Жәдігер • 27 Қыркүйек, 2024

Қабанбайдағы музей-үй

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қабанбай ауылының тұрғыны Бақыт Ақмолда көне заттарды ауласындағы қос бөлмелі қоңыр үйдің ішінде сөрелеп, жинастырып, музей етіп қойғанына таңғалдық. Екі иығына екі жігіт мінгендей өзі де Қабанбай батырдың кескін-келбетінен айнымайды екен.

Қабанбайдағы музей-үй

Танысып, жөн сұрасқан соң, күректей алақанымен жол нұсқай жүріп, жәдігерлер жиналған үйдің есігін ашты. Қос бөлмесі толған зат. Көбісі кешегі кеңес өкіметі тұсындағы тұрмыстық дүниелер. Майлы бояумен жазылған азды-көпті картиналар да бар екен. Соған қарағанда, өзі де өнерден құралақан еместей көрінді.

– Зейнеткерлікке дейін қорықшылық қызметте болдым. Табиғатты қорғадым. Ол кезде маңайда аң-құс көп еді. Сөйтіп жүріп, көне жәдігерлерді де жинастырдым. Ермегім десе де болады. Кей-кейде сурет те салатынмын, – дейді Бақыт Жұмашұлы сөрелерде қаз-қатар тізілген заттарды таныстыра жүріп.

па

Не жоқ дейсіз бұл жерде? Қырқыншы жылғы таразы, XVIII ғасырдағы арбаның ағаш дөңгелегі, шоқ үтік, тоқ үтіктің түр-түрі, керосин шам секілді дүниелерді осы музей-үйден табасыз. Иә, музей-үй десе де болғандай. Мұндағы кейбір дүние үлкен музейлерде жоқ. Бүгінгі заманның баласы патефонды білер ме еді? Кілті бір қарыс құлып, 1953 жылы жасалған ағаш орындық секілді жәдігерлер де жетерлік.

Сөрелерді көзбен шола жүріп, осылардың ішіндегі ең құндысы қайсысы десек, жеке-дара тұрған жез шәугімді көрсетті. Бес литр­лік бұл шәугімді бір ешкі, бір қарын май беріп сатып алыпты. Түп жағында Туладан шыққаны белгіленіпті. Зерттегендей болып, жәдігерлер туралы әртүрлі ақпарат көздеріне зер салсақ, 1930 жылдары жасалған сирек кездесетін шәугім екен.

Тізе берсек, жәдігер көп. Тіпті тұрып жатқан үйі толы көне зат. Көбін сұрағандарға бере де салған екен. Міне, Қабанбайда көпшілік біле бермейтін осындай музей-үй бар.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы