Белгілі өнертанушы-ғалым, профессор Бағыбек Құндақбаевтың Натай Кенесарин туралы білетіні көп еді
Тіпті, ойламаған, өң түгіл, түске кірмеген жай. Күтпеген жерден соғылған телефоннан атымды атай сала апыл-ғұпыл сөйлеп жатыр (мені таныды деп ойлап тұрғаны анық). «Бүгін қалалық газеттен оқыдым» деп, Кенесары батыр Қасымұлының немересі туралы жазылған мақаланы атады: «Оқыған бойда көп нәрсе еске түсіп, қатты толқыдым. Басына күн туғанда Ташкентке барып жан сақтаған Натай Әзімханұлы Кенесариннің атын ешкім атай бермеуші еді, саған рахмет. Атай бермеуші еді деймін, бізде шетке барып даңқы дүрілдеген қазақтар тұрмақ, өз елімізде кімді-кім қадірлеп жатыр?! Ұмыт қалғандар аз ба?
Кезінде Әуезов пен Сәтбаевқа жармасып, құртып жібергісі келген қорқаулар Натайды аяйтын ба еді? Кенесарин сондықтан елден кетті. Мұнда ғылым кандидаты болса, Ташкентке барған соң үйсіз-күйсіз жүріп докторлық диссертация қорғады. Өзбекстан ғылым академиясына корреспондент-мүшесі болып сайланды. Ұзақ жыл сондағы геология ғылыми-зерттеу институтында директор болды. Әне, көрдің бе, Кенесарының ұрпағы кім екенін. Мен онымен өткен ғасырдағы 50-жылдардың басында Ташкент театр-көркемсурет институтында оқып жүргенде танысып, ағалы-інілі болғандай жайымыз бар еді. Сенің естелігіңнен солар есіме түсіп, әсерден арыла алмай тұрмын. Қысқасы, екеуміз жолығуымыз керек. Е, жалған-ай, Натай ағам не көрмеді. Бірге түскен суреттеріміз бар. Барлығын саған беремін. Мақалаңды толықтырып, қайта жазсаң дұрыс болар еді, қалай дейсің?..».
Осы жерде сөзін бөліп: «Сіз Орталық партия комитетінде істеп пе едіңіз?» – дедім бір түйткілді анықтамай болмасына көзім жеткен мен. Ол бірден: «Жоқ, – деді жұлып алғандай. – Танымай қалдың-ау деймін, ә? Мен Бағыбек ағаңмын ғой».
– Енді, Бәке, сәл солай боп қалды, сізді басқа біреу ме деп... даусыңыз тым ұқсас екен... – деп кешірім өтіндім.
Солайы солай-тын. Алғашында телефонда бастырмалата сөйлей жөнелген адамды Орталық комитеттің ауыл шаруашылық бөлімінде ұзақ жыл жауапты қызмет істеген, кейін де биік лауазымдар атқарған, өзім жақсы білетін бір қадірлі ағамыз деп ойлағаным рас. Сөз ауаны өзгеріп, тереңге бойлап бара жатқан соң, амалсыз Бәкеңнің сөзін бөлуге тура келді. Мен білетін қадірлі жан сірә да Ташкентте оқымаған болатын, оның үстіне театр-көркемсурет институтына қатысы жоқ. Бірақ, өнер, әдебиет, мәдениетке жақын, Маңғыстау облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанда сол салаларға басшылық жасаған. Кейін зейнетке шыққанша Президент Әкімшілігі аппаратында істегенде де солай. Әдебиет, өнер өкілдері арасында жақсы біліп сыйласатын, араласатын адамдары аз емес. Бағыбек екеуінің дауыс ырғағы, сөйлеу мәнері егіздің сыңарындай ұқсас болса, мен қайтейін. Бағыбекке соны аңғарттым (сыпайылап).
– Ондай болады, – деді Бәкең. – Ал қашан кездесеміз, соны айт. Үй телефонымды жазып аласың ба? Академияда істеймін ғой, қызмет бар, бірақ, онда көп бармаймын. Жұмыс үйде де тына береді.
