Президент • 28 Қыркүйек, 2024

Түркістан – даму динамикасы қарқынды өңір

81 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды. Киелі шаһарға ат басын бұрған Президент алдымен Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті. Одан кейін өңірдің даму ди­намикасын бағамдап, жаңа­дан бой көтерген білім беру, мәде­ниет және спорт нысандарын аралап көрді. Бұған қоса бірқа­тар кәсіпорынға барып, өңірде жүзеге асырылып жатқан инвести­циялық жобалармен танысты.

Түркістан – даму динамикасы қарқынды өңір

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Облыс орталығына өң берген нысандар

Мемлекет басшысы ақын, ғұлама, бүкіл түркі дүниесіне ортақ рухани ұстаз Қожа Ахмет Ясауидің және кесене аумағында жерленген басқа да тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген кесенеде жүргізіліп жатқан кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндалды.

Содан соң Президент «Білім-Инно­вация» лицей-интернатында болды. Оған оқу орнындағы білім беру үдерісінің ерекшелігі мен оқушылардың ғылыми-зерттеу жобалары таныстырылды. Жыл басында жаңа ғимарат пайдалануға беріліп, лицей-интернат Кентаудан Түркістан қаласына көшірілген. Қазір мұнда 500-ден аса оқушы білім алып жатыр.

ап

Лицейде жаратылыстану-математика бағытына басымдық беріледі. Атап айтқанда, физика, химия, биология, математика және информатика пән­дері­нен сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Ұстаздар оқушылардың академиялық жетістіктеріне ден қояды. Нәтижесінде, олар республикалық, халықаралық пән олимпиадаларында және спорт сайыстарында үздік атанып жүр.

Президент оқу және үйірме кабинет­терін, спорт залын аралап көріп, оқу­шылармен әңгімелесті. Мемлекет басшысы еліміздің келешегі жас ұрпақтың қолында екенін айтып, олардың оқуда озат болуына тілектестік білдірді.

Бүгінде Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бо­йынша 14 мың оқушыға арналған 29 мек­­теп салынып жатыр. Сонымен қатар сы­бай­­лас жемқорлық бойынша істі бол­ған тұл­ғалардан тәркіленген қаржыға өңірде 20 білім беру нысаны бой көтереді. Оның 13-і биыл пайдалануға берілмек. Жыл соңына дейін облыстағы 4 апатты және үш ауысымды 5 мектептің мәселесі толығымен шешіледі.

па

Бұған қоса Мемлекет басшысы Түркістан қаласындағы Мұз сарайын аралап көрді. Заманауи үлгіде жабдықтал­ған кешенде шорт-трек, мәнерлеп сырға­нау және хоккей сияқты қысқы спорт түрлерімен жыл бойы айналысуға қажетті барлық жағдай жасалған. Нысанда Италия, Канада, Германия, Финляндия елдерінде шығарылған қондырғылар орнатылған. Арнайы технология алаңның пішінін өзгертуге мүмкіндік береді. Сол арқылы мұз айдынында бір мезгілде бірнеше спорт түрімен шұғылдануға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұз сара­йын­дағы балалардың өнерін тамашалады. Сондай-ақ бапкерлермен және спортшылармен кездесті. Сонда Прези­дент отандық спортшыларды әр­дайым қолдайтынын, жетістіктерін бақы­­лап отыратынын айтып, оларға сәтті­лік тіледі. Жергілікті «Turan Tigers» хоккей клубының спортшылары Мемлекет басшысына команданың жейдесін сыйға тартты.

Жалпы, Түркістанды әлеуметтік-эконо­микалық дамытудың 2021-2025 жылдарға ар­налған кешенді жоспарына сай облыс ор­та­лығында «Түркістан-арена» стадио­ны, көпбейінді «Олимпик» орталығы және Бекзат Саттарханов атындағы спорт ке­шені, «Тұран» футбол академиясы­ның ғи­мараты бой көтерген. Сонымен қатар 7 тен­нис корты салынып, жалпы ұзын­­ды­ғы 51 шақырым веложол төселген. 

Бұдан кейін Президент Түркістанда жаңадан бой көтерген «Достық үйінің» жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен салынған кешенде «Қоғамдық келісім» мекемесі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ардагерлер кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі, сондай-ақ аймақтағы 11 этномәдени бірлестіктің өкілдіктері орналасқан.

па

Мемлекет басшысы ғимаратты аралап көріп, жергілікті зиялы қауыммен және Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен жүздесті.

