Спорт • 28 Қыркүйек, 2024

Шавқат чемпиондық тәжге таласуға лайық

152 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жек әлеміндегі ең белді промоушен UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мұхаммад қазақтың қайсар ұлы Шавқат Рахмоновпен күш сынасуға ниетті екенін білдірді. Егер қос тарап ортақ мәмілеге келсе, онда қандасымызға төрткүл дүниенің теңдессізі атануына тамаша мүмкіндік туындайды.

Шавқат чемпиондық тәжге таласуға лайық

36 жастағы Белал Мұхаммад АҚШ-тың Чикаго қаласында туып-өскенімен, оның шыққан тегі – палестиналық. Кезінде болашақ чемпионның ата-анасы сұрапыл соғыстан қашып, Иордан өзенінің жағалауынан Америкаға келіп бас сауғалады. Бала кезінен спортқа құмар болған Белал бокс, күреспен айналысып, бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері атанды. 24 жасқа толған шағында аралас жекпе-жекке мықтап ден қойды. 2012 жылдың жазында тұсаукесер кездесуін Индиана штатындағы Валпарейзо қаласында жерілікті спортшы Джастин Брокқа қарсы өткізіп, оны бірінші раундта-ақ ұрып жықты.

2016 жыл Мұхаммадқа сәтсіз болды. Алғашқы төрт жыл ара­лығында тоғыз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жет­кен ол аталған маусымда қата­рынан екі рет жеңілістің кермек дәмін татты. UFC-дегі тұсаукесер бәсекесінде Алан Джубаннан ұпай санымен ұтылса, көп кешікпей Висенте Лукенің қарқынды шабуылына шыдай алмады. Бірақ бұл сәтсіз­діктер палестиналық оғыланның сағын сындыра алған жоқ. Одан кейінгі екі жылда кейіпкеріміз Ренди Браун, Джордан Майн, Тим Минс, Шанс Рен­кунтреге сан соқтыр­ды.

Соңғы рет Белал 2019 жылдың 19 қаңта­рында жеңілді. Нью-Йоркте ұйымдастырылған жарыста ол Нил Джеффке ұпай санымен есе жіберді. Содан бергі бес жарым жылдан аса уақыт ара­лығында Чикаго тумасының тегеуріне ешкім төтеп бере алмады. Палестиналық файтер Кер­тис Миллендер, Такаши Сато, Лайман Гуд, Диего Лима, Демиян Майя, Стивен Томпсон, Висенте Луке, Шон Брэди, Гилберт Бернстен басым түсті. 2021 жылғы 13 наурызда Мұхаммад Леон Эдварспен күш сынасты. Бәсеке қызған тұста Леон Белалдың көзін шұқып алды. Соның салдарынан ол кездесуді жалғастыра алмады. Ақыры бұл жекпе-жек есепке алынбады.

Биыл 27 шілдеде Белал Леон Эдварспен қайта жолықты. Ұлы­британияда тұрып жатқан Ямайканың тумасы осыдан екі жыл бұрын нигериялық Камару Усманды «хэд-кик» әдісімен ұрып жығып, UFC чемпионы атанған еді. Одан кейін ол алтын белбеуін екі мәрте сәтті қорғады. Алдымен қайта Камаруды қапы қалдырса, іле-шала Колби Ковингтанның осал тұсын тапты. Англияның Ман­честер қаласында өткен айқас Мұхаммадтың пайдасына ше­шілді. Америкадан келген жігіт барлық компоненттерде жергілікті файтерден басым түсті. Бәсеке аяқталғаннан соң төрешілер бірауыздан жеңісті соған берді. Сөйтіп, Белал Мұхам­мад әлемдегі ең белді про­моушеннің жартылай орта салмақтағы чемпионы атанды. Ол октагонда барлығы 28 кездесу өткізіп, 24 рет жеңіс тойын тойлады. Алты айқасты мерзімінен бұрын аяқтады.

– UFC чемпионы болған рахат екен. Мен қазір алып таудың ең биік шыңында тұрғандаймын. Өзге спортшылар төменде тұ­рып, маған қызыға да, қызғана қа­райтындай. Олардың дені менің алтын белбеуімді тартып алуды армандайды. Үнемі жекпе-жекке шақырып әлек. Ал таңдау – менде. Кімді қаласам, сонымен жұдырықтасамын. Қазір көпшілік менің Камару Усман немесе Шавқат Рахмоновпен күш сынасқанымды қалайды. Камарумен маған қызық емес. Оны бұған дейін екі рет ұттым. Оның үстіне ол қатарынан үш мәрте жеңілді. Шыны керек, Усман қартайып қалды. Сондықтан да мен Шавқатты таңдаймын. Біріншіден – ол жас, екіншіден – әлі де жеңілістің кермек дәмін татқан емес. Егер қазақты ұтсам, UFC-дегі беделім одан әрі арта түсетіні анық. Сонда менің нағыз чемпион екеніме ешкімнің күмәні болмайды. Сол себепті де дәп қазір Рах­мо­новпен айқасуға ниет­тімін, – дейді Мұхаммад Белал.

Ал Шавқат Рахмоновтың жүріп өткен жолы барша қазақ жан­күйерлерінің көз алдында. Келесі айда орда бұзар 30 жасқа толғалы отырған қандасымыз спорттың бұл түрін серік еткелі 10 жыл болды. Сол аралықта 18 рет октагонға шығып, барлық бәсе­кеде айқын басымдық танытты. «Номадқа» қарсы шық­қан жігіттердің бірде-біреуі ай­қас­тың соңына дейін шыдамады. Рахмонов 2020 жылдан бері UFC-де өнер көрсетеді. Сол төрт жыл аралығында қазақтың қайсар ұлы бразилиялық Алекс Оливера («қылғындыру») мен Ми­шел Празейрес («қылғын­дыру»), гайаналық Карлстон Харрис (аяқ­пен теуіп құлатты), аме­­ри­ка­лық Нил Мэгни («қыл­ғын­дыру»), Джеф Нил («қыл­ғын­­дыру»), Стивпен Томпсон («қыл­­ғындыру») сынды саңлақтар­дың тас-талқанын шығарды. Осы де­ректердің өзі-ақ Шавқаттың чемпиондық тәжге таласуға лайық екенін айғақтап тұр.