Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақша нұсқасы түсініксіз
Экономист Ғалымжан Керімбектің айтуынша, кодексті қазақ тілінде оқу мүмкін емес. Тіпті мамандардың өзі орысша оқып, түсінеді екен.
– Қазіргі Салық кодексін оқу өте қиын. Қазақшаға дұрыс аударылмаған. Көп түзету енгізбесек, ешкім түсінбейді. Салық кодексінің қазақша нұсқасына назар аудармастан, орысша нұсқасын қолданып жүре береді. Қанша жылдан бері қолданылып келген «Салық салынатын табыс» ұғымы жаңа кодексте «Салық салынатын кіріс» деп өзгертілген. Не себепті? Осыған жауапты орган табыс пен кірістің айырмашылығын білмей ме? Оқып отырып, экономикалық сауаты аз мамандарға аудартқан ба деп ойлайсың. Бұл мәселе ғалымдар мен кәсіби мамандармен бірлесе отырып талдауды қажет етеді, – дейді сарапшы.
Экономистің жанайқайынан кейін біз де кодексті ашып, оқып көрдік. Ана тілімізде жазып-сызып жүрсек те, ұға қоймадық. Расында, орысша нұсқасы ұғынықтырақ екен. Кодексті оқуын оқып, түсінбегенімізге қысылып отыр едік, осы саланың қазанында қайнап жүрген сарапшы «менің өзім түсінбей қаламын» деді.
– Себебі ішіндегі ұғымдар мен терминдер немқұрайлы тәржімаланған. Мәселен, «қосымша құн салығы» емес, «қосылған құн салығы» болуы керек. Орысшасы «налог на добавленную стоимость». Сіз тауарды 100 теңгеге алып, 120 теңгеге сатсаңыз, үстіне қосылған 20 теңгеден салық төлейсіз. Ал «қосымша» деген сөзді пайдалану ұғымның мәнін ашпайды. «Жылдық жиынтық табыс» дегенді де, «жылдық жиынтық кіріс» деп қате берген. Бұл екеуі үдерісте мүлде екі түрлі, бір-бірімен үйлеспейтін ұғымдар. Мұндай мысалдар өте көп. Көріп отырып, қарның ашады, – дейді Ғалымжан Керімбек.
Дәреженің төмендігі – дамуға тежеу
Екінші өзекті мәселе – салық органдарының дәрежесі. Салықтар мен төлемдердің тиiмдiлігі өндiрiстiк үдеріс кезiнде ұтымды экономикалық жүйе құруға көмектеседі. Бұл фактордан айналып өте алмайтынымыз анық. Экономист салық қызметі органдарының қоғамдағы беделі төмен деген пікір айтты. Сол себепті, салық төлеуден жалтаратындар, кешіктіретіндер көп. «Салық органы әкімдіктен де биік болуы қажет», деді ол.
– Бұл мәселенің шешілуіне маман ретінде біршама ұсынысым бар. Олардың мәртебесін көтеруге «біршама қажеттілік» бар. Соны тізіп шығайын: Арнайы орган ретінде мәртебесін көтере отырып, арнайы киім үлгісімен қамтамасыз ету керек; Жұмысқа алынатын қызметкерге қойылатын талапты күшейтіп, жауапкершілігін арттыру қажет; Салық мамандарына мемлекеттің ең сенімді өкілі ретінде ант беру рәсімін енгізген жөн; Салық қызметкерінің құқығы мен міндеті мемлекет тарапынан қорғалуы абзал; Салық қызметі органдарының қызметкеріне жоғары жалақының берілуі, әлеуметтік пакеттердің болуы қажет. Осының бәрі салық қызметі органдарының беделін көтереді әрі сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, – деді Ғалымжан Керімбек.
Үкімет не дейді?
Ұлттық экономика министрлігі 2026 жылдың басынан бастап жаңа Салық кодексі қолданысқа енгізілетінін айтқан еді. Оның негізгі міндеттеріне салық режімдерін оңтайландыру, жеке табыс салығы мөлшерлемелерін саралау, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданбай салық берешегі шегін ұлғайту, тек салық берешегі шегінде шектеулер қою кіреді. Осының бәрі мемлекеттің қажеттіліктері мен бизнес мүмкіндіктері арасындағы тепе-теңдікті сақтауға көмектеседі. Айтпақшы, 2025 жылдың соңына дейін салықтық әкімшілендірудің бірыңғай ақпараттық жүйесін енгізу де көзделіп отыр.