– Дұрыс, Бәке, кездесуіміз керек екен, ал, қазір бір-екі сұраққа жауап беріңізші, – деймін қызығушылық жеңе бастаған мен шыдамсызданып. – Мақаланы оқысаңыз, Натай Кенесаринді менің бір-ақ рет көріп, содан алған азын-аулақ әсер аумағында жазғанымды да білген болдыңыз. Байқауымша, сіз ол кісімен қоян-қолтық араласып, сырлас-мұңдас болған сияқтысыз, солай ма?
– Солай, ол ұзақ әңгіме. Телефонға сия қоймас.
– Сонда да, Бәке, Натай Әзімханұлымен тұңғыш рет қашан, қалай кездестіңіз? Ағалы-інілідей болдық дейсіз. Тым болмаса, солардың шет жағасын айтыңызшы.
– Жарайды, асығыс ештеңе жоқ, – деді жайдары мінезді, жайсаң жан. – Айта берейін бе?
– Айтыңыз, Бәке!
– 50-жылдары, жоғарыда айтқандай, Ташкенттегі театр-көркемсурет институтында оқып жүрдік. Аталмыш оқу орнында қазақ ұл-қыздары аз емес-тін. Олардың ішінен кейін қазақ өнерінің даңқын асырған көптеген қайраткер шықты. Өзіміздің Нұрмұхан Жантөрин, өнер ошақтарында ұзақ жыл басшы болған Тұрлыбек Иманбаланов, Шымкент театрында істейтін Ақсақал Қалмырзаев, т.б. Нұрмұхан екеуміз жатақханада бір бөлмеде тұрдық.
Әне, сонда Ташкенттегі алуан түрлі жоғары оқу орындарында қазақ жастары көп оқумен қатар, оқу орындары басшыларының да біразы қазақ болатын. Өзің де Ташкентте оқыпсың ғой. Натай туралы мақалаңда біразының аттарын атапсың. Менің оларға қосарым, Мелиорация институтында Қашқаров, Ауыл шаруашылығы институтында Насыров, Алманиязов, Өзенбаев, Майлыбаев, Үркімбаев, Әлібаев сынды профессорлар істеді. Барлығының да атағы да, айбыны да зор болатын. Біразы кейін Алматыға ауысты. Бекіш Насыров пен Әбдікәрім Үркімбаев Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлігін басқарды. Кейін ол қызметті Егемқұл Тасанбаев атқарды. Мангелдин Байланыс министрлігінің тұтқасын ұстады. Қайсы бірін айтайын. Тоқыма институтында директор болған М.Оразбаев секілді біраз қазақ ғалымдары жоғары оқу орындарының директоры болды. Солардың бір де бірегейлерінің санатындағы Орта Азия политехникалық институтының директоры (онда ректор демейді) Ниязов ұлтжанды, батыл, кішіпейіл, қарапайым, мейірімді қазақ еді. Өнерге жақын болғандықтан ба, театр институтында оқитын бір топ студентті іздеп келіп, үйіне апарып қонақ етті, танысты. Мені оңашалау шығарып: «Енді сен бұдан былай біздің үйге қысылмай келіп жүр, маған іні боласың», – деген соң, неге бас тартайын. Аптасына кемі бір не екі рет көрінбесем, кәдімгідей ренжиді. Аға тапқаныма мен де төбем көкке жеткендей боп жүрдім.
– Ертең сабақтан шыққан бойда үйге жет, қонақ келеді, бірге күтеміз, – деді бір жолы кешкілік телефон соққанымда.
«Кім?» деп сұраған жоқпын. Директордың үйіне осал қонақ келсін бе? Ертеңіне айтқан уақытында бардым да, үй шаруасына араласып, жүгіріп жүрмеймін бе баяғы.