– Қастерлі Түркістан жеріне арнайы келіп отырмын. Түркістан өңірінің келешегі жарқын деп ойлаймын. Жастарымызға үлгі-өнеге көрсетіп жүрген ардагерлерге алғыс айтқым келеді. Ең алдымен, жастарға қолдау білдіруіміз керек. Біз бәріміз бірігіп, ел үшін еңбек етуіміз қажет. Сырттан келетін тәуекелдер аз емес. Ахуалды жақсы білесіздер. Түркістан облысында 50 ұлт өкілі тұрады. Ауызбіршілікті сақтау және елімізді дамыту жолындағы ерен еңбектеріңізге ризашылық білдіремін. Қазақстанда ешқашан ешқандай фобия болған емес, болмайды да. Біз – бірлігі мығым, толерантты, ұстамды әрі еңбекқор халықпыз. Ең бастысы – осы. Сондықтан ынтымағы жарасқан қоғамның іргесін әлі де бекіте түсеміз, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркістанның көрікті, таза қалаға айналғанына назар аударды. Бұл ретте Түркістанға облыс мәртебесін берген еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі зор екенін атап өтті.

Кездесуде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов Түркі­с­танның облысқа айналған сәтінен бері орын алған оң өзгерістерге тоқталып, халық саны тығыз орналасқан өңірге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғыс айтты.

 

Өңірдің әлеуеті өндіріс орындарынан көрінеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі инвестициялық жобалар шоғырланған «SPK Turkistan» өндірістік паркін аралап көрді.

ва

Өндірістік парктің құрылысы 100 гектар жерге салынады. Құрылыс екі кезең бойынша жүзеге асырылады. Индустриялық алаңның бірінші кезеңінде 30 гектар жер телімі бөлініп, тиісті инфрақұрылыммен және коммуникация желілерімен қамтамасыз етілді. Бастапқыда жалпы құны 96,9 млрд теңгені құрайтын 29 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде инвестиция көлемі 36,5 млрд теңге болатын 8 өндіріс іске қосылып, 712 жаңа жұмыс орны ашылды.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, көкөніс сақтау қоймасымен таныс­ты. Мұнда 3,5 мың тонна көкөніс пен 500 тонна бакалея өнімдерін сақтап, Түркістан, Кентау және Арыс қалаларын маусымаралық кезеңде азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Жобаны «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен «М-Адал» компаниясы жүзеге асырды. Алдағы уақытта аймақтағы Леңгір, Жетісай, Шардара, Сарығаш секілді ірі елді мекендерді әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін Сарыағаш қаласынан 2 мың тонналық қойма салу жоспарланған.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаң­быр­латып және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын «BNK Group» серіктестігінің өндіріс цехтары таныстырылды. Кәсіпорын америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, «BNK Irrigation» сауда белгісімен айналмалы және фронтальды жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Келесі кезекте тамшылатып суару қон­дырғыларын шығаратын екі зауыт ашуды көздеп отыр. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл 2030 жылға дейін облыста 216,3 мың гектар жерге су үнемдеу технологиясын енгізуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысы білім беру мекемелеріне арналған жиһаз шығара­тын «Аqniet Holding» өнімдерін көрді. Кейінгі үш жылда компания 50-ге жуық мектепті жабдықтаған. Мұнда «Жайлы мектеп» стандартына сай жиһаздар, «KazMedPribor» компа­ния­сымен бірлесіп, медицина мекеме­леріне арналған жабдықтар жасалады.

Бұдан кейін Президент тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіре­тін «Jasyl suyq Qazaqstan» кәсіпорны­ның өндіріс алаңына барды. Өнімдерін Орталық Азия елдеріне импорттап келе жатқан болгариялық «UBC Group» холдингі Түркістан облысында екі ірі өндіріс желісін ашу жөнінде шешім қабылдаған. Инвестор жобаның бірінші кезеңіне 5 млн еуро көлемінде қаржы құяды. «SPK Turkistan» аумағындағы өндіріс алаңында 350-ге жуық жұмыс орны ашылады. Ал «Тұран» арнайы эконо­микалық аймағында іске қосы­латын екінші зауытқа 7,5 млрд теңге инвестиция салынады. Нәтижесінде, айына 10 мыңға дейін тоңазытқыш жабдығын шығарып, мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Turan Su» мекемесінің қызметі­мен таныс­ты. 2019 жылы құрылған кәсіпорынның негізгі міндеті – мемлекет меншігін­дегі ирригациялық жүйелер мен гидрология­лық құрылыс жайларын күтіп ұстау, жөндеу және реконструкциялау, елді мекендерді ағын сумен қамтамасыз ету. «Turan Su» басшылы­ғы жұмысты тиімді ұйымдастырып, та­бысты еселеу арқылы қосымша инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыра бас­таған. Атап айтқанда, биыл кәсіпорын индустриялық парк аумағында жылына 9 мың гектарға тамшылатып суару жүйесін шығаратын өндірісті іске қосты. Келешекте кәсіпорын суару жүйелеріне арналған параболалық науалар өндірісін жолға қоймақ.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, өңір экономикасының дамуына тың серпін беру үшін Түркістан облысында 2024-2027 жылдар аралығында жалпы құны 2,5 трлн теңге болатын 145 инвес­тициялық жобаны жүзеге асыру – басты мақсаттардың бірі. Нәтижесінде, 20 мың­нан аса жаңа жұмыс орны пайда болады.

