Аймақтар • 27 Қыркүйек, 2024

Терең өңдеу жобалары іске қосылады

72 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қостанай облысына жұмыс сапары барысында ауылшаруашылық нысандарында болып, өңірде іске асырылып жатқан бірқатар маңызды жобамен танысты. Астықты аймақта ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеуге бағытталған агроөнеркәсіптік жобалар белсенді дамып келеді. Жаңа өндіріс орындары өңірдің аграрлық сектордағы позициясын нығайтып, жаңа жұмыс орындарының көптеп ашылуына сеп болып отыр.

Терең өңдеу жобалары іске қосылады

Сурет: primeminister.kz

Вице-премьер «Үлкен жоба» бойынша 2,5% жылдық жеңіл­дікпен несие алған жаңа тауар­лы сүт фермаларының құрылы­сымен танысты. Мәселен, «Восток-1» ЖШС 1,2 мың мал басына арналған жобаны аяқтап жатыр. Аталған серіктестік құра­мында ауылшаруашылық дақыл­дарын өсірумен, тұқым селекциясымен, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын өндірістер бар. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл Қостанай облысында «Үлкен жоба» бойынша салынатын алғашқы заманауи фер­ма екенін атап өтті. Аталған жоба аясында өңірде алты ТСФ са­лы­нып жатқанын айта кету керек. Олардың үшеуі биыл, ал үшеуі келесі жылы пайдалануға беріледі. Жалпы, облыс бойынша 2023 жылы 202 мың тонна сүт өндіріліп, оның 172 мың тоннасы немесе 85%-ы  қайта өңделген. Ал биылғы 8 ай ішінде 165 мың тонна сүт өндіріліп, 140 мың тонна (84%) өңделген.

Вице-премьер жұмысымен танысқан «S-Agro-Borovskoe» ЖШС былтыр Каменс­куральск кентінің маңын­да бие сүтін сублимациялау зауытын іске қосты. Бұл – «Local food» брендімен құрғақ саумал шығаратын «Zollmann» неміс компаниясымен бірлескен кәсіпорын. Неміс сублимация технологиясы жаңа сауылған бие сүтін -72°C температураға дейін қатыру арқылы оның барлық пайдалы қасиеттерін сақтауға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның қуаты тәулігіне 120 кг құрғақ сүт шығаруға жетеді.  2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында «S-Аgro-Borovskoe» 5 тонна құрғақ сүт өндіріліп, өнім Астана және Алматы базарларына және дәріхана желілеріне жіберілген. Кәсіпорын басшысы Амангелді Сарбасовтың айтуынша, биыл саумал негізіндегі косметика өндірісіне арналған жабдықты (қолға, бетке арналған крем, сабын, сусабындар және т.б.) орнату жоспарланып отыр. Кәсіпорынның неміс серіктесі «Zollmann» бұл косметиканы Еуропада шығарады, ол үлкен сұранысқа ие, бірақ Германияда өндірісті кеңейтуге мүмкіндік жоқ. С.Жұманғарин «S-Аgro-Borovskoe» ЖШС иесіне аталған жобаны кеңейтуді ұсынды. Экспортқа жылқы етін өткізу нарығы кенжелеп тұрғаны белгілі. Алайда құрғақ бие сүті негізінде өнім өндіру елімізде жылқы шаруашылығын одан әрі дамытуға жол ашады. Вице-премьер Сауда және интеграция министрлігіне жаңа өнімді Қытай нарығына шығаруға жәрдемдесуді тапсырды.

Меңдіқара ауданының егіс ал­қабында вице-премьер Серік Жұманғарин Қостанай облы­сының фермерлерімен кездесті.

«Біз фермерлерді қолдау көле­мін біртіндеп арттырып жа­тыр­мыз. Атап айтқанда, көк­темгі-күзгі дала жұмыстарына жеңіл­дігі бар қаржыландыру көле­мін 700 млрд теңгеге дейін ұл­ғайта­мыз, оның шама­мен 40%-ы «Даму» қоры арқы­лы кепіл­дендіріледі. Ауыл шаруа­шы­лығы техникасын лизингке кре­дит­теу көлемі 100 млрд теңге­ден 200 млрд теңгеге дейін өседі. Нәтижесін­де, жыл сайын­ғы жұмыстар­ды қамтамасыз ету үшін фермерлер­ді қолдау сомасы 900 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Биыл біз 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды бастаймыз», деді С.Жұманғарин фермерлерге.

Вице-премьер қызметімен танысқан тағы бір нысан қостанай­лық жылқы тұқымын өсірумен айналысатын «Қазақ тұлпары» ЖШС болды. Қазақы жылқы тұқымын сақтап, насихаттаудың маңызын назарға ала отырып, вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігіне елімізде құрылып жатқан Жылқы шаруашылығы институтының базасында жеке қаражат есебінен жылқы зауытын жаңғырту бағдарламасын дайындауды тапсырды.

 

Қостанай облысы