Бұл жолғы қонақ Алматыдан Ташкентке таяуда қоныс аударған жігіт ағасы жасындағы еңсегей бойлы, қара торының сымбаттысы, қыран қабақ, қыр мұрын, өткір көзді, ат жақты, мінезі салмақты, байсалды адам екен. Жанында талдырмаш денелі, үріп ауызға салғандай сұлу келіншегі, дастарқан басында басқа ешкім болған жоқ. Неге екенін, маған қонақтың көңіл күйі төмен, жүзі сынықтау көрінді. Көп сөзге бармай, онша жарыла бермейді. Менікі ауыз бағу, ағаның қас-қабағын бағу. «Ән сал», деді. Ептеп «әу» деген болдым. Анекдот айт деді. Оны да бірдеңе еттім. Бірақ, бәрібір, арқа-жарқа, ашық-жарқын, көңілді отырыс бола қоймады. Ниязов ағам әлгінде қонақтың кім екенін айтып, оны маған, мені оған таныстырған. Натай Әзімханұлы Кенесарин. Мамандығы геолог, ғылым кандидаты көрінеді. «Докторлығы дайын, амандық болса, ұзамай қорғайды», – деп те қойды үй иесі. «Бұл жер Алматы емес, қорқатын ештеңе жоқ», – дегенінің де мәнісін кейін түсіндім.
Содан, қысқасы, сен әңгімелеген Натай Әзімханұлымен мен алғаш рет Ташкент политехникалық институтының директоры Ниязовтың үйінде осылай танысып едім. Ниязов ағам мені босқа шақырмапты, ол жолы Натай Әзімханұлының «басбұзар хан» Кенесарының немересі, Абылай хан әулетінен болғаны үшін Алматыда қуғындалып, осында бас сауғалап келгенін ашық айтпаса да, барлығын ұқтым. «Бұдан былай осы ағаңа да іні боп араласып жүр», – дегенін құп алдым. «Натайдың тұратын жері қаланың шетіндегі бір өзбектің екі бөлмелі үйі, аздап жөндеу керек, соған жәрдемдес», – деп те қойды Ниязов ағам.
Ас-су ішіліп, бата жасалған соң, Ниязов ағамның айтуымен, Натай Әзімханұлының үйіне олармен бірге бардым. Баспана шынында да жұпыны, нашар екен. Жер еден, есік-терезе алқа-салқа, төбеден тамшы ағып, азынап тұр. Натай Әзімханұлының ыңғайымен мұнда жиі келіп жүрдім. Тұрмыстары қораш. Екі кішкентайы Қызылорда жақтағы жеңгейдің төркін жұртында құсайды. Кешкілікте жер ошақтағы қазанға картоп қуырамыз. Бірде май жоқ болғандықтан, жеңгейдің менің бетіме қарап: «Картоптың үстіне сүт тамызсақ қайтеді?» – дегені бар-тын.
Сен Натай Әзімханұлы геология институтында директор боп тұрғанда Шыланзардан алған төрт бөлмелі үйінде болсаң, мен әлгінде айтқандай, бірінен соң біріне көшкен, бірінен бірі жұпыны төрт жалдамалы пәтерінің бәрінде болғанмын. Шыланзардағы әйбәт үйінде де болғанмын. Ташкентке жол түскенде соқпай кетпейтінмін.
– Сіз алғаш көргенде Натай Әзімханұлы қандай жұмыс істеуші еді?
– Ташкентке жаңа келген кезі ғой, қайбір жұмыс дейсің, ұмытпасам, лаборант сияқты еді.
– Кейін қалайша өсті?
– Енді өзің шамаламайсың ба, қалай өспейді, білімпаз ғалым, текті тұлға, қолдаушысы Ниязов болса. Ол өте беделді, айтқаны екі болмайтын адам еді. Обалы не, Өзбекстан басшысы Шараф Рашидов талай қазақтың талантын бағалап, оң көзбен қарады емес пе? Оның тұсында министрлердің кемі үш-төртеуі қазақ болатын. Обкомда бірінші хатшы, облаткомда председатель болған Кәкімбек Салықов, Елібаев, Жанпайызовтай қазақтар қаншама. Жоғары оқу орындарында директор болған қазақтар жайында әлгінде айттым.
– Натай Әзімханұлымен кейін де араласып тұрдыңыз ба?
