Біздің қоғам қаншалықты қауіпсіз?
Қауіпсіз қоғам құру – біздің елдің де басты бағыты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында жариялаған Жолдауын да бұл басымдыққа күш салу керек екенін тағы да бір шегелеп тапсырып қойды. «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру. Құқық қорғау органдарына және басқа да жауапты мекемелерге азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету жүктелді. Ішкі істер министрлігі ұсақ бұзақылық пен вандализмнен бастап, шетелдіктердің заңсыз көшіп келуіне және басқа да ауыр қылмыстарға қатаң тосқауыл қойып, дереу жолын кесуге міндетті. Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түп-тамырымен жою қажет», деді Президент.
Бұл бағыттағы жұмыста қаншалықты ілгерілеу бар екенін қауіпсіз елдердің жаһандық рейтингіне қарап та бағамдауға болады. Мәселен, Numbeo.com сайты 2024 жылдың бірінші жартысында қылмыс деңгейі, қауіпсіздік, денсаулық, экология, жалпы өмір сүру жағдайы сияқты факторларды ескере отырып, әлем елдерінің рейтингін жариялады. Осы рейтингте Қазақстан 146 елдің ішінде қылмыс деңгейінің 45,6 индекс көрсеткішімен 75-орынға жайғасты. Өткен жылы еліміз 72-орында болған еді. Көршілерімізге келер болсақ, қылмыс деңгейіне қарай Қырғызстан – 43, Ресей – 97, Өзбекстан – 120, ал Қытай 132-орында тұр.
Осы орайда елімізде алаяқтық, есірткі сату, тарату қылмысы өршіп тұрғанын, әсіресе, кәмелетке толмағандар арасында жиілеп кеткенін атап өтуге болады. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, осы жылдың 8 айында полиция есірткі таратуға қатысқан кәмелетке толмаған 30 баланы ұстаған. Есірткі жасырумен айналысатын 14 жастағы жасөспірімдер де кездеседі. Олар есірткі қылмысының жекелеген түрлері бойынша ересектермен бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
«Есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал жекелеген қылмыстар бойынша 14 жастан басталады. Полиция қызметкерлері барлық оқу орнында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Жыл басынан бері 725 мың адамға 9 738 түрлі профилактикалық іс-шара өткізілді. Басты назарда жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарынан жырақта өмір сүруді бастаған 1-2 курс студенттері болды», деді ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.
Мемлекеттердегі қауіп-қатер деңгейі сарапталған рейтингте қауіпсіздік бойынша Қазақстан 72-орында (индекс – 54,4) тұр, яғни деңгейі орташа деп көрсетілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда бір орын алға жылжыған. Жалпы, ТМД елдерінің арасында ең қауіпсіз ел – Өзбекстан, ол 27-орынды иеленген. Қырғыз елі 104-орынға жайғасқан. Ал дүние жүзінде өмір сүруге ең қауіпсіз ел Андорра делінген.
Сондай-ақ Numbeo.com сайтының мәліметіне сүйенсек, елдегі денсаулық сақтау индексі жоғары 60,65 баллды құрайды. Алайда өмір сүру сапасының индексі – төмен (104,81 балл), өмір сүру құны – өте төмен (29,32). Климат индексі – 39,78 балмен орташа, ал қорғашан ортаның ластану индексі 73,04 балмен жоғары деп бағаланған.
Халықтың сатып алу қабілетінің индексі – төмен (49,33), яғни кез келген қажетті затына қол жеткізе алмайды. Жылжымайтын мүлік бағасының кіріске қатынасы 10,24 деп орташа индексті көрсетіп тұр. Жол жүру уақытының индексі де – орташа (35.62).