Президентке қытайлық «Xinjiang Lihua (Group) Co.Ltd» компаниясымен өңірде мақтаның элиталық сұрыптарын өсіру және тоқыма кластерін құру жө­нін­д­е келіссөздер жүргізіліп жатқаны баяндалды.

Бұған қоса ірі жобалардың қатарында қуаты 926,5 МВт бу-газ қондырғысының, 800 МВт күн және жел электр станса­ларының, Түркістан қаласындағы бес жұлдызды қонақүйдің құрылысы, дрон және бейнебақылау камералары, газ қазандықтары, тұрмыстық техника, тау-кен және металлургия кешеніне арналған құрылғылар, алюминий бұйымдар өндірісі секілді маңызды бастамалар бар.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына бойлерлер, трансформаторлар мен электр техникасы жабдықтарын, ауыл шаруашылығы техникасын, құрылыс материалдары мен химиялық заттар өндіретін, жүгеріні терең өңдейтін, сусын, киім-кешек, аяқкиім, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорындар таныстырылды.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың ауыл шаруашылығы өнім­дерінің көрмесін аралады. «SPK Turkistan» өндірістік паркінде ұйымдасты­рыл­ған көрмеге ет, сүт және балық өнім­дері, сусын, балмұздақ, шоко­лад түр­лері, сондай-ақ ірі ауыл шаруа­шы­лығы бірлестіктері өсірген жеміс-жидектер мен көкөністер қойылған.

Президентке өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, об­лыс­та ауыл шаруашылығы дақылдары­ның өнімділігін арттыруға, су үнемдеу технологияларын енгізуге, жылыжайларды көбейтуге және инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыруға ден қойылмақ. 2030 жылға қарай өңірде суармалы жерлердің 40 пайызына су үнемдеу технологиялары енгізіліп, аумағы 602 гектарды құрайтын жаңа жылыжай кешендері іске қосылады. Сонымен қатар алдағы үш жылда 105 инвестициялық жобаны жүзеге асыру арқылы 8 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкер­лермен әңгімелесіп, ауыл шаруашы­лығының өнімділігін арттыру мәселесі жөнінде пікір алмасты.

– Жұмыс өте сәтті жүзеге асырылып жатыр екен. Үкімет өңірге көмек көрсетеді. Түркістан облысының жағдайы жаман емес. Әкім жақсы жұмыс істеп жатыр. Қолынан іс келеді. Сондықтан облыстың келешегі зор деп ойлаймын. Баршаңызға сәттілік тілеймін, – деді Президент.

Бұған қоса Мемлекет басшысы су үнем­деу технологиясын енгізудің маңыз­ды екеніне назар аударды.

 

Ордабасыдағы оң істер

Осыдан кейін Президент Ордабасы ауданының Бадам аулында орналас­қан «Бөрте Милка» ЖШС тауарлы сүт фермасын аралап көрді. 2016 жылы негізі қаланған бұл кәсіпорын Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесіне сүйеніп биыл 403 бас сиыр сатып алды. Нәтижесінде, қосымша 15 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жобаға мемлекеттен жылдық мөл­шер­лемесі 2,5 пайыз болатын жеңіл­детілген 2,4 млрд теңге несие берілді. Бүгінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Ферма «DeLaval» швед те­х­нологиялық кешенімен жабдықталған.

Ферма тәулігіне 25 тонна сүт өңдеп, 20-дан аса өнім түрін шығарады. Кәсіп­орынның тауары негізінен Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына, сондай-ақ Шымкент, Алматы қалаларына жеткізіледі.

па

Сонымен қатар Мемлекет басшысы аталған ауданда «Jnray Group» серіктестігі биыл іске қосқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты.

Аумағы 6 мың шаршы метр болатын жеңіл өнеркәсіп нысанын ашуға мем­лекеттік индустрияландыру бағдар­ла­масы аясында 1,4 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев фабрикада киім-кешек, төсек жабдықтары және арнайы киім түрлері шығарылатыны жөнін­де хабардар болды. Бүгінде кәсіп­орында 300 адам жұмыс істейді. Келешекте өнім түрлерін көбейтіп, тігіншілер санын 500-ге дейін жеткізу жоспарланған. Қажетті шикізат көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдерінен жеткізіледі.

Мемлекет басшысы тігін цехын аралап көріп, өнім үлгілерімен танысты.