Медицина • 27 Қыркүйек, 2024

Үдемелі жүрек қызметінің жеткіліксіздігімен ауруханаға түсетіндер саны неге көбейді?

133 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кешелі бері Алматыда Қазақстан, АҚШ, Түркия мен Швейцарияның кардиология, интервенциялық кардиология және кардиохирургия саласындағы жетекші сарапшыларының қатысуымен «Үдемелі жүрек қызметінің жеткіліксіздігін емдеу» атты халықаралық жиын өтіп жатыр. Бүгін осы конференцияның аясында Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында күрделі инновациялық операциялар жасалды.

Үдемелі жүрек қызметінің жеткіліксіздігімен ауруханаға түсетіндер саны неге көбейді?

Талай науқастың өмірін ұзартатын келелі жиынды ұйымдастыруға Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ, «University Medical Center» корпоративтік қоры мен Қазақстан жүрек қызметінің жеткіліксіздігі қоғамы ұйытқы болды.

С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов: «Созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі дертін емдеу денсаулық сақтау жүйесі мен жалпы қоғам үшін аса өзекті. Осы кеселмен науқастарды ауруханаға түсетіндер мен өлім-жітім санының артуы, емдеу мен оңалтуға кететін қомақты шығындар денсаулық сақтау жүйесіне айтарлықтай салмақ салады», - деді.

Дегенмен, Марат Шоранов үдемелі жүрек қызметі жеткіліксіздігін емдеуде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгеніне тоқтала келе: «Жаңа дәрі-дәрмектер, инновациялық технологиялар, имплантация құрылғылары пайда болды, жүрек трансплантациясы дамып жатыр. Алайда, біздің алдымызға ерте сатысында диагностика жасау, пациенттердің емделуге бейімділігін арттыру, жүрек қызметі жеткіліксіздігінің болжамын жақсарту үшін жаңа жоғары технологиялық құрылғыларды енгізу сияқты маңызды мәселелер тұр», - деді.

ҚР Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, созылмалы жүрек қызметінің жеткіліксіздігі – жүрек-қан тамырлары ауруларының жиі кездесетін асқынуларының бірі. Бұл кесел денсаулықты нашарлатып, қатардан қалдырып қана қоймай, ерте көз жұмуға басты себепкердің бірі болып отыр. Сондықтан бүгінгі өткізіліп отырған конференция аса өзекті. Отандық, шетелдік кардиология және кардиохирургия мамандарының СЖЖ бар пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі өзара іс-қимылы мен тәжірибе алмасуы пациенттеріміздің өмірін ұзартып, жағдайын жақсартып, науқастарға көмек көрсету жүйесін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

UMC Басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова үдемелі жүрек жеткіліксіздігі бойынша жұмыс тобы Пациенттерді басқарудың бірыңғай бағдарламасы мен клиникалық хаттамасы әзірлегенін, Қан айналымын механикалық қамтамасыз етуде науқастардың бірыңғай тізілімі жасалғанын, имплантацияланған құрылғысы бар науқастардың бірыңғай күту жүйесі құрылып жатқанын айтты. «Бұл шаралардың барлығы заманауи стандарттар мен озық клиникалық тәжірибелерді ескере отырып, пациенттерге күтім көрсетуді оңтайландыруға және емдеу нәтижелерін жақсартуға бағытталған», - деді дәрігер.

Конференция аясында секциялық отырыстар аясында қатысушылар LVAD имплантациясына пациенттерді қалай іріктелетіндігін айтып, Астана, Алматы, Шымкент пен Тараз қалаларында имплантация жасау тәжірибесімен бөлісті (LVAD тек осы қалаларда жасалады), операциядан кейінгі кезеңнің негізгі ерекшеліктерін, амбулаториялық жағдайда пациенттерді бақылау мәселелерін, сондай-ақ LVAD имплантациясынан кейін пациенттерге күтім жасаудағы мейіргерлердің рөлі және т.б. мәселелерді талқылады.

Бүгін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да пациенттерге кеңес беру, LVAD механикалық құрылғысы мен Мitraclip имплантациялау операциялары бойынша шеберлік дәрістері өтіп жатыр. Мәселен, мitraclip операциясын Алматыда алғаш рет профессор Maurizio Taramasso (Цюрих, Швейцария)   басшылығымен жүргізіледі. Бұл MitraСlip жүйесінің көмегімен митральды қақпақшаның эндоваскулярлық клиптеу. MitraClip ашық хирургиялық операция жасауға болмайтын пациенттерге жүрек жұмысын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі. Бұл аз инвазивті процедураны қолдану пациенттің қалпына келу кезеңін қысқартуға мүмкіндік береді, науқастың жағдайының жақсаруы анестезиядан шыққаннан кейін бірден сезіледі. Науқастар тез жазылады. Олардың өмір сүру сапасы едәуір жақсарады, ентігу азайып, жаттығуларға төзімділік артады, медициналық көмекке жүгіну жиілігі төмендейді. Айта кету керек, 2020 жылы MitraClip құрылғысы ең жақсы медициналық технология ретінде Рrix Galien USA (Нобель сыйлығының баламасы) сыйлығымен марапатталған.

Ал LVAD имплантациялау операциясы Анкара (Түркия) профессоры Umit Kervan   қатысуымен СЖЖ диагнозымен жүрек қызметі төмендеген 51 жастағы пациентке жасайды.

 

АЛМАТЫ