Алаңсыз өмір – Скандинавия елдерінде
Әлемде өмір сүруге қолаулы елдердің көшін түзейтін тағы бір рейтинг бар. Бұл – БҰҰ-ның «Дүниежүзілік бақыт индексі» (WHR). Осы рейтингте жыл сайын Скандинавия елдері ең бақытты елдер қатарынан түспей келе жатыр. Мәселен, 2023 жылы Финляндия жетінші жыл қатарынан көш бастады, одан кейін Дания мен Исландия тұр. Жалпы Норвегия, Швеция, Финляндия, Дания өмір сүру деңгейінің көрсеткішімен түрлі зерттеулерде үнемі жоғары орындарда келеді. Олар қазір әлемдегі ең қауіпсіз мемлекеттер деп танылды. Мұның бірнеше себебі бар. Айталық, Норвегияда қылмыс деңгейі өте төмен, тіпті елдің Осло және Берген секілді ірі қалаларында заң бұзушылық тіркелмейді. Сонымен қатар елде лаңкестік әрекеттердің, саяси қудалаудың немесе әлеуметтік толқулардың қаупі төмен.
Кейбір зерттеулерде бақытты ел болудың кілті мемлекеттер кішкентай, біртекті және бай болуы екені көрсетіледі. Тіпті ғалымдар олардың бақытты болуы генетикаға байланысты деген болжам жасады. Алайда WHR рейтингіне сүйенсек, мұндай теориялар дұрыс емес.
Бақыт деңгейі туралы дүниежүзілік баяндаманың авторлары тұрғындардың өзін бақытты сезінуін елдегі халқының санына байланысты екенін дәлелдей алмағанын айтады. Сонымен қатар Скандинавия елдері – біркелкі емес. Мәселен, Финляндия халқының шамамен 8 пайызы – шетелдіктер, Данияда да – сондай шама. Мәселен, баяндаманың нәтижелері елдегі иммигранттардың үлесі жергілікті тұрғындардың орташа бақыт деңгейіне әсер етпейтінін көрсеткен. Ең бақытты тізімдегі 10 елде иммигранттардың үлесі орташа есеппен 17,2 пайызды құраған, бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен екі есе көп. 25 жылдық тәжірибесі бар, Дүниежүзілік бақыт туралы есептің редакторы, профессор Джон Хелливелл «Euronews»-ке берген сұхбатында «Скандинавия елдерінің халқы қалай бақытты?» деген сұраққа: «Бақытты ел болудың кілті тұрғындардың жан басына шаққандағы ІЖӨ, әлеуметтік қолдау, салауатты өмір сүру ұзақтығы, бостандық, жомарттық және сыбайлас жемқорлықтың болмауы секілді көрсеткіште жатыр», деп жауап берді. Ғалым мұның ақшамен байланысты емес екенін айтады. Скандинавия елдері салыстырмалы түрде бай тұрады. Бірақ әлемде қаншама бай ел бар, олардың барлығы скандинавиялықтар сияқты бақытты емес. Айталық, Сингапур – әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі, бірақ бақыттың көрсеткіші бойынша 26-орында. Ал мұнайға бай Сауд Арабиясы – 27-орында.
Негізі ғалымдар бұл елдерде мемлекеттік қызметтердің сапасы жоғары, сондықтан қауіпсіздік деңгейі жоғары дейді. «Ел үкіметтері қарттарға сәйкесінше зейнетақы, қызметкерлерге жоғары демалыс ақысы, науқастар мен мүгедектерге жоғары жәрдемақы, тіпті жұмыссыздарға көп жәрдемақы тағайындаған, денсаулық сақтау мен білім беру – тегін. Мемлекеттік институттар теңсіздік деңгейін болдырмаудың барлық амалын жасайды, адамдарды оларға сене алады. Міне, қауіпсіз қоғам осылай құрылады», дейді Джон Хелливелл.
БҰҰ рейтингінде Ливия мен Сомали, Ауғанстан мен Венесуэла ең қауіпті елдер деп танылған. Сондай-ақ Сирия, Йемен, Ирак және Нигерияның кейбір аудандарында қауіп-қатер байқалады. Санаттар бойынша алынған нәтижелерге сәйкес, денсаулыққа қауіп төндіретін елдерге Гвинея, Сьерра-Леоне, Либерия, Йемен, Солтүстік Корея жатады. Сонымен қатар аталған есепте жол-көлік оқиғалары қаупі жоғары елдерге Белиз, Доминикан Республикасы, Сауд Арабиясы енген.
Түптеп келгенде, барлық өлшемдерге сәйкес, бүгінгі таңда жерұйық Скандинавия елдерінде салтанат құрып тұр.