске асыруға кейінгі 2 жылда 9,2 млрд  қар­жы қарастырылды. Тауар өнді­ру­шімен келісімшарттар жасалды. Оның ішінде 263 мың бөлке әлеуметтік нан, 452 тонна бірінші сұрыпты ұн, 15 мың тоннадан астам қант, 668 тонна күріш, 568 мың литр күнбағыс майы, 62 тонна қара­құмық, 4 тонна ас тұзы, 3 тонна тауық еті, 4,4 млн дана 1 санатты жұмыртқа, 150 тонна сиыр еті, 233 тонна сүт өнімдері және 4654 тонна көкөніс өнімдері бар», деді Б.Сембеков.

Бүгінде өңірде 8 әлеуметтік сауда нүктесімен қоса «Смолл», «Маг­нум», «Тоймарт» сауда желі­лері бар. Сонымен қатар «үй жа­нындағы» дүкендер арқылы қалып­тастырылған қорларға үздік­сіз тауар интервенциялары жүр­гізіледі. «Sardar Export» ЖШС-ның әлеуметтік қалыпты наны Талдықорған қаласына, жақын орналасқан аудандардағы «үй жанындағы» жүзден астам дүкенге жеткізіледі. Одан бөлек, «Ляззат-2016» ЖШС-ның сүт өнімдері облыс орталығындағы 49 сауда нүктесіне тікелей тасымалданады. Бірінші сұрыпты жұмыртқа қаладағы 10 сауда объектісіне, үлкен супермаркеттерге апарылады. «Sardar Export» ЖШС әлеуметтік нанға бағаны тұрақтандыру аясында облыстың  22 наубайханасына арзан, ұн жеткізуді қамтамасыз етеді.

Көрсетілген мерзімде кә­сіп­керлік субъектілеріне жеңіл­детілген несие беруге 8 млрд теңге бөлінген. Бұл «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамы фермерлерден азық-түлік өнімдерін кейіннен нарық баға­сынан төмен бағамен сатып алуға белгіленген бағамен келісімшарт жасауға мүмкіндік берді.

«Биыл 32 гектар жерге картоп ектім. 130 тонна егіннің килосын 120 теңгеден сатамын. Өйткені көктемде «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» өңірлік даму институты» акционерлік қоғамынан 0,01 пайызбен несие алдым. Бұл өте қолайлы болды. Себебі пайыздық мөлшерлемесі аз. Сондықтан бір айдың ішінде бүкіл несиені жабуды жоспарлап отырмын», дейді Көксу ауданындағы шаруа қожалығының жетекшісі Қизат Әбиров.

Көкөніс өсірумен айналысатын шаруа қожалығының меңгерушiсi төрт жылдан берi әлеуметтiк кәсiп­керлiк корпорациясымен тығыз байланыста жұмыс істеп келедi. Оның айтуынша, шаруашылық 10 гектардан 400-500 тонна сәбіз алады.

Жалпы, келiсiмшартқа отыр­ған кәсіпорындардың iшiнде Ақсу қант зауыты, жұмыртқа, құс фабрикалары, сүт зауыты, нау­байхана, бiрқатар шаруа қожа­лығы, мал бордақылау алаңдары бар. Маусымдық көкөнiстер сәуір-қараша айларында сатыла бастайды. Бұл жұмыс әлеуметтік дүкендер мен сауда нүктелері арқылы жүзеге асады.

Сауда орындарында сатылатын тауарлардың бағасы нарық бағасынан орта есеппен 10-15 пайызға төмен. Мысалы, бүгінде дүкен сөрелерінде 1-санаттағы жұмыртқаның құны 460 теңгеден, күнбағыс майының 1 литрі 510 теңге болса, күріштің килосы 340 теңге, бірінші сортты бидай ұнының килосы 180 теңге, ас тұзы 60 теңгеден аспайды. Картоп – 190, пияз – 110, сәбіз 160 теңгеге бағаланған.

«Қазір азық-түлік бағасы ша­рықтап тұр. Бұл ретте әлеумет­тік дүкеннің көмегі көп. Бүгін мен жарма, көкөністер мен жұмыртқа алуға келдім. Шынында да, нарық­тағыдан төмен бағада екен. Дүкен қолайлы жерде, аялдамаға жақын ор­наласқан. Біздің ауданда егде жас­тағылар көп тұрады. Енді бізге ор­та­лық базарға жиі барудың қаже­ті болмайды», дейді Гүлгүл Қанапияқызы.

Айта кетейік, бүгінде «Жетісу» ӘКК-нің 8 әлеуметтік сауда орындары жұмыс істейді. Оның төртеуі Талдықорғанда біреуі Үш­төбе қаласында, сондай-ақ Талды­қор­ған­дағы коммуналдық базарда, орталықтағы базарда, «Көкбазар» сауда үйінде орналасқан. Аталған сауда орындарына жеткізілетін тауарлардың құны нарықтан біршама арзан.

 

Жетісу облысы