Осыдан үш жыл бұрын облыста небары төрт-ақ инклюзивті қолдау кабинеті болса, бүгінде оның саны 24-ке жеткен. Биыл Әулиекөл, Федоров, Жангелді, Қамысты аудандарында тағы төрт кабинет ашылды. Жаңа кабинеттерді қажетті дүниелермен жабдықтап, балалардың игілігіне өткізіп беру үшін өңір бюджетінен 34 млн теңге бөлінген.
Мұндай кабинеттердің, әсіресе шалғай ауыл мектептерінде ашылып жатқаны қуантады. Шалғай елді мекендердегі инклюзияны қолдау сыныптары баланың алыстағы қалаға сабылмай-ақ, өз ауылында, ата-анасы мен бауырларының жанында білім алуына, қатарластарымен араласып, көпшілік ортаға тез бейімделіп кетуіне мүмкіндік туғызып отыр.
Таяуда Федоров ауданындағы Абай мектебінде тағы бір инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Кабинетте педагог-психолог, логопед-мұғалім, педагог-ассистент жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, мұнда ерекше балалардың мектеп өміріне араласып кетуіне бар жағдай жасалған. Балаларды бейімдеуге арналған заманауи жабдықтар, тренажерлер, спортпен айналысатын, демалатын, баланы сергітетін арнайы орындар бар.
«Кабинеттің ашылғанына көп болған жоқ. Бәріміз қуанып жатырмыз. Осының арқасында баламыз қыркүйек айынан бері қатар-құрбыларымен бірге оқып, араласып, дос тауып жатыр. Көптен күткен арманымыз осы болатын. Балама да ұнайды. Мектепте жасалып жатқан жан-жақты қолдау өз нәтижесін береді. Баламыздың денсаулығының жақсаруына, сапалы білім алуына пайдасын тигізеді деп ойлаймын», дейді Абай мектебінде білім алып жатқан ерекше баланың анасы Әсел Сұлтан-Мәжит.
Бүгінде өңірдегі жиырмадан астам инклюзияны қолдау кабинеті ерекше білім алуға мұқтаж 280 балаға жан-жақты көмек көрсетеді.
Қостанай облысы