– Біз ұсынған жаңа тәртіп бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни, шамамен 74 мың теңгеге дейін қарыз үшін шара қолданбаймыз. Тек «берешегіңіз бар, сондықтан өсімпұл есептеледі» деп ескерту жібереміз. Аз сомаға қатаң шара қолданбай, борышкердің одан арғы іс-әрекетін бақылаймыз. Егер ескертуді орындамай, қарызы 45 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 166 мың теңгеге дейін өсетін болса, хабарлама жіберіп, шара қолданамыз. Құжаттың маңызды бөлігі жеке тұлғаларға салынатын салыққа қатысты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төлемдер жеке табыс салығынан босатылады. Турасын айтқанда, зейнетақыдан салық ұсталмайды. Ал аса қымбат жылжымайтын мүлік иелері «сән-салтанат» салығын төлейді, – деген еді осы тұрғыда Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Салық кодексі салық төлеушілерге түсінікті, қолдануға жеңіл құжат болуға тиіс. Осыған орай Үкімет салықтар мен төлемдердің санын азайтуды, артық салық жеңілдіктерін жоюды, мүмкін болған жағдайда салық мөлшерлемелерін төмендету шараларын қарастырып жатыр.
– Салық төлеушілердің барлық санатына «әмбебап» ынталандыру беріледі. Ғимарат, құрылыс, машина, түрлі жабдық сатып алу және салу шығындарын 100% шегеру түрінде бір жолғы инвестициялық салық преференциялары ұсынылады. Өнім өндіру мен сатуға табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі ұсынылады. Шикізатты қайта өңдеуге қосымша құн салығы бойынша ынталандыру да беріледі. Салық бойынша қарызы бар кәсіпкерлердің барлығының есепшоты бұғатталып, мүлкі тәркіленбейді. Сараланған тәртіп қолданылады. Болмашы берешекке бола бизнес жапа шекпеуге тиіс. Салықты уақтылы төлемей, ескертуге құлақ аспағандар ғана жазаға тартылады, – деді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Ұстамды ұсыныстар
Енгізіліп жатқан өзгерістерге қатысты Ғалымжан Керімбек өз ұсыныстарын айтты. Біріншісі – тікелей, жанама салықтарды оңтайлы ұштастыру. Елімізде тікелей, жанама салықтардың оңтайлы үйлесуі – әртүрлі экономикалық факторды мұқият есепке алуды талап ететін күрделі міндет. Жеке тұлғалардың табысынан жеке табыс салығы, заңды тұлғалардың табысынан корпоративтік табыс салығы алынады. Қосылған құн салығы (ҚҚС) мен акциздер салығы жанама салық түрінде сату нүктесінде тауар мен қызметтен ұсталады. Салықтың осы екі түрін тиімді үйлестіруге уәкілетті органдар экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқатқа ықпал ету мақсатында кіріс қажеттілігін теңестіруге тиіс.
Екінші ұсынысы – үдемелі табыс салығы мөлшерлемесін енгізу жұмысы. Себебі жеке тұлғалардың табысы мен табыс салығына үдемелі салық мөлшерлемесін енгізу бірнеше әлеуетті нәтиже береді. Біріншіден, үдемелі салық жүйесінің негізінде табысы жоғары тұлғалар табысының көп пайызын, ал табысы төмен тұлғалар табысының аз пайызын салық түрінде төлейді. Бұл кірістердің теңдігіне әкеледі, себебі табысы көп тұлғалар Үкіметтің кірісіне өз ресурстарының мол үлесін қосады. Екіншіден, бұл табысы жоғары адамдарды инвестициялауға немесе жаңа бизнес құруға ынталандырады. Бұл экономикалық өсім мен елде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына оң әсер етеді.
2001 жылдан бері елімізде Салық кодексі бірнеше мәрте қабылданып, мыңдаған түзету мен өзгерту енгізілді. Салдарынан кәсіпкерлер белгісіздікке ұрынды. Әрі жыл сайынғы жаңалықтарды бақылап, бейімделу де оңайға соқпайды.