Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Сала ардагері Махамбет Батырбаевтың айтуынша, Кенбай кен орнына барлау жүргізу өткен ғасырдың 60-жылдары қолға алынған. «Маңғыстау терең бұрғылау» экспедициясының мамандары «300–400 метрден тереңдіктен мұнай өндіруге болады» деген қорытынды жасаған. Бірақ бұл тек болжам күйінде қалған. Өйткені сол кезде бірінші кезекте мұнайлы түбекке айналған Маңғыстаудағы кен орындарын игеру басталды. Сол себепті экспедиция құрамы көрші өңірге жіберілді.
Арада 20 жыл өткен соң Кенбайдағы мол мұнайға бұрғы салу жоспары қайта қозғалды. Сөйтіп, 1980–1990 жылдары кен орнындағы жұмысқа бірнеше кәсіпорын барлаушылары жұмылды. «Геофизикалық жұмыстарды атқару «Ембімұнайгеофизика» өндірістік бірлестігіне жүктелді. Ал «Солтүстік Ембімұнайгаз барлау» экспедициясының мамандары 1987 жылдың жазында мол мұнайды іздеуді бастады. Олар екі-үш жылда 35–40 ұңғыны қазып, Кенбайдағы мұнай қорының молдығы туралы толыққанды қорытынды жасады», дейді М.Батырбаев.
Геофизиктер мен барлаушылар қорытындысына сәйкес, КСРО мемлекеттік қор компаниясында Кенбай кен орнының баланстық қоры 93,3 млн тонна көлемінде бекітіліпті. Мұндай қорытынды «Гурьевмұнайгазгеология» өндірістік бірлестігі мен Қазақ мұнай ғылыми зерттеу институтының дәйекті есептеулері негізінде жасалған. Геолог, тау-кен инженері Махамбет Батырбаевтың мәліметіне сүйенсек, кеніш қойнауындағы «қара алтын» құрамында парафинге ұқсас қоспалар кездеспейді. Мұндағы мұнайдың сапасы құнды фракциялардың көптігімен ерекшеленеді. Мамандар мұндай «қара алтынды» таза деп есептейді. Оның үстіне қордағы мұнайдың үштін бірін 300 метр тереңдіктен өндіруге болады.
1991 жылғы маусымда «Интеркаспий» қауымдастығы мен Калифорния штатында тіркелген «Бидерманн Интернэйшнл» компаниясының қатысуымен «Мұнай» кеңес-американ бірлескен кәсіпорнын құру жөнінде келісімшартқа қол қойылған. Бірлескен кәсіпорын Кенбай кен орнын игеруді көздеген. «Интеркаспий» қауымдастығы кәсіпорынның 63 пайыз акциясын, «Бидерманн Интернэйшнл» 37 пайызын иеленген. Бір қызығы, КСРО мен АҚШ қазақ жеріндегі Кенбай кен орнын бірлесе игеру жөнінде екіжақты жоба жасақтағанда, Ресейдің Самара қаласындағы «Гипровостокнефть» институты мен америкалық «WZI» компаниясының есептеулерін негізге алыпты. Екі ел құрылтайшылары арасында жасалған келісімшартқа сәйкес, «Интеркаспий» Кенбай мұнайын «Бидерманнға» жіберетіндей ортақ ұйғарымға тоқтаған. Тіпті «қара алтыннан» түскен табыстың бір бөлігін Кенбай кен орнына түрлі қондырғы, құрал-жабдық сатып алуға жұмсау көзделген. Бірақ келісімшарттағы талаптардың бірде-бірі орындалған жоқ.
«Қазмұнайгаз» компаниясы мен «Ембімұнайгаз» АҚ және Атырау облысының басшылары шетелдік инвесторлардан кен орнын қайтарып алу мәселесін 1994 жылы Үкіметтің алдында әлденеше рет дәлелдеді. Сөйтіп, сол жылы шетелдіктерге келісімшарттағы талаптар орындалмағандықтан, келісімшартты біржақты бұзу, кен орнын қайтарып алу талабы қойылды. Мұнайшылардың пікірінше, еліміз тарапынан келісімшарттың бұзылуына, сөйтіп, кеніштің отандық мұнайшыларға қайтарылуына сол кездегі Мұнай және газ өнеркәсібі министрі Нұрлан Балғынбаевтың ықпалы тиген.
Бұл кен орнынан көмірсутек шикізатын өндіру мақсатында «Ембімұнайгазға» Үкіметтің 1995 жылғы 8 ақпандағы шешімімен 35 жылға лицензия берілді. Бір жылдан кейін осы кенішті игеру үшін «Қайнармұнайгаз» басқармасы құрылды. Содан бері Кенбай кен орнынан «қара алтын» үздіксіз өндіріліп келеді. Мәселен, басқарма мұнайшылары 2019 жылдан бері 29 горизонталды ұңғыманы іске қосты. Оның ішінде былтыр 14 ұңғыма пайдалануға берілді. Геологиялық-техникалық іс-шаралар сәтті жүргізіліп, өткен жылы жоспарланған көрсеткішке қосымша 57 мың 689 тонна мұнай өндірілді. Бұл – 2003 жылдан бергі алынған ең мол өнім. Жаңа ұңғымаларды іске қосудың жемісі – қосымша өндірілген 37 мың 521 тонна «қара алтын».
Басқарма мұнайшылары жыл сайын жаңа алаңдарды игеруді мақсат етіп отыр. Осы орайда Шығыс Молдабек алаңындағы бор қабатын горизонталды бұрғылаудың нәтижелі болғанын айтқан жөн. Мұндай ұңғымалардан тәулігіне орта есеппен 13 тонна мұнай өндіріледі. Бұл вертикальды ұңғымалар беретін өнімнен 11 есе көп. Мәселен, былтыр М-І горизонтындағы №2768 ұңғыма бұрғыланған. Қазір дәл осы ұңғыма тәулігіне орташа есеппен 23 тонна өнім беріп тұр. Жаңа әдіспен алынған «қара алтын» аталған горизонттағы вертикалды ұңғыманың мұнайынан 29 есеге молайды.
Өнім өндірудің осындай тәсілдерін кеңінен қолданатын қайнарлық мұнайшылар Кенбай кен орнындағы Солтүстік Қотыртасқа қоса, Б.Жоламанов, Солтүстік Қотыртас, Шығыс Молдабек алаңдарынан «қара алтын» селін тасытып отыр. Кейінгі жылдары Уаз, Шығыс Уаз, Қондыбай кен орындары игеріліп жатыр. Шығыс Уаз кен орнындағы ұңғымалардың юра қабатынан мұнай өндіріледі. Енді мұнда ұңғымаларды бір мезгілде, сонымен қатар бөлек пайдалану технологиясы енгізілді. Бұл юра қабатына қоса бор горизонтынан «қара алтын» алуға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде былтыр кен орнынан жоспардан бөлек, 1425 тонна мұнай алынды. Биыл бұл технологияны Уаз кен орнындағы тағы төрт ұңғымаға енгізу жоспарланып отыр. Бұған «Абай» бағдарламалық өнімінің септігі тиіп отыр. Аталған бағдарлама алдымен, геологиялық, далалық деректерді толтыру уақытын қысқартады. Күнделікті және айлық есептерді дайындауды автоматтандырады.
Атырау облысы