Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің пікірінше, мұндай форумды жыл сайын өткізу қажет. Өйткені бұл жаңашыл жастардың жетістікке жетуіне ықпал етеді. Екі күндік форумда жасанды интеллект, маркетинг, музыка және кинематография, театр, хореография бағытындағы жаңалықтар мен түйткілдер талқыға түсті. Демек, бұл – жастарға өзара пікір алмасатын, тәжірибе бөлісетін алаң.
Мәселен, былтырғы форумға «Музыка» бағыты бойынша қатысқандардың қатарында атыраулық «KEZEN» тобы бар. Бұл топ Астанада өткен «YouFest» фестиваліне шақырылып, алғаш рет эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті. Ал Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Орынбасар Нариман «Кинематография» бағытында тәжірибе жинаған. Ол отандық фильмдерге қозғалып тұратын афиша ұсынған еді. Оның бұл жобасы еліміздің әр өңірінде көрсетілді.
«Қазір әлемде күн сайын дерлік өзгеріс болып жатыр. Заманауи мәселелер де туындайды. Осындай сәтте жігерлі әрі шығармашыл жастардың орны да, үні де ерекше маңызға ие болады. Жас буынның ой-пікірі мен ұсыныстары біздің өңірдің ғана емес, еліміздің дамуына жаңа серпін береді. Сол себептен осы форум аясында алмасқан тәжірибелер мен идеялар жарқын жобаларға жол ашады деп үміттенемін. Бірлескен жұмыстардың нәтижесінде, қоғамның демократиялық үрдіспен дамуына, экономика мен руханияттың алға басуына бастайтын маңызды жобалар іске асырылатынына сенемін», деді С.Шәпкенов.
Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың пікіріне сүйенсек, өңірлерде кадр тапшылығы бар. Сол себептен жастар еңбек жолын өңірде бастағаны жөн.
«Бұл жастарға жергілікті тұрғындардың тыныс-тіршілігімен, түйткілді мәселелерді шешу жолымен жете танысуы үшін қажет. Өңірдегі тұрғындардың тұрмысын көріп, тәжірибе жинақтай алады. Сондықтан жастардың назарын осы мәселеге аударғым келеді. Еліміздегі өзекті мәселенің бірі – жастарды жұмыспен қамту. Оларды жұмысқа орналастыруға байланысты бірнеше бағдарлама іске асырылып жатыр», деді Қ.Қамбаров.
Форумның алғашқы күнінде Дамир Төленов «Маркетинг» бағытында дәріс өткізді. Отандық кәсіпкер цифрлық маркетолог ретінде танымал. Ол бес айда «TikTok»-та 160 мың, Instagram-да 90 мың ізбасар жинап, еліміздегі ең қымбат продюсерлік компанияның негізін қалаған. Сондай-ақ өткен жылы 150 мыңнан аса жазылушы жинап, 300 млн теңге табыс тауыпты. Ал шәкірттерінің жеке брендинг арқылы тапқан табысы 900 млн теңгеден асқан. Оның жұмысы мен тәлімгерлігі көп жастың табысқа жетуіне, қаржылық сауатын жетілдіруіне жол ашқан.
Ол маркетинг бағытындағы шеберлік сағатының алғашқы күні челлендж жариялады. Сөйтіп, қатысушылар арасынан шыққан еріктіге сабақ соңына дейін 150 мың теңге ақша табуды ұсынды. Оның дәрісін тыңдағандардың бірі Сұлубике Каримова тәлімгерлікке бет бұрған. Жеке кәсібі де бар.
«Сұлубике Каримова менің кеңестерімді пайдаланып, берілген тапсырма бойынша әрекет етті. Жеке курсын сату арқылы 1 млн 75 мың теңге көлемінде табысқа кенелді. Демек менің дәрісімнің жастарға пайдасы тиіп тұр», дейді Д.Төленов.
Ал Нұрсұлтан Қалдыбай Ақтөбе қаласында тұрады. Форумға қатысуға арнайы келіпті. Ол да маркетингтің қыр-сырына қанығып, тәжірибесін жетілдіру мақсатында челленджге қатысты. Өзінің авторлық сағатын сатып, 185 мың теңге табыс тапты.
Атырау облысы