– Енді ше? Туған жерге сыйдырмай, қасақана қысастық, қуғын-сүргіннің қырсығынан өмірден ерте кетті. Бірақ, ұлы аталары Абылай, Кенесарылардың атына кір келтірген жоқ. Әй, сен дұрыс мәселе қозғапсың. Натай Кенесарин атаусыз қалып барады. Мұны қолға алып, бір амал жасау керек. Осында Абылай ұрпақтары аз емес, олар неге үндемейтінін білмеймін. Натай Кенесарин қалай ардақтаса да болатын ірі тұлға. Жарайды, осымен доғарайын. Қалғанын кейін. Сен ақыры бастаған екенсің, енді жарты жолда тастама. Мен де қарап қалмаспын. Менімен жақсылап сұхбат жаса. Арғы жағын көреміз. Айтпақшы, Натайдың ұлы осында тұрады. Момындау. Көп көріспейміз. Сені сонымен жолықтырсам бола ма?
– Болады, Бәке. Натай Әзімханұлымен бірге түскен суреттеріңіз бар шығар?
– Айттым ғой бар деп, жетеді. Ал, сау бол, көріскенше!
– Бәке, Бәке! Кешіріңіз, тағы бір сұрақ. Ташкентте Нұрмұхан Жантөринмен бірге оқыдым дедіңіз ғой. Сол кісі жайлы бір ауыз айтыңызшы. Студент кезінде қалай оқыды?
– Сырықтай ұзын бойлы, даусы өткір, әуезді, мінезі қатқылдау, бірақ, қайырымы мол, адамгершілігі жоғары Нұрмұхан басқалардай емес, біздер қызық қуып, сәкәкулеп жүргенде, ол күні-түні кітап оқитын. Оқымаған кітабы болмайтын. Кейін соның бәрі актерлік қызметінде байқалып, көрініп жүрді. Біліп қой, кітап оқитын актер мен оқымайтын актердің айырмашылығы жер мен көктей болады. Бұл жағынан Нұрмұханға жететін актер жоқ. Егер қателеспесем, ертеректе Алматыда тұрған белгілі аудармашы-журналист Жүсіп Жантөринмен туыс сияқты еді. Кітап демекші, көп оқитын, оқымақ түгіл, кітап жазатын актер, актрисалар да аз емес, шүкір. Хабиба Елебековадан бастап, Бикен Римова, Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев, Аман Құлбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов – толып жатқан жоқ па? Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Қанабек Байсейітов марқұмдардың соңында қалдырған кітаптары барын өзің де білетін шығарсың.
– Өзіңіз ше? Актерліктен өскен сыншы-ғалымсыз.
– Әшірбек екеуміз солаймыз. Ол менен салмақтырақ. Атағы да үлкен. Өткірлігі өзінше.
– Сығаев па?
– Иә. Екеуің бірге жүресіңдер ғой. Сені аузынан тастамайды.
– Рахмет, Бәке!
– Көріскенше.
* * *
Үш-төрт жыл бұрын – күз айларының бірінде газетте Натай Әзімханұлы Кенесарин туралы шағын естелік жарыққа шыққан бойда телефон соққан Бағыбек аға онда бүгін-ертең бақилық бола қоятындай емес, тың, бақуатты сияқты еді. Бірнеше кітабы шыққан белгілі театртанушы, ғалым-сыншы, профессор Бағыбек Құндақбаев көптеген татымды, тұшымды дүниелер жазды. Енді, міне, ойламаған жерден қу жалғаннан өте шықты. Неткен өкініш! Білімі терең, санасы сара, жаны таза тұлғалардың табиғи болмысы да, жүріс-тұрысы да, айналамен қарым-қатынасы да қарапайым, елеусіздеу болмай ма? Бағыбек те сондайлардан еді. Енді амал жоқ, жоғарыда айтылған телефон арқылы болған азын-аулақ әңгімеге шүкірлік дейміз де. Студенттік жылдарда танысып-табысып, Кенесариндей асылдың сынығы, айтулы тұлғаға тыныс-тірек, бауыр болған Бәкеңнің Натай Әзімханұлы хақында өзі уәде еткендей, айтары мол-ақ сияқты еді, шіркін. Сұм ажал дегеніне жеткізбей, қиядан шалды. Аманаты ішінде кетті...
Зәкір АСАБАЕВ.
АЛМАТЫ.
Суретте Натай КЕНЕСАРИН.